Қазақтың ең үздік 25 кітабы.

Қазақ көркем әдебиетін 25 орынға сыйдыру мүмкін емес. Бұған тіпті 25 000 орын да аздык етер еді. Әлқиссадан бастасак, сонау Жиренше шешен мен бүгінгі ақын-жазушылар толғамынан туған әдеби туындылардың қай-қайсы да сүттің бетіндегі қаймақтай. Қайсы болмасын қазақ үшін маңызды һәм өзекті. Десек те дүйім жұрт біліп жүрсін деп, қазақ алыптарының кітаптарынан “shortlist” жасау бүгінгі оқырман үшін керек-ақ. Ал әр туындыны рейтинг іспеттес сатылау - бұл ақын-жазушылардың бірінен-бірінің артықшылығын көрсетуден туған идея емес, керісінше осы туындылардың өзара рухани және тарихи сабақтасуы негізінде қалыптасқан төл әдебиетіміздің даму үрдісінің көрсеткішін көрсету. Егер тарихқа қарайтын болсақ, ұлт болып қалыптасып, бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаруымыз - осы әдебиетіміздің ұлт санасының рухани жетілуіне қызмет етуінің жемісі. Сол себептен, "Әр қазақ бұл кітапты оқымаса, ұлттық болмысын жете танымай жүр" - деп айтуға болатындай қазақ кітаптарының “Shortlist” нұсқасын шығарып, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. Абай Құнанбайұлы , «Қара сөздер» мен таңдамалы өлеңдер
Көлемі кішкене, ал тереңдігі мұхитқа пара-пар Абай шығармашылығын қазақ халқы зерттеп келеді, зерттейді және әлі де зерттемек. Абай шығармашылығының ерекшілігі осы: "Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген" өлеңдерінде Абай адам болмысын, қазақ табиғатын, оның ұлттық ерекшеліктерінің сипатын, "адам не қылса бақытты болар еді" - деген сұраққа жауап іздеген адамның істері мен сөздерін суреттейді.
Абай - бұл Қазақ. Қазақ бұл - Абай. Абайды ұмытқан қазақ - шала қазақ. Тазалық иманның жартысы болса, бізде Абай - Қазақтың жартысы. Абай - білмегенге маржан, бұлақ басы. Білгенге нұр, жол көрсетер жұлдызы. Абай - прогресстің, оңалудың, дамудың, демократияның, рухани жаңарудың символы. Жаңашылдық немесе кешегіден бүгін өзгеше болудың, бүгінгіден ертең жақсырақ болудың кілті Абай шығармшылығында бұлақтай сарқырап жатыр. Әркім керегінше, әркім Абайды түсінгенінше алсын. Мұхаммед Пайғамбар соңғы елші болмағанда, Қазақ үшін ол Абай болар еді. Абайдың ұлылығы оның жаңашылдығында. Абайды "жазуын жазды, бірақ істемеді" - дейді Мұхтар Шаханов. Десек те Абайдың жазуының өзі жаңашылдық еді. Жазба әдебиетіне негіз салып кеткен Абай болмаса, 20-ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы кімнен рухани және біліми тәлім алар еді? Сонысымен Абай бүкіл қазақтың ұстазы, ал шығармашылығы әрбір қазақтың рухани әліпбиі.
2. Мұхтар Әуезов, «Абай жолы»
М.Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, шығармалық және қайраткерлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған. «Абай жолы» эпопеясының ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ана тілімізді өркендетудегі рөлі орасан зор. Эпопеяның кең мағынасында тарих, этногрофия секілді ғылымдар тұрғысынан қарағанда да танымдық мәні аса күшті екенін кезінде академик Қ.Сәтбаев атап көрсеткен болатын. «Абай жолы» дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды. (Д.Мәсімхан)
3. М. Дулатов, «Бақытсыз Жамал»
М. Дулатовтың 1910 жылы жарық көрген романы - жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. "Бақытсыз Жамал" қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман. Бұл шығарма сол кездегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналған. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылып, әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндалды. "Бақытсыз Жамал" романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы.
