Вс03242013

Соңғы жаңару05:36:33 AM

Бердібек Соқпақбаев

ozoy

 

 

 

Классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың автобиографиялық "Балалық шаққа саяхат" кітабындағы өмірлік ұстанымдары. 1992 жылы 68 жасында дүниеден озды. Алматы.

ozoy

 

 

 

Классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың автобиографиялық "Балалық шаққа саяхат" кітабындағы өмірлік ұстанымдары. 1992 жылы 68 жасында дүниеден озды. Алматы.

Жазып алған: Сая Қызылбаева

 

 

 

Мен де қазақпын. Солардан кем болғым келмейді.

Қазақтың бар өмірі малмен байланысты. Мал – тамақ, мал – киім, мал – көлік, мал – отын (отқа мал тезе­гі жағылмай ма?), мал – баспана (киіз үйдің бар жамылғысы малдың жүнінен жасалмай ма?).

Сіз тақыр шөлге су келгенін көргеніңіз бар ма? Бұл ас­паннан нұр жауғанмен бірдей. Ғасырлар бойы қараңғылықтан соққы жеп келген халыққа жарқырап білім сәулесінің жетуі қуарған қу мекиен шөлге тіршілік нәрін алып, сыбдырап су жеткенмен бірдей еді.

Қазақ айналайынды шілдей тоздырып, көгертпей кел­ген бір көне дерт бар. Ол аталастық, рушылдық ала­көз­дігі.

Оқу­ды мойныма бұғалық түскендей көріп едім. Оның бәрі бекершілік екен.

Қай күндері дәл осы жол айырығына жеткен кезде кеудені құрт боп жайлап алған рушылдық алакөздігінен туатын сойқанды уақиғалар басталып кеп кетеді. Бұл індет, бұл жексұрын ауру балаларға үлкендерден жұққан.

Мен нәзіктігіме қарамастан, өзім қатар балалардың ішіндегі төбелесқойдың бірі едім. Шатақ шығар жерді із­деп жүрем.

Тырнақтың қаншалық өскені астындағы кірден білініп тұрады.

Ауыл қазақтары сабынды өздері жасайды. Алаботаны шауып алып, өртейді де, күліне май қосып, қайна­тады. Қап-қара сабын пайда болады. Кәдімгі қара балшық тәрізді, әрі ауыр, әрі қатты, Қол жууға арналған кішкентай қара сабынды бұзаушық дейді.

Ол күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Ол гүл болса, мен көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын. Ол – Майра

Күз – колхоз жұмысының аса әбігер, қарбалас кезі. Бір жағынан шөп орылып бітпей, екінші жақтан ал, мені ора баста деп, қабаттасып астық, піседі.

Мен қу тілді тықылдаған пысық бала болдым. Сабақты тәуір оқимын. Тыз етпе жеңілтек, әрі шатақ құ­мар едім. Біреумен дос болуым да, араз болуым да теп-тез. Кекшілмін. Біреуден таяқ жесем, ызадан өле жаздаймын. Күндіз-түні өш алудың жолын ойлаймын.

Дене шынықтыру сабағын өте сүйетін едім. Жүгіру, секіру, суға малту секілді өнерден ешкімге есе жібер­меймін. Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дү­ниенің қорлығы санаймын. Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, әкем мен ағаларымның жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам.

О, қасиетіңнен айналайын, қара талқан.

Ана бауыры балаға жау алмас қорған тәрізді. О, жалған дүние! Ана құшағындай ыстық та, мейір­бан не бар сенің жүзіңде?! Осы құшақ тұрғанда мен басқа ештеңені де арман етпеймін. Ешбір бақыт-байлыққа, салтанатқа мен бұл құшақты айырбастамақшы емеспін. Алтын анам, аяулым, тек сен аман болсаң, болды маған. Үлкейіп адам болған кезде мен сенің осы жақсылықтарыңды қалайда ақтауға тырысамын.

Кез келген­ қарапайым анкетада әке, шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор. Мінекей, әлгі сұрақ ал­дымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын, – әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей. Мен бұны шынайы мақтаныш етіп жазамын. Ата-те­гімнің кедей болуы ол совет өкіметі үшін менен се­німді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін бас бұрғызбас дәлел секілді.

