Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі: Абайды жатқа білетін қазақтар ұлт ұстазының ғақлиясын өз өмірінде пайдаланбайды
Әлемге ықпалды экономика құратынымыз айқын
- Өткен жылдың соңына қарай, Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасымыз Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялап, қалың бұқара түгіл, зиялы қауымның өзі болжай алмаған жаңа стратегияны жариялады. Бұл байқауымызша, бұған дейінгіден үлкен және биік секіріс болғалы тұр. Себебі енді әлемнің бәсекелестікке қабілетті 50 елінің сапында тұруды емес, алғашқы топ бастаушы отыздықпен бір боламыз деген міндет алға шығарылды. Тым биікке құлаш сермеп тұрған жоқпыз ба?
- Егер экономика жайында әңгіме қозғар болсақ, онда ұлт Көшбасшысы қойған міндетті асыра орындайтынымызға сене беруге болады. Бұл үшін Қазақстанда қажеттінің бәрі бар. Ойлап қараңызшы, қазынамызда Елбасының шетелдік сапарын қамтамасыз ететіндей валюта болмаған шақта, тәуелсіз Қазақстан Республикасын құрып, оны бүгінгідей әлем мойындаған биікке көтердік қой. Ендеше, дәл қазір Ұлттық қорларымызда 87 миллиард доллардан астам алтын валюталық қазынасы бар ел бола тұрып, мұндай экономикалық жетістіктерге жету қиын деп ойлаудың өзі сауатсыздық. 1997 жылдағыдай емес, қазір Қазақстанды жер бетінде танымайтын, құрметтемейтін, оның табиғи және географиялық мүмкіндіктерін білмейтін, ішкі-сыртқы саясаттағы салиқалы ұстанымымызды сыйламайтын бірде-бір ел әлемде жоқ деп айта аламыз. АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Жапония, Ресей федерациясы бізді стратегиялық әріптес санайды. Егер дамыған елдермен интеграция алдағы міндетті орындауда басты қызмет атқарады десек, онда осылардың өзі-ақ біздің биіктерге құлаш ұруға тиіс екенімізді дәлелдеп тұр ғой. Ескерте кетейін, Қазақстанда қарқынды даму стратегиясын жүзеге асыру үшін қажетті алғышарттардың бәрі бар. Біріншіден, өзімізде сенімді қаржылық қор жинақталған. Екіншіден, әлемдік озық технология мен техника шығарушы инвесторларға қазірдің өзінде танымалмыз. Үшіншіден, озық техника мен технологияны жасаушы алпауыттар біздің елде шикізат қоры жеткілікті екенін біледі. Өндірістік металл мен көмірсутектерінің бай қоры Қазақстанды көтермелейтін алғышарттардың бірі. Сондай-ақ Қазақстанның 140 миллион тұтынушысы бар рыноктың «еркін жүзушісі» екені де халықаралық құжаттармен заңдастырылған. Ал Қытай мен Еуроодақты тікелей жалғайтын жаңарған Ұлы Жібек жолының кіндігінде орналасқан ел болуымыз оңтүстікшығысазиялықтарды да, еуропалықтарды да, тіпті америкалықтар мен жапондықтарды да ойландырмай қоймайды. Қысқасы, біз қарқынды дамуды қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі бар ел болып тұрмыз. Мұндай жағдайда Қазақстанның әлемдік тізімдегі алғашқы, топ бастаушы отыздық сапында болуы табиғи заңдылық. Ескерте кетейін, отыздық емес, одан жоғарырақ сатыға шығамыз. Тіпті даму қарқынымыз 5 пайызбен шектелді деген күннің өзінде 2050 жылы Қазақстанда өндірілетін жылдық ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 40 мың доллардан асып кетеді екен. Ал біз қазіргі әлемдік алғашқы отыздықтағы мемлекеттердің осындай ортақ көрсеткіші 39 мың доллар екенін білеміз. Қысқасы, Қазақстан әлемдік тізімдегі көшбастаушы отыздықтың құрамында болып қана қоймай, 2050 жылы сонымен бірге жалпыадамзаттық экономикаға ықпал ете алатындай үлесі бар алыптар қатарында да болады деп ойлаймын. Ақиқатқа тура қарар болсақ, біз ол кезде шамамен триллион доллардың өнімін өндіруге таяп қаламыз.