4. Жүсіпбек Аймауытов, «Ақбілек» романы.
Бұл шығарма қазақ қызының қиындыққа толы тағдыры арқылы XX ғасырдың басындағы қазақ халқының өмірін, әлемдік саяси оқиғалар аясында өзгеріске ұшыраған тұрмыс-тіршілігін, адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысын шынайы сипаттайды. Ата мен ананың ортасында еркін өсіп келе жатқан Ақбілектің бақытты ғұмыры оның ақ гвардияшы солдаттардың қолына түскен сәтте аяқталып, зорлық пен зомбылыққа толы өмірі басталады. Азамат соғысы біткен соң, ақтар қазақ жерін тастап қашқанда ғана басына бостандық тиген Ақбілектің ендігі өмірі де қайғысыз болған жоқ. Алайда ел ішіндегі өсек-аян мен жанашыр деген жандардың опасыздығына қарамастан, тағдырдың талқысына мойымаған, келешегінен үмітін жоғалтпай күрескен Ақбілекті жарқын болашақ күтіп тұр еді.
5. Мағжан Жұмабаев, таңдамалы шығармалары мен өлеңдері
Көрнекті жазушы, ақын, публицист. Мағжан поэзиясының жоғары идеялығы, отаншылдық, ұлттық рухқа толы болуы, өлеңдерінің ерекше бейнелілік, көркемдік формасы, жаңашылдығы заманынан басы озық, ілгері кеткен ақын екендігін көрсетеді. Мағжан жалынды жырларымен ұлттың рухын көтерген алаш ұлдарының бірі болды. Мағжан – лирик ақын, сыршыл ақын. Өлеңдері романтикалық асқақ сезіммен өрілген. Жан тербетеді, адамды нәзік сұлу сезімдерге бөлейді. Мағжан – эпик ақын. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған. Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңіріп, орыс тілін жетік білген. Соның арқасында ол Пушкин, Лермонтов, Горкий, Байрон, Гете секілді орыс, батыс ақын-жазушыларының шығармаларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырды. Әдеби туындылармен бірге Мағжанның қаламынан туған оқу құралдары да көпшіліктің қызметіне жарап жатыр. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер әлемдік педагогиканы қазақтың ұлттық ерекшеліктерге сай етіп, "Педагогика" атты кітап және төменгі сыныпқа арналған "Сауатты бол" атты оқулық жазады.
6. Міржақып Дулатұлы, «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы.
Міржақып Дулатұлының қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатын шығармасы. «Оян, қазақ» қолдан қолға, ауыздан ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақынның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті. Міржақып осы отты өлеңі арқылы бүгінде қазақ байтағын індеттей жайлаған бойкүйездік, самарқаулық, жалқаулық, еріншектік - қысқасы ұлтымызды ұлық істерден кері тартып отырған барша кесапаттарды тап басып айта білген, содан арылуға үндейді, намысқа шақырады.
7. Шәкерім Құдайбердіұлы , «Үш анық», өлеңдері мен шығармалары
Қазақтың ары кім, иманы кім, ұяты кім десек, есімізге Абайдан кейін алдымен Шәкерім Құдайбердіұлы түсетіні дүйім жұртқа белгілі. Қазақта екі шың болса, соның бірі Шәкерім. Оның биязы көркем мінезінен қалыптасқан тұлғалық ойлары қағаз бетіне қазақты құтқарушы, бағдары һәм шамы іспеттес өлең жолдары болып түсті. Бұл заман болсын, кешегі яки ертеңгі заман болсын, адам үшін екі дүниеде де бақытқа жетуі үшін не керек, соның бәрі ерекше байыппен және ілтипатпен Шәкерім өлеңдерінде тәпіштеп тұрып айтылған. Қазақ Шәкерімнен айырылмасын, онсыз Қазақ қазақ емес!
