Пн03252013

Соңғы жаңару05:36:33 AM

Ауызашарға барғаны үшiн лаңкес атанды

Атырау дегенде ел көзiне мұнайымен қатар бет-аузын сақал басқан терроршылар қатар келетiндей. Мұндай ұғым қазiр телеарналардан белсендi түрде уағыздалып жатқан “Соқыр сенiм” деректi фильмiнен соң үдей түстi десе де болады. Сол фильмде айтылғандай былтырдан берi сотталған елу шақты адамнан бөлек тағы “13 адам өз жазасын” күтiп жатыр. Солардың бiрi – Атырау аграрлық колледжiнiң студентi 20 жастағы Мейiрбек Жанқуатов.

МЕЙIРБЕК ШЫНЫМЕН КIНӘЛI МЕ?

“Жас Алашқа” арнайы хат жолдаған Мейiрбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкiр­ға­лиеваның ай­туынша баласын былтырғы қыркүйекте сабақтан бос уақытында табыс табу үшiн жұмыс iстеп жатқан жерiнен қамауға алған.

– Баламды “колледжден хабарласып тұрмын, апайыңмын” деп әйел адамға телефон соқтырып, артынша полиция машинасымен алып кеткен. Кейiн қазан айында әрең дегенде кездесуге рұқсат алғанымда, ұлым қат­ты жылап, өзiн токқа ұрғызып, қи­нап, соғып жал­ған мойындатулар жасатқанын айтты, –дейдi.

Баянның сөзiне сүйенсек, аузынан ана сүтi әлi кебе қой­маған жас бала ұлт қауiп­сiздiгiн қорғайтындардың қырына өткен жылғы ораза кезiнде тағы бiр Ыбырай Әдiр есiмдi дiндардың үйiне ауызашар­ға барғаны үшiн iлiккен. Кейiн жергiлiктi басылымдарды былай қойып жалпақ республикаға “бомба жасады, елдiң малын ұрлап сатып, соған оқ-дәрi сатып алған терроршылар” деген айыппен Жан­қуатовқа қоса, осы Ы.Әдiр және Махамбет Исағалиевтiң аты-жөндерi жария етiлiп, қамауға алын­ғаны хабарланған.

– Баламды тергеу барысында Атырау облыстық ҰҚК депар­та­ментiнiң тергеушiсi Қайрат Сисенов қатты қинаған. Басына целлофан дорба кигiзiп тұншықтырып, ұратындай ол не iстедi? Балама “Ыбырай Әдiрдi қамадық, онымен байланысың туралы айтасың” деген. Жаны қиналған балам маған: “апа, барлық баспасөзге, президентке, бас прокуратураға жазшы, әдiлдiктi iздешi, менiң кiнәм жоқ” деп жалынды, – дейдi Баян Шүкiрғалиева.

Оның айтуынша, ҰҚК тергеу бөлiмi бастығы Амангелдi Әбуғалиев те баласын нақты не үшiн қамап отырғандарына жауап бере алмаған.

– Маған Әбуғалиев мырза “Ауыз­ашарда бiреуге флэшка берген. Сол үшiн Әдiрмен байланысы бар деп санап отырмыз” дедi. Ал балам “флэшканы бердiм” деген жалған түсiнiктемеге қол қойдыруға мәж­бүрлегенiн айтты, – дейдi Шүкiр­ғалиева.

Мейрамбек – Жанқуатовтар отбасындағы бес баланың тұңғышы. Өз бетiмен ақша тауып, оқу ақысын төлеп әрi ата-анасына қолғабыс жасауға тырысып жүрген жас жiгiт. Былтырғы наурыздан берi намаз оқи бастаған. Баян Шүкiрғалиева баласының имандылық жолына түсуiне қарсы болмағанын айтты.

– Баламның бар жазығы арақ пен темекiден аулақ болып, ата-анасын сыйлағаны, сабағын жақсы оқып, iнi-қарындастарына жәрдемдескенi ғана, – дейдi күйзелген ана.

 

                                 “ТЕРРОРШЫНЫҢ” МIНЕЗДЕМЕСI

Баян Шүкiрғалиева  баласы туралы жолдастары мен кураторы берген сипаттаманы да көрсеткен едi. Оның арасында тiптi Қызыл­қоға аудандық “Бәйтерек” мешi­тiнiң бас имамы Бауыржан Балта­бековтiң де мiнездемесiн кездес­тiрдiк. Ол осы күнге дейiн барымташы әрi терроршы саналып, қамауда отырған Мейiрбек Жанқуатов туралы: “Мейiрбектi мешiтке келушi жамағаттың бiрi ретiнде танимын. Мешiтке келгенде iшкi тәртiпке бағынатын, терiс ағымдарды насихаттайтын топтардың арасынан байқалмады. Мiнезi бiрқалыпты, сәлемi түзу, ислами мiнез-құлықты бойына дарыт­қан жастардың бiрi”, – деп сипаттапты.

Ал колледждегi кураторы Алмагүл Шамұратова студентiн: “Тәртiбi жақсы, берiлген тапсырманы уақытында орындайды. Мiнезi салмақты, қасындағы адамдармен тез тiл табыса бiлетiн студент”, – деген.

Онымен аз уақыт болса да жұмыстас болған Аслан Бекмұханов әрiптесiн “еңбекқор, жұмысқа жауапты, ақкөңiл, ашық” деп баға берсе, курстастарының бiрi     Әй­г­ерiм Қайыржанова “бәрiмiзге жымия жауап беретiн, iс-шараларға белсене араласады” деп сипаттайды.