Тұрмыс экономиканың егізіндей жақсарады
- Жөн-ақ. Ғылыми болжамыңызбен экономикалық қарқынды дамуымыздың болмыс ақиқатына айналатынына сендірдіңіз. Ал ұлт Көшбасшысы өз сөздерінде үнемі «біздің даму қарқынымыздың нәтижелері қалың бұқараның тұрмысында көрініс табуы керек» дегенді айтады. Олай болса, халқымыздың жағдайы да айтарлықтай жақсарады деуге болатын шығар? Ескерте кетейін, жоғарыдағы 50 елдің сапында болдық десек те күн көрісі нашарлар баршылық. Әсіресе, өз қандастарымыз арасында олар тіпті көбірек. Мәселен, тек қана мал өсірумен айналысатын, баяғы «кемелденген социализм» дәуірінің де игіліктерін көре алмаған 30 аудан тұрғындары дәл бүгін жақсы өмір сүріп жатыр деп ойламаймыз.
- Сөзіңіздің жаны бар. Десек те, мына мәселеге назар аудару керек секілді: Германияда қиналатындар - немістер, Ресейде қиындық көретіндердің басым бөлігі - орыстар, демек, Қазақстанда қазақтардың саны қиын жағдайда өмір сүріп жатыр дейтін топта молырақ болуы табиғи заңдылық. Бұл әлеуметтік-тұрмыстық жағдай көрсеткішіне онша әсер ете қоймайтын жеңіл-желпі келеңсіздік. Абай атамыз айтқандай, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Өкініштісі сол - Абайды жатқа білетін қазақтар ұлт ұстазының ғақлиясын өз өмірінде пайдаланбайды. Капитализмде бір заңдылық үстемдік құратынын естен шығармау керек, ол - еңбек сені іздемейтіндігі, сенің еңбекті іздеуің керектігі. Ал бізде «Үкімет, жұмыс тауып бер» деушілер тым көп. Ескерте кетейік, әлемнің барлық елінде билік еңбек етуге жағдай туғызатын, жол ашып беретін заң шығарумен айналысады. Қалғанын әркімнің және баршаның өзі шешеді. Біз осыны түсіне алмай келе жатырмыз. Диплом алсақ болды дейтіндер тым көп. Ал нақты сұранысқа ие білікті маман болып шығуға талпынушылар аз. Иә, бұларды мен сіздің сұрағыңыздың «ащы» тұсына жауап беру үшін айтып отырмын. Егер сұрағыңыздың негізгі өзегіне келетін болсақ, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай толығымен жаңа сапаға көтеріледі дер едім. «2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» бойынша пайдалануға берілген өндірістік-инфрақұрылымдық жаңа нысандарда соңғы екі жыл ішінде ғана 44 мыңнан астам отандасымыз жаңа жұмыс орнын тауыпты. Ал осы жұмыс орындарындағы инженер-техник қызметкерлердің «жұмыс атауларына» келетін болсақ, оның көбісі Қазақстанда бұрын-соңды естілмеген жаңалықтар. Өйткені елімізде бұған дейін шығарылмаған өнімдер өндіріліп, қызметтер көрсетіліп жатыр. Ал бұл жерлердегі еңбек ету жағдайы барлық санитарлық талаптарға сай. Өндіріс пен қызмет түрлері компьютер арқылы басқарылады. Соған сай жалақы да жоғары, онда жұмыс істейтін бауырлардың денсаулығы да қоршаған ортадан зиян шекпейді. Турасына келсек, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, жаңа, жоғары сапалы деңгейге көтерілуі қазірдің өзінде басталып кеткен үрдіс. Байқадыңыз ба, жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеген екі жылдың өзінде ең жоғары талапқа сай 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылыпты. Енді осы қарқын сақталады дегеннің өзінде 2022 жылы бұл көрсеткіш шамамен бес есе өседі емес пе? Сонда 220 мың отандасымыз әлеуметтік-тұрмыстық сапаны еуростандартқа сай ететін қызметке ие болады деп ойлау керек. Дәл осы қарапайым тәсілмен жалпы қорытындыны көз алдыңызға елестете алатындай есеп шығару оңайдың оңайы. Менің шамалауымша, 2050 жылға дейін шамамен миллионнан астам отандасымыз жоғары жалақылы, еңбек қауіпсіздігі сақталған, санитарлық жағдайы денсаулыққа мүлде зиян келтірмейтін жұмыс орындарына орналасады. Бұл - турасын айтқанда, Елбасымыздың «интеллектуалды ұлт қалыптастыру - басты мақсатым» деген өмірлік ұстанымның орындалуы болып шығады.