8. Ахмет Байтұрсынов, таңдамалы шығармалары мен өлеңдері
Ақын, ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. «Маса» өлеңдер жинағында ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық сияқты кемшіліктерді сынайды. «Қазақ» газетінде «Қазақтың бас ақыны» атты қазіргі Абайтану ғылымының бастауы болған көлемді мақаласы шығады. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. «Әдебиет танытқыш» еңбегінде көркем сөз өнерінің ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер сөз болды. Байтұрсынұлы орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы», «Тіл құралы»; ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтар ұсынды. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.
9. Махамбет Өтемісұлы, өлеңдері мен шығармалары
Тәуелсіздік үшін күреске ғұмырын сарп еткен мыңдаған қазақ болса, солардың бірегейі дарынды ақын, суырып салма шешен, өз заманының интеллектуалы Махамбет Өтемісұлы екені баршаға мәлім. Махамбет өлеңдері ұлттық идеология, тәуелсіздік, теңдік, әлеуметтік әділдік, демократия мен меритократияны жырлаған қазақ ауыз әдебиетінің жарқын бөлігі. Өз өлеңдерін іспен айғақтап өткен Махамбет жайлы Мұхтар Шаханов былай дейді: Абай поэзиясы әлде қайда мәнді, мазмұнды болса да, өз басым Махамбетті Абайдан биік қоямын. Себебі ұлттық мүдде аясында жанын қиған, сөзімен ісінің арасына айырма салмаған, таза шындық пен әділдік биігінде самғаған Махамбетке тең келер күрескер ақын жоқ. Қазіргі кезеңде өлеңі тәп-тәуір болғанымен, жеке басының және бала-шағаларының қамы үшін, биліктің «туфлиін жалап», ұлттық мүддені қиналмай сатып кете беретін жазғыштар көбейді. Бұл салада мен Махамбет рухын ту ете отырып, мынадай ұстанымға байланған адаммын"
Қазақ үшін еркіндік, бауырмалдық және теңдік идеялары әрқашан өзекті болған соң, Махамбет өлеңдері де ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Қайтпас мінез бен ұлттық намысты қайрап отыратын Махамбет өлеңдерінің мазмұны қазақ қоғамының өмірінен орын алмай, ұлттық және мемлекеттік мүддеде өзгеге есемізді жіберу шегіне жетпес...
10. Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу» романы.
Қазақ кеңес әдебиетінің көшбасшысы саналатын Сәкен Сейфуллиннің өмірбаяндық бұл романы Қазан төңкерісі кезіндегі аумалы-төкпелі заманның шежіресі іспетті. Шығарманың тарихи құндылығы оның нақты фактілерге негізделгенінде жатыр. Өзін коммунизм идеясының жаршысы санаған Сәкен Сейфуллин бұл туындысында револиюция қаһармандарын әспеттеп, дұшпандарын қатаң сынайды. Романдағы автордың Алашорда арыстары жайындағы қайсыбір қарама-қайшы пікірлері оқырман көңілінде сыңаржақ ой қалдырмауы тиіс деп ойлаймыз. Аталмыш роман XX ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси оқиғаларды жан-жақты көзқарастар призмасынан өткізіп, оларға әділ баға беру үшін таптырмас оқулық болып табылады.
11. Бейімбет Майлин, «Шұғаның белгісі»
«Шұғаның белгісі» феодалдық қоғамдағы қазақ әйелдерінің өмір шындығын шыншылдықпен суреттеп берген әрі қазақ әдебиеті тарихында жазба прозаның туылуы мен реалістік дәстүдің қалыптасуын зерттеуде аса зор құнға ие шығарма. Қазақтың ең көрнекті суреткер жазушысы Бейімбет Майлиннің бұл шығармасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы алғабасар шығармалардың бірі әрі реалістік жазба прозаның тұңғыш өркені. Феуадылдық неке дүзімін әшкелеу, неке еркіндігі мен неке бостандығын дәріптеу, әйелдер азаттығы идеясын үгіттеу тақырыбында жазылған. Шығармада негізінен Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ сахарасының өмір шындығы көрсетіледі.
