Берекеміздің жауы – инфляция
Елбасымыздың «Қазақстан–2050» стратегиясы жарияланғаннан бері отандастардың көбісі «төбелері көкке жеткендей» қуанышты. Бұл – орынды қуаныш. Өйткені біз ең бастысы, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің сапында боламыз деген межемізді мерзімінен 18 жыл бұрын алдық. Қазақстан қазірдің өзінде кейбір тұстар бойынша бәсекеге қабілетті алғашқы жиырмалықтың арасында жүр. Ал даму қарқынымыз жағынан көшбастаушы үштіктеміз. Енді міне, әрбір қадамын ғылыми негізде өлшеп, соған сай нақты бағдарламамен жұмыс істейтін ұлт Көшбасшысы – 2050 жылы Қазақстан экономикалық қуаты жағынан көшбастаушы алғашқы отыздық сапында болуы тиіс» деген жаңа асқаралы міндетті алға шығарды. Бұл – толық жаңарып, дамыған елдердің дәрежесіне жетіп, тіпті Еуропаның өзіндегі ең алдыңғы қатарлы дамыған елдердегідей өмір сүру деген сөз. Бұған қуанбағанда қайтеміз?!
Иә, қуаныш – ақиқатты көзге елестете алатын сауатты отандастардың бәрінің көңіліне ұялаған бір тамаша сезім. Өйткені Қазақстанның барлық мүмкіндігін білетін және сараптай алатын сауатты топ еліміздің бар-жоғы 38 жыл ішінде мұндай экономикалық даму Қазақстанның қолынан келетініне кәміл сенеді. Бізде дамуды қамтамасыз ету үшін бұған дейін де жазғанымыздай, қажетті дегеннің бәрі бар. Ең бірінші білімді, ынтымағы жарасқан халқымыз бар. Екіншіден, жеріміздің беті де, қойнауы да ырыс пен қазынаға толы. Біз азық-түлікті де, энергия көздерін де, өндірістік металдарды да, тіпті сирек кездесетін химиялық элементтерді де ешкімнен сұрамайтын елміз. Жеріміздің бетін сауатты пайдалансақ, қазіргіден 10 есе өскен халықты асырай алады. Энергия көздеріне келсек, тек қана зерттелген уран қоры жөнінен әлемдегі екінші орында тұрған бай мемлекетпіз. Өндірістік және сирек кездесетін металдар жайлы да осындай ақиқат айта аламыз. Сондай-ақ біздің географиялық орналасуымыз ХХІ ғасырда қайтадан жанданып жатқан Ұлы Жібек жолының өзегінен бұйырғаны да бақытымыз. Оңтүстік Шығыс Азиямен Батыс Еуропаны жалғайтын халықаралық транзит дәлізі Қазақстанды көктей өтеді. Бұған қоса Иран арқылы Таяу Шығысқа, Үндістанға шығу жолын жасап жатырмыз. Осылардың бәрін ескерген қалталы инвесторлар ақыр аяғында дамудың басты кілті – қаражатты Қазақстанның экономикасына құюға аса ынталы болып алған. Мінекей, осындай ақиқаттар біздің өміріміздің нақты көрінісі екенін білгендіктен де экономикалық даму болмай қоймайтын игілік деуге толық қақылымыз.
Осындай шындықтарды білетін біз өмірдің басқа да ақиқаттарынан хабардар болғандықтан, бүгінгі мақаланы болашақ берекеміздің басты жауы не екенін атап көрсетіп, онымен күреске бүкіл билік болып жұмылса екен деген тілекті алға шығардық. Сонымен, әр нәрсенің атын атап көрсетер болсақ, берекенің басты жауы – инфляция!
1. Инфляция неліктен басты жау?