Жолдаудан тағы бір мысал келтіре кеткен жөн шығар. Онда аграрлық салаға құйылатын инвестиция төрт есе артады делінген. Демек, біз тәлімі жерді пайдалану бойынша да қазіргі «еуроқалып» деп жүрген өлшем деңгейінде боламыз. Бұл еңбек өнімділігінің еселеп артуы, энергияның айтарлықтай үнемделуі дегендермен бір кеңістікте болады. Өндіріс пен экспорт ішінде бағасы жоғары протеиндердің үлесі молаяды. Демек, ауылдықтардың отбасылық кірістері қазіргіден еселенген мөлшерде ұлғайып, ол әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың сапалық жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді.
Ақыр соңында мемлекет әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартатын бір топ шараларды өзі инвестициялайды. Ол - бала тәрбиесі мекемелері мен білім беру жүйесі, денсаулық сақтау саласы, байланыс және коммуникациялық инфрақұрылымдар желісі, жолдар, тамақ сапасы, денсаулықты, өмірді, меншікті сенімді сақтандыру секілді толып жатқан басты қажеттіліктердің сапалық жақсаруы арқылы көрініс табады. Байқаған шығарсыз, қазірдің өзінде біздің білім беру және денсаулық сақтау секілді жүйелерімізде еуроқалыпқа сай жұмыс істейтін мекемелер мен білікті мамандар қызметі өмірімізге енген. Енді осы топтағылар молая түседі. Сөйтіп, бүкіл әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге жататын өлшемдер экономикалық дамуымызбен бір мезгілде, бір кеңістікте, тұтастықта шешімін табады. Экономикалық даму мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды бөле-жара қарастыратын ғылым жоқ. Жағдайды түзеуші - экономика. Мұны біздің Елбасы «әуелі экономика, сонан соң басқасы» деген ұстанымымен ғаламдық экономика ғылымының алтын қорына енгізген. Алтын қорына енгізген деп батыл айтатын себебіміз, бұл ұстанымның дұрыстығын тілеулес достарымыз түгіл, бізге «ең әуелі демократия» деп басқа ұстанымды бір кездері тықпалағандар да мойындады. Ақиқат - осы. Бір сөзбен айтқанда, ««Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламамыз қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын еуростандартқа жеткізетін нағыз халықшыл бағдарлама.
Сыртқы әсер қолайлы болмақ
- Сіз «даңғыл жолда» жүретініміздей әңгіме айтып отырсыз. Ал біздің алдымызда Абай айтқандай, «соқтықпалы соқпақсыз жер» жатыр. Өйткені бұрын-соңды мұндай асуды бағындырған тәжірибеміз жоқ қой. Ал біреудің жолы біреуге жайлы болады дегенді естімеппін. Сондай-ақ 2008 жылы сыртқы әсерден «қыспаққа түскеніміз» естен кетпейді. Кейбір қаржы институттары сол есеңгіреуден әлі есін жия алмай келеді. Ал әлемдік экономика «аумалы-төкпелі» жағдайды бастан кешіруде. Осының бәрін ой елегінен өткізгенде «жолымыз даңғыл бола қоймас» демей тұра алмаймыз. Бұған не дейсіз?