12. Ыбырай Алтынсарин, «Таза бұлақ» кітабы және өзге де шығармалары
Қалың оқырманға Ыбырай Алтынсарин ғалым немесе педагог боп көрінгенмен оның шығармашылығы ұйқылы-ояу жатқан қазақ сахарасына келген прогресстің лебі еді. Алтынсарин - қазақ халқының ел болып қалыптасуына, сансыз жылдар бірқалыпты өмір сүрген қазақ халқына жаңа дүние есігін ашқан қайталанбас сәулелі тұлға еді. Біз үшін Абай рухани ұстаз болса, Алтынсарин - білім ұстазы болды. Оның шығармашылығы жаңашылдыққа, прогресске, білімге, технократияға, жасампаздық пен өнерпаздыққа үндеген жаңа жол еді. Алтынсарин өлеңдері, шығармалары мен хаттары біз үшін өзектілігін жоғалтпаған құнды дүние болып қала бермек. Оның шығармалары - қазақтың ұлттық дүниетанымын сақтай отырып, бұл әлемде жаңа заманға сай дамып отыруға мүмкіндік беретін рухани дем немесе ақпараттар легі болып табылады.
13. Әбдіжәміл Нұрпейісов, «Қан мен тер»
"Қан мен тер" Арал теңізі маңындаңы балықшылардың тап күресі арқылы сол замандағы бүкіл қазақ қоғамын толғандырған әлеуметтік және ұлттық проблемаларды баяндап берген қазақ әдебиетінің үлкен жемісі. Роман авторы Әбдіжамал Нүрпейісов Қан мен тер шығармасы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған 3 қазақтың бірі болды. (Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжамал Нүрпейісов)
Қан мен тер трилогиясы - ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Ұлттық дүниетаным мен мемлекеттік мүдденің қазақ үшін маңыздылығын терең түсініп, санасына мықтап бекткісі келетін адам міндетті түрде бұл шығарманы оқуға тиіс. Шығарма желісі негізінде кино түсірілген, ал шығармадағы кейіпкерлер тағлымын халықтың жадында мәңгі қалдыру үшін Ақтөбе қаласында үлкен "Қан мен тер" кейіпкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылған.
14. Ілияс Есенберлин, «Көшпенділер» романы.
XV – XIX ғасырлар арасын қамтитын тарихи трилогия. Шығарма Алтайдан атырауға дейін, Батыс Сібір ойпатынан Самарқан мен Сырдарияға дейінгі алып аймақты мекен еткен ұлыстар мен ұлттардың тарихынан сыр шертеді. Шыңғыс хан заманынан басталып, Кенесары ханмен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының түйінін шешкен хандар, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы – ақын-жыраулар, туған жері мен халқы үшін қалқан да, найза да болған арыстан жүрек батырлар – романның басты кейіпкерлері. Бұл туынды әрбір оқырманның жүрегінде өз тарихы мен ата-бабасы үшін мақтаныш пен келешек ұрпақ алдында жауапкершілік сезімдерін ұялататыны сөзсіз.
15. Мұқағали Мақатаев, таңдамалы шығармалары мен өлеңдері
Қазақтың ақиық ақыны. Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі сияқты тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның артында қалған мол мұрасы: "Соғады жүрек", "Шолпан", "Жырлайды жүрек", "Өмір-өзен" т.б. жыр кітаптары, "Қош, махаббат!" атты прозалық кітабы оқырманның қолдан-қолға түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды. Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Арман», «Аягөз - ару», «Бақыт деген», «Сенің көзің» және басқа да өлеңдеріне ән жазылып, тыңдарман көңілінен орын алған.