Біз ғылыми негізделген тұжырымдардан гөрі бүгінгі өмірдің ақиқаты сенімдірек болады деген ұстаныммен өз сөзімізді нақты деректерге сүйеніп дәлелдегенді жөн көрдік. Ал ол нақты деректер дамыған елдер жағдайында былай дейді:
1) Бүгінгі «дамыған елдер» теңеуіне ие болған алғашқы отыздық сапындағы мемлекеттердің қарқынды дамуға қадам жасаған бастапқы кезеңде оларды да инфляция қатты қинады. Инфляция, әсіресе, Еуроодаққа мүше болған елдердiң берекесін қашырды. Демократияға толық еркіндік берген бұл мемлекеттерде инфляцияны желеу етіп, жалақы, зейнетақы дегендерді өсіру ұсынысымен шеруге шыққандар қала көшелерін тасқын судай басып алды. Жұмыс берушілер де, мемлекеттік билік те талап етуші жақтардың ұсынысын қабылдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, жалақы, зейнетақы мөлшері ұдайы өсіп, ақыр аяғында қазіргі деңгейіне дейін жетті. Бұл күндері Еуропаның дамыған елдері жалақы, зейнетақыны ең жоғары мөлшерде төлейтін мемлекеттер. Міне, қазір Еуропа экономикалық дағдарыс қыспағына тұншығып, рецессияға жол беріп отырса, бұл осы шектен шығып кеткен мол жалақының кесірі. Өйткені жалақы – өнімнің өзіндік құнына енетін жұмыс берушінің нақты шығыны. Мәселен, бір «Мерседес» көлігін құрастыратын 5 адам болса, Германияда оның бесеуі де 3,5 мың евро жалақы алады. Қытайда дәл сондай іс тындыратын 5 адам бар-жоғы 200 долларлық жалақыға риза. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан еуропалықтар өз өндірісін Қытайда көптеп ашып жатыр.
2) Инфляция – ақшаны сауда капиталының иелеріне жинап беруші басты құрал. Ал сауда капиталы нақты тауарлы өндіріспен айналыспайды, яғни өндіріске инвестиция құймайды. Айталық, жоғарыда мысалға алған «Мерседес» автокөлігі негізгі өндірісшіден арзанға алынады да, оған сауда капиталының иелері қосқан үстемемен тұтынушыға сатылады. Сондықтан өндіріске ешқандай қатысы жоқ жақ бар болғаны өзінің «сауда қызметін көрсеткені үшін» айналымдағы ақшаның бір бөлігін қалтасына түсіреді. Бұл ақшаның не өндіріске, не тұтынушыға пайдасы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, дүниежүзінде осындай еш жаққа пайдасы жоқ «өлі капитал» ақшалар триллиондаған долларды құрайды. Сөйтіп, «өлі капиталға» айналған ақша тағы да жаңа ақша басып шығаруға дерт қоздырғышындай әсер етіп, ақыр аяғында инфляция жалғаса береді. Біздің мысалымыздағы Еуроодақтың Грекия, Италия, Португалия, Испания, Кипр секілді көптен бері қиналып жатқан елдерінде ақша жоқ емес, бар және мол мөлшерде. Бірақ сол бар ақшаның бәрі дерлік сауда капиталының иелерінде. Яғни мол қаржы өндіріспен айналыспайтын бар-жоғы тауарды тұтынушыға жеткізуші қызмет атқаратын саудагерлердегі мол ақша сөйтіп мемлекеттерді тығырыққа тіреген.
Мінекей, біз бүгінгі көріп-біліп отырған ақиқатымыздан нақты мысал келтірдік. Бұл мысалдарды түсіне білген адам жан түршігерлік жағдайға бағалайды. Өйткені ол инфляция дегеніміз жеке тұлғалардың ғана емес, натуралды өндірістің, сондай-ақ мемлекеттердің де басты жауы екенін түсінеді ғой.
2. Қазақстандағы инфляция
Ақиқатқа тура қарау керек, қарқынды дамуын қамтамасыз ете алған Қазақстан инфляция деп аталатын басты тажалдан құтыла алмай-ақ қойды. 1997 жылы қарқынды даму арнасына түскеннен бері инфляцияның шамалы болғаны 2012 жыл шығар. Оның өзінде жылдық инфляция 5,6 пайыз болды делініп жүр. Ал жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі 5 пайызды құрапты. Яғни инфляция дамуымыздан алғанымызды толық жалмап, оның сыртында қорымыздан тағы да 0,6 пайыз «алып кеткен».
Біз инфляциямен күресті күшейту керек, бұған бір ғана Ұлттық банктің әлі келмейді, онымен күреске аймақ әкімдіктерін, монополияға қарсы агенттік қызметін және қосу керек дегенді ежелден айтып келеміз. Бірақ әлі күнге дейін бұл бағыттағы қимыл байқалған жоқ. Енді міне, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға кіріскен шақта барлық берекеміздің басты тажалы инфляция екендігіне тағы да назар аудартуды жөн көрдік. Кестеге қараңыз:
Жылдық инфляцияның орташа мөлшері 3 пайыз болды деп есептегенде, бүгін 100 теңге тұратын тауар бағасының 2050 жылғы деңгейі
2012 жыл 100 теңге
2022 жыл 130 теңге
2032 жыл 169 теңге
2042 жыл 219,7 теңге
2050 жыл 271,7 теңге
Осы кестеден бір ақиқатты анық байқауға болады, ол – бар-жоғы жыл сайынғы инфляция 3 пайызбен шектелді деп ойлағанда 2050 жылы бүгін 100 теңге тұрған нақты тауарымыздың бағасы 271 теңге 70 тиын болатындығы. Иә, бар-жоғы жылдық инфляция 3 пайызбен шектелді дегендегі көретініміз осы. Егер жылдық инфляция 5 пайыз болса ше? Онда жағдай мынадай көрініс табады.
