ҰЛТТЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ САЯСАТ ҚАЖЕТ...
Демократия дегеніміз - халық билігі деген сөз. Демократиялық ұстанымдар салтанат құрған елде мемлекет халықтың қалай және қандай жағдайда, қандай заңдармен өмір сүретінін емес, керісінше мемлекеттің қандай болуы керек екенін, билік басында кімдердің отыруын халықтың өзі шешеді.
Ал Ұлттық демократия дегеніміз - ол мемлекет саясатының мемлекет құраушы ұлттың саяси, экономикалық, әлеуметтік мүддесін қорғауға бағытталған түрі.
Егер мемлекеттің саясаты мемлекет құраушы ұлттың мүддесіне қайшы келетін болса, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің құқықтары мен бостандықтары қорғалмайтын болса, ол ұлт мемлекеттік саясатты өз мүддесіне жұмыс істеуге бағыттаудың барлық мүмкіндіктері мен тетіктеріне ие болуы тиіс. Халық билікке емес, билік халыққа тәуелді болуы қажет. Себебі Ата заңымыздың өзінде мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық екені анық көрсетілген.
Ұлттық демократиялық мемлекет деген не?
«Тарихи энциклопедияда» былай деп жазылады: «Ұлттық демократия, Ұлттық демократиялық мемлекет дегеніміз — отарлық тәуелділіктен енді ғана құтылған елдің саяси және қоғамдық құрылысының түрі»(«Национальная демократия, государство национальной демократии, — одна из возможных форм политической и общественной организации стран, освободившихся от колониальной зависимости». «Историческая энциклопедия».)
«Философиялық энциклопедия» бұл ұғымды тереңдете түседі: «Ұлттық демократиялық мемлекет –ұлт-азаттық революция үдерісінде туындаған және революцияны қозғаушы күш ретіндегі топтық одаққа арқа сүйейтін ауыспалы сипаттағы мемлекет; ұлт-азаттық революцияны одан әрі дамыту, тереңдету және аяғына дейін жеткізуді қамтамасыз ететін, империализмнің отарлау жүйесінің құлауына орай саяси тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің мемлекеттік дамуының формасы». («Национальной демократии государство — государство переходного характера, возникающее в процессе национально-освободительной революции в современную эпоху и опирающееся на классовый союз движущих сил этой революции; форма государственного развития стран, завоевавших политическую независимость в результате распада колониальной системы империализма, которая обеспечивает дальнейшее развертывание, углубление и доведение до конца национально-освободительной революции». «Философская энциклопедия».)
Ұлттық демократиялық идея қалыптастырудың алғышарттары
Ұлттық демократиялық идея немесе осы идеяға жұмылған күштер мемлекет құраушы ұлттың тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда немесе сыртқы күштердің ұлттық мүддеге қарсы әрекетінің, я болмаса мемлекет саясаты мемлекет құраушы ұлттың саяси, экономикалық, әлеуметтік мүддесіне қарсы жүргізілген жағдайында пайда болады.
Мұндай кезде ұлт өзін сақтап қалудың, өз мүддесін қорғаудың жолдарын іздей бастайды. Қоғамның идеяға деген сұранысы туады. Ұлттық демократиялық идея мемлекет құраушы ұлттың тарихи, мәдени, рухани тұтастығының сақталуы мен дамуына жұмыс істейді, мемлекет құраушы ұлттың мүддесін қорғайды.
Ұлттық демократия - ол ұлттық капитализмді қорғау
Экономикасы тәуелді мемлекет саяси тәуелді бола алмайды, бұл аксиома. Ал мемлекеттің экономикасы капиталға тәуелді. Капитал дегеніміз – ол әртүрлі экономикалық ресурс және пайда әкелетін барлық нәрсе (завод- фабрика, жер, құрылыс, интеллект, технология, ақша тағы басқалар). Экономикалық ресурс кімнің қолында болса, билік соның қолында. Себебі, бүгінгі экономика капиталистік жүйенің даңғыл жолына түсті. Ал капиталистік экономиканың негізгі идеясы - кез келген жолмен пайда табу. Ақша үстемдігі. Ал, ақша билік құрған қоғамда сатылмайтын нәрсе жоқ. Ол кезде рухани, мәдени, ұлттық құндылықтардың беделі түсіп, материалдық құндылықтың қол шоқпарына айналады.