16. Бердібек Соқпақбаев, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат»
«Балалық шаққа саяхат» - көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, өскелең ұрпақ үшін өнегелік сипаты зор қазақ повестерінің бірі. 1920-1930 жылдардағы ел өмірінің шындығы Алатаудың бір түкпіріндегі қазақ ауылының басынан кешкен жағдаяттары арқылы көрсетіледі. Жазушы қаламының ащы шындығы мейлінше нанымды,, мейлінше аянышты, мейлінше нақты, қарапайым көрініс тауып, ой-сезіміңді баурап, билеп алады.Шығарма психологиялық қабылдау тұрғысында күрделі өмip құбылыстарына үңіліп, өзіндік көзқарас қалыптастыра бастаған жасөспірімдер үшін тартымды да қызықты сюжеттерге құрылған. Адамгершілік ізгi идеяларды көтере отырып, коршаған орта, қоғамдағы қарым-қатынастар жайлы кең түciнiк беретін бұл туындылардың жас оқырман үшін тағылымдық рөлі ерекше.
«Менің атым Қожа» - Балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бала көзқарасымен бейнеленетін шынайы өмірдің боямасыз суреттері арқылы оқырмандарының жүрегіне жол тапқан ерекше шығарма. Автордың 1957 жылы жарық көрген «Қожасы» орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылып, Франция, Польша, Чехославакия мен Болгарияда басылып шықты. Повесть желісінде түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың киносы Қазақ кино тарихындағы ең үздік туындылардың бірі болып саналады. Фильм әлемдік Канн кинофестивалінде сценарий бағытында үздік болып табылды.
17. Ғабит Мүсірепов, «Ұлпан»
Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де «Ұлпан» романы. «Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы Есеней өзінен қырық жас кіші Ұлпанға ғашық болып, әйелдікке алады. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады.
18. Әзілхан Нұршайықов, «Ақиқат пен аңыз» романы.
Ұлы Отан соғысының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы мен автор арасындағы диалог ретінде жазылған роман. Шығармада батырдың жастық шағынан бастап, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы және халқының ардақты ұлына айналған өмір жолы шынайы фактілер негізінде көркем баяндалған. Автордың өз сөзімен айтатын болсақ, «бұл туынды Бауыржан Момышұлының азаматтық ерлік тұлғасын мүсіндеуге арналған». «Ақиқат пен аңыз» романын оқырманды ержүрек, отансүйгіш, намысқой болуға тәрбиелейтін, әрбір жеткіншек оқуға тиіс шығарма деп білеміз.
19. Әзілхан Нұршайықов, «Махаббат қызық – мол жылдар»
Басты кейіпкері Ментай мен Ербол аркылы арқылы қазақ ұл-қыздарының бойындағы асыл қасиеттерди шынайы өмірдің тағлымымен суреттеп берген Әзілхан Нұршайықовтың бұл кітабы қазақ тарихындағы тиражы ең үлкен кітап болып саналады. Бұл еңбек 1970 жылы шығып оқырман арасында үлкен резонанс тудырған роман. Оған авторға келіп түскен 10 000-нан астам хат куә. Роман әлемнің бірнеше тіліне аударылған.
20. Бауыржан Момышұлы, «Ұшқан ұя»
Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының балалық шағы, куә болған оқиғалары арқылы Кеңес үкіметі қалыптасуының алғашқы жылдарындағы қазақ ауылын, қоғамдық өмірді суреттеген шығармасы. Қаламгер өзінің ес біле бастаған кезінен мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірін әңгімелейді. Оқырман болашақ батырдың өскен ортасы және алған тәрбиесімен танысып, қазақ халқының даналық ұғымдарын, ізгі салт-дәстүрлерін, өмірдің сұлулығын, еңбектің поэзиясын, достық пен бірліктің, адамгершілік пен адал семьяның қадірін адамның жүрегіне бала кезінен бастап сіңдіргенде ғана одан ұлы адам шығатынын ұғады деп сенеміз.
21. Мұхтар Мағауин, «Аласапыран» романы.
