Махамбет

19 ғасырдың орта шенінде Ресей империясының отаршылдық саясатына және сол кездегі Жәңгір Хан бастаған жемқор билікке қарсы көтерілістің ұйымдастырушысы болған батыр және дауылпаз ақын Махамбеттің өмірлік ұстанымдары. 1846 жылы қаза тапты. Атырау.
Менен не пайда - қолыма найза алмасам, атаның жолын қумасам?
Ақсүйектің баласын қара ұлына теңгеріп, қоңыраулы найза өңгеріп, Жесірлерге жер бердім, жетімдерге жем бердім - сол ерліктен не көрдім?
Баста дәурен тұрғанда,
Біздер - дағы, Байеке,
Оза көшіп, кең жайлап,
Еркімен еркін жатқан ер едік.
Ермін деген жігітті кеңшілікте сынама.
Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, атаның кегін қусайшы!
Қарада да қара бар -
Хан ұлы басып өткісіз.
Алланың бір күні бар -
Бір жарым ай жеткісіз.
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласаң тұрар ма?
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік.
Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Еділ мен Жайық жер еді - ау,
Мекен еткен шаруаға,
Мен кеткенмен тек кетпен,
Сізден артық табармын.
Ашуыма көп тисең,
Өзекті жанға бір өлім,
Ордаңды талқан ғып шабармын.
Сүйегім тұтам қалғанша,
Тартылмай сөйлер асылмын.
Ей, тақсыр - ау, ей, тақсыр!
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым, ханым» дегенге.
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды,
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім,
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Жамандардың басы сау.
Жаманды байқап қарасаң,
Күндердің күні болғанда
Өз басына өзі жау,
Он екі ата Байұлы
Жиылып келсе бұл іске,
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма,
Заулар едім бір көшке!
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Алтын тақты хандардың
Хандығынан не пайда?
Қаріп пенен қасірге
Туралық ісі болмаса!
Халық үшін қан төгем деп,
Қараны ханға теңеп берем деп.
Ол мақсатқа жете алмай,
Дегенімді ете алмай,
Қор болдық-ау, шырақ-ай!
Лебіз қалдыру