Осы тұста экономиканың өзі сол мемлекеттің мемлекет құраушы ұлтының мүддесіне жұмыс істеуі негізгі алғышарттардың біріне айналады. Ал экономика ұлттық мүддеге жұмыс істеу үшін сол экономикалық ресурстар мемлекет құраушы ұлттың иелігінде болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда мемлекет тәуелсіздігін сақтау үшін, ең алдымен экономика тәуелсіз болуы тиіс.
Карл Маркс өз еңбегінде «Билік құрушы санаттың идеясы билік құрушы идея болып табылады» («Идеи господствующего класса являются господствующими идеями») деген екен. Олай болса, ұлттық демократиялық идеяның үстемдік құруы үшін ұлттық демократтар билік құрушы санатқа айналуы тиіс.
Қазақ тарихындағы ұлттық демократияның бастауы
Тарихи деректерге зер салсақ, былай дейді: «1907 жылы қазақтар сайлау құқығынан айырылды. Қазақстанда шерулер, митингілер және жиналыстар өткізуге тыйым салынды. Өлкедегі социал-демократиялық және кәсіподақ ұйымдары талқандалды. Саяси сенімсіз жандарға полициялық аңду қойылды. Кәсіпорындарда жұмысшылар мен бой көрсетулердің белсенділері «қара, сенімсіз» тізімге енгізілді, алдын ала ескерту жасалмай жұмыстан қуылып жатты. Кәсіпорындардағы жұмыс нормалары, жұмыс күнінің ұзақтағы ұлғайтылды. Азық-түлік бағасы қымбаттады, айыппұл салу кең өріс алды. Қазақтар мен орыс шаруаларының бірлесе қимыл көрсетуінің жолын кесуге әскер күші қолданылды.
1907 жылы Оқу-ағарту министрі бекіткен ережеде қазақ тілінің мәртебесі төмендетілді. Қазақ балалары өздерінің ана тілін бастауыш мектептерде екі-ақ жыл, оның өзінде де қосымша пән ретінде оқитын болды. Өзге пәндердің бәрі де орыс тілінде жүрді. 1909 жылы Дала облыстарының әскери губернаторлары орыс тілін білмейтін адамдардың болыс, ауыл старшыны болып сайлануына тыйым салынатыны туралы жарлық шығарды.
Патша өкіметі билігінің тікелей қолдауымен елде «Орыс халқы одағы», «Михаил Архангель одағы» және басқа ұйымдар құрылды. Олар елде ойран салды, ұлт араздығын тұтандырды, жергілікті өкімет орындарының бұратаналарды қудалауы күшейді.
Патша үкіметінің мұндай іс-әрекеттері Ресей халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да наразылығы мен ашу-ызасын тудырды.» Бұл мәліметтерге қарап отырсаңыз, тәуелсіздік алғанына 21 жыл толған Қазақстан мемлекетінің жағдайы 1907-1909 жылдардан айырмасы шамалы сияқты. Тек ол кезде ұлтқа қауіп сырттан ғана болса, XXI - ғасырда қазақтың жауы сырттан да, іштен де табылуда.
Ұлттық демократияның қарлығаштары алашордашылар
Қазақ тарихындағы алашордашылардың, Алаш партиясы мен Алашорда мемлекетінің алар орны, тарихи сабағы бүгінгі күні де өте өзекті. Мәселен сол кезде ұлттық-отаршылдық езгінің күшеюі, патша өкіметінің қоныстандыру саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімін өсірді. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы белсенді әрекеттері күшейе түсті.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, Х. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Жалпыұлттық демократиялық қозғалыстың көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұстанымы қандай еді?
Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай өз мақаласында былай дейді: «Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал, Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Яғни, бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеуірінді танытады.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Қарап отырсаңыз, бұл ұстанымдар бүгінгі күні тіпті өзекті бола түскенін байқаймыз. Өйткені Алаш көсемдері оны алдын ала, болуы мүмкін десе, бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарды алпауыттардың аузына салып беріп, енді жеке бастың мүддесі үшін тәуелсіздікті де құрбандыққа шалмақ ойлары бар.
Ұлттық демократия мемлекет құраушы ұлтқа не береді?