Шешелі балада бәрі бар. Менде қазір бәрі бар.

Менде арман көп. Бір арманым Сағатбайға ұқсап мұғалім болу; екінші арманым дүкенші болу.

Мен дүкеншіні дүниедегі ең бақытты адам деп есеп­теймін.

Өсек радио хабарынан да тез тарайды.

Бала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Ал бірақ ойнамай төзе алмайды. Ойын оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады. Бала ішегін сүйретіп ойнайды деген рас сөз.

Қазақ бұны нырай қалдық дейді. Яғни, ауадан бас­қа жейтін түк жоқ деген сөз.

Ата-бабасынан бері қарай шүйгін жер, таза ауаны қуалап кешіп жүріп күнелткен қазекең іші ала көлеңке­ сыз тамға жазы-қысы қамалып шыдамайды. Күн жылып, жер қарайысымен кеңістікке шығуды арман етеді. Отырықшылық тұрмысты еңселерін басқан қапастай көреді. Оған бейімделгісі, көнгісі келмейді.

Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны.

О, жалған! Біреуден бір нәрсе сұрап телміруден өткен жаман не бар екен!

Жетім! Не деген суық та, жексұрын сөз!

Балалар, менің қымбатты, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп, жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгі­дей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған бейшаранын адамшылық менмендігін жетім деген сөз бір­жолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!

Кіл еркек тұратын үйде ешқандай да береке тұр­майды екен. Түтін уақтылы түтемейді, кір жуылмайды,­ жыртығы жамалмайды...

Әркім сүйгеніне барады.

Жоқты бар етіп, ұқсата білетін алтын саусақ әйелдер болады. Ас жоқта, түтін түтетіп, ас пісіреді. Киім жоқта, бұрын іске аспай жатқан бірдеңелерді жаңартып, киім жасап береді.

Талғампаз әйел затының бір мінезіне таңқаламын. Кейде мынау деген әдемі сұлу қыздар өзінен он есе төмен сумұрындарға тиеді.

Өлеңде мән болады, идея деген болады. Идея деп өлеңнің жасырынып жатқан мазмұнын айтады. Ақындар өлеңді еріккендіктен жазбайды. Өзінің жасырын ойын, яғни идеясын жұртқа жеткізу үшін жазады.

Қайран ғана надандық-ай! Көңілдің көрсоқыр болуынан жаман не бар екен!

Өсек ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады.

Жыртық шалбардан жалаңбұтым артық деген екен бір кедей. Мен тұпадан-тура сол принципті ұстадым.

Қазақтың бойындағы бір асыл мінез жақынын дала­ға тастамайды. Аузындағы асынан жырып береді.

Ұйғырлар қазақтай емес, жер кәсібіне шебер халық.

Қазекең мал, мал дейді. Мал жоқ болса, есінеп аш отырады. Тамақтың көкесі аяғының астында,­ қара жерде жатқанын түсінбейді.

Тәкаппар сұраққа тәкаппар жауап қайырам.

Бұ дүниеде жалба-жұлба болып жүрсем де, о дүние­ге­ жалба-жұлба болып бармаймын.

Қазақ тәуір деген тамағын кешке ішеді.

Ауыл қазағы есік құлыптауды білмеген. Кетем деген жағына есікті ашық тастап, кете береді.

Адамзат почтаны не үшін ойлап тапты деймін де, реті келіп тұрғанда, пайдаланып­ қалуға тырысам. Почта арқылы барған хат мәндірек, жауаптырақ болатын тәрізді.

Кедей байыса, жомарт келеді.

Қорадан мал иісі шыққанның өзіне береке кіріп қалғандай болады.

Құдай маған күшті мол етіп бермесе де, қалақайдай ащы тіл берген.

Өліп кетсем де, дегенімнен қайтатын мен емеспін.