XVI ғасырдағы қазақ-орыс қатынастарының бастауын сипаттаған тарихи дилогия. Романда қазақтың азат даласы, Сібірдегі Көшім хандығы, Мәскеудегі орыс патшалығы мен оның ішкі-сыртқы саясаты, тақ үшін тартыс – барлығы жан-жақты өз бейнесін тапқан. Шығарманың басты кейіпкері – Мәскеуге кепілге берілген Тәуекел ханның немере інісі Ораз-Мұхаммед Онданұлы. Бұл туынды қазақ ханзадасының тағдыры арқылы бүкіл дәуірдің келбетін шынайы әрі көркем баяндап қана қоймай, туған жерді жан-тәнімен сүюдің, халқыңның болашағы жолында құрбан болудың жарқын үлгісі ретінде Ораз-Мұхаммедті көрсетеді. Оқырман бүгінгі қазақ жастарына өнеге болатындай тұлғаны «Аласапыран» романының кейіпкері Ораз-Мұхаммедтен табады деп сенеміз.
22. Бердібек Соқпақбаев, «Өлгендер қайтып келмейді»
1974 жылы басып шығарылған Соқпақбавтың "Өлгендер қайтып келмейді" романы 1935-1955 жылдар уақытын қамтыған көрнекті роман. Қалмагердің бұл туындысы уақыттың сарынымен өзінің өзектілігін жоғалтпай, қалың оқырман арасында үлкен сұранысқа ие болып келе жатқан шығарма. Белгілі жазушы Әкім Тарази бұл шығарма туралы: «Менің ойымша қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармасы ғасырдан-ғасырға оқылатын бірегей туынды. Жалпы махаббатты жалған түсіндіретін жағдайлар болып тұратындығы өмір дәлелдеген шындық екендігі ақиқат. Алайда осы бір ғажайып ұғымды қыз бен жігіт арасындағы, еркек пен әйел арасындағы сезім деп те қарауға болады. Дегенмен, бұл ұғымның екінші жағы бар. Ол - әлеуметтік махаббат. Ол адамдардың бір-біріне деген жаны ашу сезімі, сүйіспеншілігі» - деген. Оның айтуынша, соғыс кезіндегі ауыл өмірі туралы Шыңғыс Айтматов «Жәмила» повесін жазып, Лениндік сыйлыққа ие болған. Ал Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» туындысы сол шығармамен тұспа-тұс жазылғанымен махаббаттың да, сезімнің де, саясаттың да Ш.Айтматов суреттей алмаған тұсын ашып көрсеткен. Б.Соқпақбаев осыны философиялық, адамгершілік, психологиялық, көркемдік тұрғыдан ашып көрсеткен.
23. Сәкен Жүнісов, «Аманай мен Заманай»
Қазақтар “Аша тұяқ қалмасын асыра сілтеу болмасын” – деп кекеткен ұжымдастыру саясатына қарсы бүкіл ауылды бастап шығып, Қытай асып, “қазақтың аузын нанға, қолын арқаға жеткізем” - деп шыққан қазақ қызы Балзияның өмірі мен сол дүрбелең замандағы қазақ қоғамын әсерлі суреттеп берген Сәкен Жүнісовтың "Аманай мен Заманай" туындысы - қазақ әдебиетінің үлкен жемісі болып табылады. Уақытша Қытайда пана іздеп, кейін қазақ елінің қызыл империя тырнағынан әзірге шыға қоймайтынын түсінген, оның үстіне Қытайдағы қазақтардың жаңа буынының өз ұлттық тамырынан айырылып бара жатқанына қынжылып, "ұрпақ алдында күнаға баттым ба" - деген мазалы ой - әжейдің талай орман, қыр, таулар арқылы немересін атамекенге жеткізуіне мұрындық болады. Роман өзінің шынайылығымен, әсерлілігімен және сол заман қоғамының ерекше суреттелуімен өте құнды шығарма болып табылады. Роман желісі бойынша көркем кино түсірілген.