Баян Шүкiрғалиеваның қолындағы жиырмаға жуық жазбаша сипаттаулар Мейiрбектiң ақөңiл, адал, көркем мiнездi жiгiт екендiгiн ғана баяндайды.

 

ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА МЕН ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ДЕПАРТАМЕНТI ЖАУАП БЕРМЕЙДI

Баласы қамаудағы төрт айдан берi Жанқуатовтардың отбасынан тыныштық кеткен. Әдiлдiк iздеп шырылдаған ата-ана Астанаға хат жазудан кенде емес.

 – Мен қазаннан берi президент Н.Назарбаевқа үш хат, бас прокурор А.Дауылбаевқа екi хат, Жоғары сот төрағасы Б.Бекназаровқа екi хат, Премьер-министр С.Ахметовке де, ҰҚК төрағасы Н.Әбiқаевқа да, Атырау облысының әкiмi Б.Iзмұха­м­бетовке де қос-қостан хат жаздым. Бәрi жауапты Атырау облыстық прокуратурасы беретiнiн айтқан. Ұзын-ырғасы 11 хатқа 4 қана жауап алдым. Қанағаттанбайтынымды, келiспейтiнiмдi, баламды шығаруды сұраған соңғы 26 қарашадағы арызыма Атырау облыстық прокуратурасынан әлi күнге дейiн хабар жоқ, – дейдi Баян Шүкiрғалиева.

Оның арызымен айналысқан прокурор Серiк Мусин “Жас Алаш” тiлшiсiне жауапты арыз иесiне беретiнiн айтып, сөйлесуден бас тартты.

Жанқуатов мал ұрламаса, лаң­кестiк жасамаса, олармен байланысы болмаса не үшiн қамауда отыр? Оған жасаған әлiмжеттiк, қинаудың болғаны рас па? Бұл са­уалдарды Атырау облыстық ұлттық қауiпсiздiк департаментi бастығы Ақдарбек Кенжебековке қарашаның 13-i күнi жолдағанымызбен, жауап берген ешкiм жоқ. Тiптi ҚР президентi қол қойған «БАҚ туралы» заңда жазылғандай, үш күн iшiнде жауап беру туралы талаптың қауқары бұл органға жетпейтiндей.

Әлбетте, терроризммен ешкiм де келiспейдi, отбасына тыныштық, елiне амандық тiлейтiннiң қайсысы болса да бұл ұғымнан бойын аулақ салады. Дегенмен, терроризмдi түбiмен құрту туралы президенттiң сөзiн “шаш ал десе, бас алатындар” өздерiнше қолданып әлек. Керiсiн­ше, осындай әрекеттiң салдарынан ел бүгiнде  намаздан, иманды болудан үркетiн халге жеттi. Бiр ғана мысал, сол Баян Шүкiрғалиева баласының аман шықса намазды қоятынын айтады. Жүрегiне иман ұялат­қан бiр жасты керi қайтарып алдық. Не ұттық? Әлде ораза тұтып, ауызашарға бару да заңға томпақ па екен?

Сөз соңында ашынған ананың хатындағы мына бiрауыз сөзiн де газет арқылы естiр құлаққа жолдай кетейiк: “Биыл күзде Атырауда 47 адам осы “терроризм” бабымен сотталды. Олардың арасында 10 жылдан кем емес жазаны жазықсыз арқалағандар бар. Намаз оқитын жастарды ұрып-соғып соттайтын болса, жер-жерге мешiттердсалып, имамдарды не үшiн ұстап отыр?”

Мұның жауабын беретiн бiреу бар ма?

 

Сәния ТОЙКЕН

Жас Алаш

Лебіз қалдыру

blog comments powered by Disqus
Download SocComments v1.3

новинки кинематографа
Машинная вышивка, программа для вышивания, Разработка макета в вышивальной программе, Авторский дизайн

ramka

 «Ал ен­ді Алаш азаматтары!... Біз қолы­мыз­дан келген жұмысымызды Алаш пайдасына жұмсаудан тар­тынбай қазақ жұртымызға аз да болса бip соқпақ жол болсын деп бастап журнал шығардық, ма­қ­сұты­мыз дүние жиып байымақ, пай­даланбақ емес, тек қана жұрт­тың көзі, құлағы болмақ еді. Білгенімізді жаздық, айттық... не жаз­­сақ та таза жүрек, таза ниетпен жазып едік,... мақсатымыз ха­лыққа жол көрсетпек еді. Газета­шылық, журналшылық қазақ жі­гіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек едік. Біз сол мақсұтымызға жеттік. Ендігі жұ­мыс оқыған жастардың мой­нын­да...» Мұхаммеджан Сералин, 1911 жылы шыққан Айқап журналының бас редакторы.

Айқап.kz - Республикалық ақпараттар порталы. Саясат, қоғам, экономика, бизнес, әлеумет, мәдениет, спорт, фото және видео репортаждар. Айқап.kz ақпарат порталы Қазақтың 1911 жылы шыққан тұңғыш басылымы Айқаптың жаңа нұсқасы.
Сайт материалдарын қолдану үшін гиперсілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады.
Бас редактор - Ержан Алаш.
Барлық сұрақтар бойынша мына нөмірге қоңырау шалыңыз:
тел.: 8 (778) 114 36 63
e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін.
Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.