«Егер қоғам сізге ұнамаса оның өзгеруіне ат салысыңыз» дейді демократ фәлсафашылар. Мемлекеттік биліктің бастауы халық болуы үшін ең алдымен тобыр халыққа айналуы тиіс. Бүгінгі мемлекет құраушы ұлттың мүддесін қорғау мен мемлекет тәуелсіздігін сақтап қалу күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе.
Ұлттық даму мен тұтастықтың негізі - тіл, дін, жер және экономика.
Тәуелсіздік алған жиырма бір жылдың ішінде мемлекеттік тіл мемлекеттік құрылымның негізгі тіліне айнала алмады. Оның негізгі себебін мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың дәрменсіздігі немесе мемлекет құраушы ұлтқа деген қиянат деп бағалауға болады. «Мемлекеттік тіл туралы» заңның орындалмауы, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс істемеуі, мемлекет саясатының орыс және ағылшын тілдерінің мүддесін ашық қорғауы мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясының тарылуына алып келді. Мемлекеттік тілді дамытудың 2010 жылға дейінгі даму бағдарламасының орындалмауы мемлекеттік тілді жаппай қолданысқа енгізу мерзімін 2020 жылға шегерді. Алайда мемлекеттік саясат мемлекеттік тілдің дамуына бағытталмаған жағдайда ол мерзім 2040 жылға шегерілуі мүмкін.
Мемлекет құраушы ұлттың тарихи діні - ислам. Кейбір алпауыт мемлекеттердің бүкіл әлемдік геосаясаттағы орны мен ұстанған саясатының нәтижесінде ислам діні терроризм мен діни экстремизмнің бастауы ретінде қарастырылатын болды. Терроризм, діни экстремизммен күрес табиғи қазба байлықтары мол мемлекеттерді отарлау мен өз ықпалына көндіру құралына айналды. Империалистік демократияны дамушы, әлсіз мемлекеттерге тықпалау арқылы олардың экономикасына ие болу саясаты қызу жүргізілуде. Ол мемлекеттерге қысым жасау мен соғыс ашудың бір жолы діни экстремизммен күрес. Бұл геосаяси тасқын жолында тұрған дамушы мемлекеттердің діни, сенім-наным бостандығына орасан зор озбырлығын әкелуде. Діни экстремизммен күресуге тек Ішкі істер министрлігіне бір жылға 13 миллиард теңгенің бөлінуі, а діни экстремист деген желеуимен дамдардың сотсыз, тергеусіз өлтірілуі көп мәселені аңғатса керек.
Жер мен жердің асты, үстіндегі байлық сол жерге ие мемлекеттің саяси да, экономикалық та тауелсіздігінің кепілі. Жердің тұтастығын сақтау - мемлекет тәуелсіздігін сақтаудың ең негізгі алғы шарты. Мемлекеттің қазба байлықтарына басқа мемлекеттердің ие болуы - сол мемлекеттің тәуелсіздігіне, мемлекеттік қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп. Ұлттық демократиялық идея бұл мәселеде солқылдақтықты көтермейді.
Жалпы экономиканың дамуы жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүйесіздігі мен кең етек алған жемқорлық отандық экономиканың дамуын тежеп, тұншықтырып отырады. Осындай жайсыз жағдайда Кедендік одақ пен Еуразиялық одаққа кіру еліміздің экономикалық тәуелсіздігінен айырылудың төте жолы. Ішкі өнім шығару қабілеті өте төмен, бүкіл экономикасы шикізатты импорттауға бағытталған мемлекеттің өнеркәсібі әлдеқайда жоғары дамыған, орта және шағын кәсіпкерлік қуатты мемлекетке шекерасын ашып беріп, еркін сауда мен тауар айналымына жол ашу - отандық өнім өндірушілер мен орта және шағын кәсіпкерлікті құрдымға жіберудің жоспары.
Бұл тығырықтан шығудың бірден бір жолы ұлттық демократияны дамыту. Мемлекет саясатын ұлттық демократиялық жүйеге бағыттау болмақ. Ол үшін ең алдымен қоғамның өзі, оның ішінде ұлт зиялылары, қоғамның белсенді топтары, яғни ұлт демократтары бірігіп, саяси күшке айналуы тиіс.
Мақсат Нұрыпбаев, «Құқықтық Қазақстан үшін» ҚБ мүшесі
Лебіз қалдыру