24. Мұхтар Шаханов, «Өркениеттің адасуы», өлеңдері мен шығармалары
Шығармалары дүние жүзінің алпысқа тарта тілдеріне аударылған қазақтың аса көрнекті ақыны. Шаханов поэзиясының ғажап лирикасы, ондағы адамгершілік, гуманистік рух, махаббат лирикасының алар орны ерекше болса, соңғы жылдарда ақын поэзиясы саяси-әлеуметтік сарын алған. Ұлт мүддесінің жанашыры болған Шаханов ұлттық сана мен рух мәселелеріне арналған "Желтоқсан эпопеясы", "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" сынды кесекті туындылар жазды. Ақынның өлеңмен жазылған "Өркениеттің адасуы" романы осы заманғы өркениеттің аса бір күрделі проблемасын көтереді. Жаһандану процестерінің аясында әр ұлттың төл мәдениетіне, ана тіліне біржақты немқұрайлы көзқарастардың қалыптасуы жеке адам тағдырына және қоғамдық ортаға сіңіріліп, адами мұралық тамырдың құнсыздануына алып баруын әшкерелеп, сынайды.
25. Дулат Исабеков, «Қарғын», «Сүйекші», «Тіршілік»
Дулат Исабековтың "Тіршілік" повестер мен әңгімелер жинағы және Қарғын романы қалың оқырманның сүйікті кітаптарына айналып, қазақ прозасына үлкен серпін алып келген туындылар болып есептелінеді. Ал "Сүйекші" атты шығармасы тек қана жазушының ғана емес, сонымен қатар қазақ прозасының үлкен жемісі болып табылады. Дулат Исабеков шығармалары желісінің қырағылығы мен шынайы өмірге тән сипатының әсерлілігі сол, оның қайсы болмасын шығармасы көркем фильмге тұрарлық дайын сценарийлер десе болады. Қазіргі қоғамға ой, серпін, интеллектуалды күш беруге қауқары мол жазушының шығармашылық белестері мен жемістері әлі де алда деп ойлаймыз.
“Айқап.kz” ақпараттар порталының талдау-сараптау орталығы.
|
№ |
Кітаптар |
Авторы |
|
1 |
Қара сөздер мен таңдамалы өлеңдер |
Абай Құнанбайұлы |
|
2 |
«Абай жолы» |
Мұхтар Әуезов |
|
3 |
«Бақытсыз Жамал» |
Міржақып Дулатұлы |
|
4 |
«Ақбілек» |
Жүсіпбек Аймауытов |
|
5 |
Өлеңдері мен шығармалары |
Мағжан Жұмабаев |
|
6 |
«Оян, қазақ!», өлеңдері мен шығармалары |
Міржақып Дулатов |
|
7 |
«Үш анық», өлеңдері мен шығармалары |
Шәкерім Құдайбердіұлы |
|
8 |
Өлеңдері мен шығармалары |
Ахмет Байтұрсынұлы |
|
9 |
Өлеңдері мен шығармалары |
Махамбет Өтемісұлы |
|
10 |
«Тар жол тайғақ кешу» |
Сәкен Сейфуллин |
|
11 |
«Шұғаның белгісі» |
Бейімбет Майлин |
|
12 |
«Таза бұлақ» кітабы және өзге де шығармалары |
Ыбырай Алтынсарин |
|
13 |
«Қан мен тер» |
Әбдіжәміл Нұрпейісов |
|
14 |
«Көшпенділер» |
Ілияс Есенберлин |
|
15 |
Өлеңдері мен шығармалары |
Мұқағали Мақатаев |
|
16 |
«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» |
Бердібек Соқпақбаев |
|
17 |
«Ұлпан» |
Ғабит Мүсірепов |
|
18 |
«Ақиқат пен аңыз» |
Әзілхан Нұршайықов |
|
19 |
«Махаббат қызық – мол жылдар» |
Әзілхан Нұршайықов |
|
20 |
«Ұшқан ұя» |
Бауыржан Момышұлы |
|
21 |
«Аласапыран» |
Мұхтар Мағауин |
|
22 |
«Өлгендер қайтып келмейді» |
Бердібек Соқпақбаев |
|
23 |
«Аманай мен Заманай» |
Сәкен Жүнісов |
|
24 |
«Өркениеттің адасуы», өлеңдері мен шығармалары |
Мұхтар Шаханов |
|
25 |
«Қарғын», «Сүйекші», «Тіршілік» |
Дулат Исабеков |
Лебіз қалдыру