Жылдық инфляцияның орташа мөлшері 5 пайыз болды деп есептегенде бүгін 100 теңге тұратын тауар бағасының 2050 жылғы деңгейі
2012 жыл 100 теңге
2022 жыл 150 теңге
2032 жыл 225 теңге
2042 жыл 337,5 теңге
2050 жыл 472,5 теңге
Міне, кенелеміз деп отырған берекеміздің «берекесі қашты» деген осы. Береке қашпағанда қайтеді, егер 2012 жылы 100 теңгеге алған тауарымызды 2050 жылы 472,5 теңгеге алатын болсақ?! Жұрт былай ойлауы мүмкін: «инфляцияны көріп отырғандықтан зейнетақы, жалақылар сол мөлшерде өседі ғой». Иә, дұрыс ойлайды! Инфляцияға қарай міндетті төлемдердің өсетіні заңдылық. Бұл күндері қазақстандықтардың орташа жалақысы 100 мың теңгеден асты делінген мәлімет бар. «Бөлек-салағын» ұмыта тұрып, біз оны тұп-тура 100 мың теңге деп қарастырар болсақ, 2050 жылы жалақымыз инфляцияға сай 472 мың 500 теңге болып шығады екен. Қуанасың ба, өкінесің бе? Жұртта шаруам жоқ. Өз басым жалақының сондай деңгейге жетуі қуаныш емес, өкініш әкелудің алды деп ақиқатын айтамын. Өйткені жалақыны одан әрі өсіру мүмкін болмайды. Себебі Қазақстан қанша жерден «географиялық орналасуы қолайлы» десек те, арзан теңіз жолы жоқ ел. Біздің тауарларымыздың басым бөлігі пойызбен экспортталады. Бұл су жолына қарағанда тасымал шығыны 50 пайызға жоғары болады деген сөз. Демек, Германия, Испания, Португалия, Грекия, Италия, Кипр секілді теңіз жолдары бар елдердің өзі қиналып жатқанда Қазақстан жылына 5 пайыздық инфляция сақталатын болса, «қиналғанның көкесін көретін» ел екенін енді түсіндірудің қажеті жоқ шығар.
3. Не істеу керек?
Адамзаттың ес білгеннен бергі кезеңде қыр соңынан қалмай келе жатқан осынау сұраққа біз де ертең емес, бүгін жауап беруге тиіспіз. Біздің ойымызша, төмендегідей нақты тірлік өмір ақиқатына айналуы тиіс:
1) Инфляциямен күреске атқарушы биліктің барлық буынын биыл жұмылдыруға тиіспіз. Инфляцияның жылдық мөлшерін 5 пайыздан түсіре алмаған аймақ әкімдері бүкіл жақсы қасиеттеріне қарамастан, орындарын тастауы тиіс.
2) Отандық базардан «делдализм» жойылуы – басты міндет. Нақты тауардың, азық-түліктің иесі өз өнімін өзі сататын жағдай жасау – жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті болсын. Сонда ауылдағы ағайындарға аз да болса «шыр бітеді».
3) Энергияны үнемдеу, көмірсутектерінің отандық базардағы бағасын тізгіндеу атқарушы биліктің қызметіндегі басты көрсеткіштердің біріне айналуы керек.
4) Импорт тауардың кедендік «хатталудағы бағасы» мен нақты саудадағы бағасының арасындағы айырмашылық азайтылуы – басты қажеттілік.
Қорыта айтқанда, барлық берекеміздің басты жауы – инфляциямен күреске енді дұрыс қарамасақ, бәрін жоғалтамыз. Тіпті алғашқы кестеден көрінгеніндей, бізге инфляцияның жылдық 3 пайыздық өсімі де ауыр жүк болмақ. Мақсат – бұл тажалды екі пайызға «тығып» тыну болса ғана, дұрыс істедік деп ойлайық.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ
Айқын
Лебіз қалдыру

