Алаш еліне ұсыныс: Тәуелсіздік, теңдік һәм бауырмалдық
Нақты дәйектерге сүйенсек, Алашорда партиясы қалаған жаңа заманға сай тәуелсіз қазақ мемлекеті 1917 жылдан 1920 жылға дейін, 2 жыл 3 ай өзінің дербес мемлекеттік саясатын жүргізген. Либералды-демократиялық талаптарға сай сайлау негізінде Әлихан Бөкейханов қазақтың жаңа үкіметінің басшысы болып сайланған. Сол жылы Алаш үкіметі қалыптасып, оған 15 министр тағайындалған. Және мемлекетті жан-жақты дамыту үшін ішінде Дулатов, Байтұрсынов, Жұмабаев сияқты зиялылары бар 20 адамнан тұратын координациялық кеңес құрылған. Оған қоса "Жасасын Отанның адал ұлдары" деген ресми ұраны бар Алашорда әскери армиясы жасақталған. Егер сол кезде алыптарымыз қимылдамағанда, қазіргі мемлекетіміздің болуы неғайбыл еді. Аласапыран заманда еліміздің тізгінін қолына ала білген осындай тұлғаларымыз болған. Осы тәжірибеге сүйене отырып қазіргі уақытта неге жаңа партия құрып, неге қазақ мүддесі аясында қазақ саясатын шыр айналдырмасқа???
Енді бастама ретінде мынадай ұсыныс: стратегиялық негізде Қазақ халқын 3-ке бөліп қарайық:
1) Миы-санасы һәм білімі озық қазақ. Функциясы: барлық салада алға шығып, жаңа саясатқа негіз бола алатын саяси жүйе, жоба және жоспар қалыптастыру. Зиялылардың басы қосу, ұлттық идеология қалыптастыру және оған негізделген ақпараттық технологияларды дамыту. Интеллектуалды майданда қазақ есесін жібермеуге барлық жағдайды қалыптастыру. Кітаптар шығару. Ұлтқа біліми азық болар барлық деңгейде ізденістер жасау. Ұлттың рухани және біліми иммунитетін қалыптастыру.
2) Ақша-пұлы бар қазақ. Функциясы: Жоғарыдағы айтылған жағдайды қамтамасыз ету үшін, саяси және ұлттық бастамаларды қаржыландыру үшін қаржы қорын қалыптастыру. Бизнесте мейлінше тек қазақ компанияларының ұсыныстарын қабылдау, өзінің компаниясында қазақ тілін ресми жұмыс тілі ету, құжаттарды қазақша жүргізу, жұмыс орнында қазақы атмосфераны қалыптастыру, яғни барлық ұлттык мейрамдарды тойлап, өзге мейрамдарға көз жұма қарау, кабинеттерде қазақтың ұлы перзенттерінің, Алатаудың, Сарыарқаның, Еділ мен Жайықтың, Түркістанның, Баянауылдың суреттерін ілу, жұмыс хаттарының астына қазақтың нақыл сөздерін қосып қою тағысын тағы.
3) Барлык қазақ. Функциясы: Жоғарыда айтылған 2 топтың барлық бастамаларына бірауыздан қолдау көрсету. Сайлау бола қойса, дауыс беру. Қай жерде болмасын: саясат, әлеумет, қоғам, жұмыста, отбасында ұлттық мүддені үгіттеу-насихаттау. Қазақ халқының есесін жібермеу, қазақ гәзеттерін-сайттарын оқу, қазақша сөйлеу, мүмкіндік болса тек қана қазақ тауарларын қолдану, барлық қазаққа мүмкіндігінше көмектесу, қазаққа қарсы пиғылдарды дер кезінде мүмкіндігінше тоқтату, отбасында ұлттық тәрбие беру тағысын тағы.
Мінеки осындай ұсынысты қарарларыңызға салам. Оянып болдық. Енді ойлануға мұрсат. Кейін іске кірісейік.
Ержан Алаш
Экономист, "Айқап.kz" ақпараттар порталының редакторы
Лебіз қалдыру