- Сұрағыңыз орынды. Ешкім де «жолдың даңғыл болатынына» кепілдік бере алмайды. Мұны біз де естен шығармауға тиіспіз. Айталық, бензинді жаңа шикізаттан алуды бастаған АҚШ 2020 жылға қарай мұнай импортын мол мөлшерде азайтпақ. Біздің экономиканың қазіргі тіреуі «қара алтынымыз» десек, оның бағасы түсуі әбден мүмкін. Демек, көмірсутектерінен түсетін кіріс азаяды. Ең «осал тұсымыз» осы секілді. Енді мәселенің анығына көз жеткізу үшін жағдайға линзаның басқа қырынан қарап көрейік. Онда біздің бюджет қазірдің өзінде «мұнай долларларынсыз» жасақталатыны айқын көрінеді. Демек, көмірсутектері бағасының төмендеуі бюджет кірісіне емес, Ұлттық қордың толығуына әсер етеді. Ал бұл басты бағдарламаны жүзеге асыруға айтарлықтай кедергі болады деп ойламаймын. Кезінде «мұнай долларларына арқа сүйеуден арылу» мәселесін төтесінен қойып, бір жарлығымен шешіп тастаған ұлт Көшбасшысы жағдайдың болмысын күні бұрын көре білгеніне риза боласың. Бұл - бір.
Екіншіден, мен жоғарыда Ұлттық қорлардағы 87 миллиард доллар көлеміндегі байлығымызды басты жоспарды жүзеге асыру үшін қажеттілердің бірі ретінде ғана атадым. Енді мынадай жағдайды ескерте кетейін. 2010 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 1 триллион 797 миллиард теңге жұмсалыпты. Осыншама қаражат жұмсалардан бұрын Президентіміз атқарушы билікке Ұлттық қордан трансфертті несие алуға рұқсат еткен. Ол алынды да. Бірақ Ұлттық қорымыз одан ортаюдың орнына тола түскенін байқап отырмыз ғой. Демек, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген жобаларды инвестициялауға негізінен, Ұлттық қор трансферті емес, сыртқы, анығын айтсақ, отандық және шетелдік инвесторлардың қаражаты пайдаланылған. Жоғарыда мен қазір «былыққа белшесінен батқан Батыстағы дамыған елдерден Оңтүстік Шығыс Азияға, оның ішінде, біздің Қазақстанға тікелей инвестиция ағыны молайды және ол жалғаса береді» деген болатынмын. Міне, біздің болашақтағы дамуымызда арқа сүйейтін қуатты күшіміз осы Батыстан көшкен инвестиция болмақ. Иә, әлемдік сарапшылар өндіргіш күштердің орнын ауыстыру интеграциясы толассыз жалғасатын үрдіс екенін мойындап тұр. Өйткені жаңа орында жұмысшы күші арзан. Сол арзан күш Қазақстанда да бар. Екіншіден, дәл қазіргі таңда біздің атқарушы билік нарықтық қатынас жағдайында экономиканы дамыту тетіктерін меңгеріп алды деуге болады. Егер бұрын біз шетелдік несиеге арқа сүйеп, мәселені шешеміз деп ойласақ, қазір «алмақтың да салмағы бар» екенін түсініп, несиеден бойды аулақ салып, тікелей өндірістік инвестицияға жол аштық. Инвестицияға кепілдік бердік. Ол - ол ма, инновациялық жобалар инвестициясына салықтық жеңілдіктер де заңдастырылды. Демек, сыртқы әсер енді біз үшін негізінен пайдалы болмақ. Солай бола тұрса да, сыртқы әсердің кері ықпалы болатынын естен шығармауға тиіспіз. Мәселен, кедендік одаққа біріккелі бері отандық базардағы баға өсті. Орайы келгенде айта кетейін, ол - Ресей федерациясындағы бағамен теңескенше өсетін үрдіс. Сонан кейін өсімді кедендік одақ бойынша тежеуге күш салуымыз керек. Өйтпесек, тапқанды инфляция жұта береді. Мұның зардабын