Мен өзімді батыр болуға дайындап жүрген адам болдым. Егер патша кезінде әділсіздік заманда тусам, онда революционер болар едім деп ойлаймын. Революционерлер оттан, судан қорықпайды. Айлар, жылдар бо­йына қол-аяғы кісенделіп түрмеде жатады. Аш-жалаңаш болады, неше түрлі қинау көреді. Сонда да дұш­пандарының алдында тізе бүгуді, жалынуды білмейді. Өз де­гендерінен қайтпайды. Өлімді қасқайып, бетіне түкіріп қарсы алады.

Ұйықтап қаппын деген де сөз бола ма екен? Бұрынғы заман болса, бай сені таң бозарып атысымен оятып, малға қуар еді.

Суретке түсу, қағаз бетінде түр-түсім қандай болып шығатынын көру – ол менін аңсаулы арманымның біреуі.

Кім де кім суретке түссе, мен оны бақытты деп қа­раймын.

Арманы қалай орындалғанын адам білмей де қалады екен.

Үлкендер арақ ішкенде стақанды қылқылдатып бір-ақ жұтады да, көздерін тарс жұмып, мұрындарын нанмен бітеп, тым-тырыс оты­рып қалады. Қиналғаны ма, жоқ әлде рақат тапқаны­ ма, маған түсініксіз.

Ох, шіркін! Адам өмірден тек бала болып өтсе! Ойын-күлкімен өтсе! Өмірге қалай келіп, қалай кетке­нін білмей қалар болса!

Бала өзіне досты тез табады.

Адамды адам ететін де, хайуан ететін де тұрмыс екен.

Өлмеспін, бұдан да тірі қалармын.

Мен екі түрлі мамандықтың адамына жасымнан кере­мет қадірлейтін едім. Бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Дүниедегі ең ақылды, ең мейірбан жандар осылар тәріз­де­нетін. Мен мұғалім мен дәрігерден тек жақсылық күту­ші едім. Оларға өз ата-анама сенгендей сенуші едім. Бірақ өмір олардың арасында нақұрыстар бар екенін көрсетті…

Біз үшін, жалпы балалар үшін, жазғы демалыстың демалыс деген тек аты ғана. Ал заты әлгідей – жаз бойы колхозда жұмыс істейміз. Күз боп, оқу басталарда, сонда ғана жұмыстан мойнымыз босап, уһ дейміз. Біз үшін нағыз демалыс ол – оқудың басталуы.

Адамдар өлген соң да бірдей бола алмаған, кімнің бай, кімнің кедей болғаны беп-белгілі.

Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым!

Лебіз қалдыру

blog comments powered by Disqus
Download SocComments v1.3

новинки кинематографа
Машинная вышивка, программа для вышивания, Разработка макета в вышивальной программе, Авторский дизайн

ramka

 «Ал ен­ді Алаш азаматтары!... Біз қолы­мыз­дан келген жұмысымызды Алаш пайдасына жұмсаудан тар­тынбай қазақ жұртымызға аз да болса бip соқпақ жол болсын деп бастап журнал шығардық, ма­қ­сұты­мыз дүние жиып байымақ, пай­даланбақ емес, тек қана жұрт­тың көзі, құлағы болмақ еді. Білгенімізді жаздық, айттық... не жаз­­сақ та таза жүрек, таза ниетпен жазып едік,... мақсатымыз ха­лыққа жол көрсетпек еді. Газета­шылық, журналшылық қазақ жі­гіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек едік. Біз сол мақсұтымызға жеттік. Ендігі жұ­мыс оқыған жастардың мой­нын­да...» Мұхаммеджан Сералин, 1911 жылы шыққан Айқап журналының бас редакторы.

Айқап.kz - Республикалық ақпараттар порталы. Саясат, қоғам, экономика, бизнес, әлеумет, мәдениет, спорт, фото және видео репортаждар. Айқап.kz ақпарат порталы Қазақтың 1911 жылы шыққан тұңғыш басылымы Айқаптың жаңа нұсқасы.
Сайт материалдарын қолдану үшін гиперсілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады.
Бас редактор - Ержан Алаш.
Барлық сұрақтар бойынша мына нөмірге қоңырау шалыңыз:
тел.: 8 (778) 114 36 63
e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін.
Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.