бұқара көрмеуі үшін бюджеттік міндетті төлемдерді өсіретін боламыз. Билік басындағы мырзаларға күні бұрын айтарым, жалақы мен зейнетақының өсімін тежейтіндей тетікті іске қосқан жөн. Өйткені әсіресе, жалақы өнімнің өзіндік құнында сүбелі үлес иемденетін бір «тажал». Сол «тажал» қазір дамыған елдерді «жалмап жатыр». «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Батыстың дамыған елдеріндегі «жылы орындарын суытып» жаңа мекенге «көшіп-қонуға» өндірісшілерді итермелеп жатқан осы «жалақы айырмашылығы» дейтін қуатты күш. Ескерте кетейін, бұл мәселені бізге таңатын сыртқы әсер емес, ішкі әсер. Ал сыртқы әсер әлемнің қазіргі даму барысына шолу жасай алсақ, әрқашан да біз үшін пайдалы болмақ. Географиялық орналасуымыз жайлы да жоғарыда айттым ғой. Ол да біздің пайдада. Сыртқы әсер ұлттық ғылымымыздың дамуы үшін де қолайлы болады деп ойлаймын. Химиктеріміз қазірдің өзінде халықаралық жобаларға қатысып жүр. Франциямен аэроғарыш жабдықтарын өзімізде өндіруді бастадық. Жапондықтармен бірлесіп сирек металл өндірісін жолға қоямыз. Бұл мәселені шешкен соң соңғы үлгідегі байланыс және коммуникация құрал-жабдықтарын өзімізде шығаруды бастайтынымыз да сөзсіз. Жапондықтар үнемді білетін ұлт. Олар сирек металдарды Қазақстанда өндіріп, соңғы үлгідегі электронды-тұрмыстық құрал-жабдықты өздерінде шығару үшін әлгі байлықты аралға тасымалдағаннан гөрі өндірісті шикізаты жеткілікті мемлекетте ұйымдастырған әлдеқайда тиімді екенін жақсы біледі. Мінекей, сұрағыңыздың нақты жауабы - осы.
- Сіз ішкі тежеуіштер болуы мүмкін демексіз бе?
- Иә, біз әлі де болса нарықтық қоғамда өмір сүріп, жұмыс істеу заңдылықтарын оқып, үйренуіміз керек. Өкінішке қарай, ол заңдылықтарды ауқаттыларымыз да, қалың бұқара да, тіпті лауазымды тұлғалардың өздері де түсіне алмай жүргендіктерін байқап қаламыз. «Лобби» дейтін ұғым соңғы кездері бізде жиі айтылатын болды. Бұл жекенің мақсат-мүддесін мемлекеттік мүддеге айналдыру үшін күрес дегенді білдіреді. Иә, мұндай «технология» капитализм дүниесінде кездеседі. Бірақ ежелден нарық қоғамында өмір сүретіндер оны кез келген тұста пайдаланады деп ешкім айта алмайды. Ал бізде «тендер» алудың өзі «лобби» технологиясымен араласып кеткен. Ол - ол ма, бұл сыбайлас жемқорлықты қоздырушы, күшейтуші, сапасыз өнімдерді көбейтуші тетікке айналып кеткендей. Мәселен, өткен жылы 144 миллиард бюджеттік теңге игерілмей қалған. Несін жасырамыз, бұл - «лоббидің» салдары. Толып жатқан «жасырын цехтар» әшкереленуде. Бұл да лауазымды тұлғалар «қорған болуының» улы жемісі. Егер Қазақстан бұдан былайғы кезінде ішкі немесе сыртқы рынокта сапасыз тауарымен көзге түссе, онда бар үміт бос қиял күйінде қалмақ. Демек, атқарушы билік пен қадағалаушы органдар жалпыұлттық мүдденің, мемлекеттік қаражатты қорғаудың қамында жұмыс істегені дұрыс. Иә, әп-әдемі және қолдан келетін істі өзіміз бүлдіріп алмайық. Әрі-берідесін 2008 жылы банктердің тұйыққа тірелгендігін сыртқы әсер деп жүргенімізбен, ақиқатқа тура қарасақ, ол өз олигархтарымыздың білімсіздігінен туындаған кесел емес пе? Енді «екі шоқып бір қарайтын» заман туды.
Ұлттық жаппай тәрбиені бастау бағдарламасы
- Байқаймын, Сіз «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асыру үшін өз ішімізде ұлттық тәрбиені бастау керек демексіз ғой.
- Нарықтық қоғамда өмір сүретін бірде-бір елде мемлекет ұлттық тәрбиеге араласпайды. «Ұлттық идеология» дейтін капитализмде жоқ. Мұның бәрін әр отбасы өз мойындарына алған. Десек те кеше ғана «кеңестік мектеп» тәрбиесінен шыққан біз үшін нарықтық қоғамда өмір сүріп, еңбек етіп, табыс табудың дұрыс жолын көрсететін сауаттандыру жұмысын жаппай қолға алу керек секілді. Әлгінде ғана біздің отандастардың басым бөлігі нарықтық қатынас заңдылықтарын біле бермейді дедім. Бұл - ащы да болса шындық. Нарықтық қоғамда ең бірінші үнемшілдік өмірлік дәстүрге айналуы тиіс. Әр отбасы жанұялық бюджетті жасақтап, соның өзінен үнемдеп, қор жинауы керек. Ал бізде бұл іспен бірде-бір отбасы әлі күнге айналысқан жоқ десем, оным қателік емес. Нарықтық қоғамда басты мақсат - білікті маман болу. Ал бізде «диплом алу» мақсатқа айналып кетті. Нарықтық қоғамда әркім қосымша табыс көзін іздеп табады. Ал бізде «жалдамалы жұмысшы» болу кезегінде тұру басым. Тіпті соның өзін таңдап әуре боламыз. Қазіргі Қазақстанда жекеменшік кәсіп иелерінен «жалдамалы жұмысшылар» саны еселенген мөлшерде көп. Ал нарықтық қоғамда әр отбасында ең болмаса бір адам жеке кәсіппен айналысады. Бір адамның бірнеше жұмыс істеуі нарықтық қоғамда жақсылық саналады.
Қазақты мақтаймыз. Мақтауға тұрарлық ұлт екеніміз де рас шығар. Десек те өз басым көптеген жағымсыз дағдыларымызды мақтаныш тұтуға мүлде қарсымын. Мәселен, бір ақынымыз қазақтың бір жақсы мінезі ретінде «шашу үшін жинауды» мақтанышпен жырға қосты. Ал капитализм елінде бұл мақтанатын тұс емес, дарақылықты білдіретін қасиет екені анық. Демек, ұлтымыздың өзіне өзін-өзі жаңа қоғамда өмір сүруге қатысты білімін молайту керек секілді. Ең алдымен «мемлекет өлтірмейді» дейтін масылдық ұстанымнан толық тазаруға тиіспіз. Тазарамыз да.
- «Тазарамыз да» деп батыл айтуыңызға қалай қараймыз?
- Ешқашан да экономикасы озық, тұрмысы жақсы өзі масыл ұлт болған емес. Демек, жоғарыда айтылған игіліктерді өз қолымен жасайтын қазақстандықтар қалай болғанда да 2050 жылға қарай толығынан танымастай жаңа сана-сезіммен өмір сүретін болады. Ұлттық құндылықтар дейтіннің «керегі» қалып, «кедергісі» кетеді. Дарақылығымыз да, тойшылдығымыз да көп ұзамай көш соңында қалатын «ескі-құсқылар». Оның орнына «ойшылдығымыз» қайта оралады. «Қайта оралады» деуімнің себебі біз - әбу-Әли ибн Сина, әбу-Насыр әл-Фараби заманында бүкіл адамзаттық ғылымды байытқан түркілердің тамырынан нәр алған ұлтпыз. Ғылым орбитасындағы сол бір шарықтаған кезіміз көп ұзамай қайта келеді. Қазір аздаған іркіліске ұшырағанмен, Қазақстанда қолданбалы химия, физика, математика, биология, медицина ғылымдарының іргелі мектебі бар. Сол мектептер көп ұзамай-ақ әлемді риза қылатын таланттарды бере бастайтынына өз басым кәміл сенемін.
- Сіз «Қазақстан - 2050» стратегиясы сөздің тура мағынасында жаппай ұлттық тәрбиені бастайтын бағдарлама дедіңіз-ау. Меніңше, жаппай ұлттық тәрбие «нарықтық қоғамда өмір сүріп, еңбек етіп, табыс табу» мәселелеріне қатысты бұқара сауатын ашумен шектелмейді...
- Дұрыс айтасыз. Ұлттық тәрбие толыққанды және жан-жақты болуы шарт. Бұл бүгінгі таңдағы басты қажеттілігімізге айналған сыңайлы. Олай дейтін себебім, тәуелсіздік алған 21 жыл ішінде экономика мен тұрмыс жақсы жағдайға ауысып жатса, қоғамдық санада толып жатқан «жіктер» пайда болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жолғы Жолдауында арнайы атап көрсеткеніндей, қазақ топырағына Ислам діні енгеннен бергі 10 ғасырдан астам уақыт ішінде қазақ қызының беті бүркемеленбеген. Біз қызын еркелетіп, еркін ұстаған халық едік. Енді келіп, ХХІ ғасырда хиджаб киетіндер пайда болды. Дін жолындағы білімді достарым «бұл «форма» Ислам діні міндеттейтін ұстаным емес, парсылардың ұлттық киімі» дегенді айтады. Ендеше, бұл адасушылық қой. Қазақ жастарының әкесі тірі жүргенде қауға сақал жіберуі біз көрмеген бір болмыс. Мұны да Ислам дінінің ерекшелігі дейтіндер табылып жүр. Бірақ Сауд Арабиясының өзінде сақалы жоқ жастар бар екенін неге ойламаймыз? Олар да Исламды ұстанып, мешіттерде намазға қатысып жүрген жастар екенін неге ескермейміз? Қысқасы, қазақтар ұстанатын бір Ислам дінінің өзіне біздің елде бірнеше жарықшақ түскені анық байқалады. Ендеше, ұлттық тәрбиені хақ дінімізді дұрыс түсіндіруден бастау керек шығар. Бір ескерерлік тұс - Исламда ысырапқорлық та өсімқорлық секілді «айыпталады». Демек, Исламның нарықтық қоғамда қиналмай дұрыс өмір сүруге де пайдасы мол болмақ.
Ұлттық тәрбие «ананың міндеті, мынаның міндеті» деп ысырып тастамай, оны әрқайсымыз тікелей өз міндетіміз десек қана күткен жемісін береді. Егер әр ата-ана өз баласының дұрыс тәрбие көріп, дұрыс өмір сүруін қамтамасыз ете алса, сонда ғана ұлттық мүдде біздің игілігімізге қызмет етпек.
Жалпы алғанда өз басым осы Жолдауы арқылы ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мүлде жаңа және интеллектуалдылығы жоғары ұлт қалыптастыру мұратын жүзеге асыруға бағытталған ымырасыз шабуылды бастады деп ойлаймын.
- Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Таңшолпан БЕКБОЛАТ
Айқын
Лебіз қалдыру

