Ғалымжан Жақиянов: Саясатқа қайтып оралуым мүмкiн
Павлодар облысының бұрынғы әкiмi, кезiнде елдi дүркiреткен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының негiзiн қалаушылардың бiрi Ғалымжан ЖАҚИЯНОВТЫҢ саясат сахнасынан көрiнбей кеткенiне бiрнеше жылдың жүзi болды. Былтырғы жылы “Ғалымжан Жақиянов кенже ұлы Ележанмен бiрге Массачусетс технологиялық институтында (MIT) оқиды екен” деген ақпараттың жылт еткенi болмаса, оның қайда және немен айналысып жүргенiнен жұрт бейхабар едi. Жақында Forbes.kz порталының редакторы Вадим Борейко Ғ.Жақияновпен Skype арқылы сұхбаттасыпты. Онда саясаткер отбасының қазiргi тұрмыс‑тiрiшiлiгiн баяндап, ұлдарымен бiрге АҚШ‑та бiлiм алып жатқанына тоқталған. Сондай‑ақ, саясаткер елдегi оқиғаларға өз көзқарасын бiлдiрген.
“Бұған дейiн бiлiм алып, бiраз тәжiрибе жинақтағаныма қарамастан, үнемi өз бiлiмiмдi толықтырудың жолдарын iздейтiнмiн. Әсiресе, қазiргi экономика мен басқару тәсiлдерi саласында, мұнда бұл Management and Leadership деп аталады. Бiрақ көптен берi мұндай мүмкiндiк болмаған едi. Әртүрлi себеппен бұған қолым жетпей жүрген. Ал бұл жолы мұның сәтi түстi. Қарлығаш екеумiз АҚШ‑қа 2011 жылдың жазында, бұл уақытта АҚШ‑тың жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалып жүрген Ележанның жанынан табылу үшiн келген едiк. Бiрқатар оқу орнын аралап көрген соң Ележан Массачусетс технологиялық университетiне тоқтам жасады. Әке ретiнде ұлым жасаған таңдауға қуандым. Өйткенi бұл оқу орны өз альма‑матерiмдi еске түсiретiн. Кезiнде MIT кеңестiк Бауманканың американдық үлгiсi болып саналатын. Осы американдық университеттердi аралап көрген кезде олардың озықтығына таңғалып, тамсандым. Бiр жағы барынша бәсекеге қабiлеттi болып шығатын студенттерге қызғана әрi қызыға қарадым. Сөйтiп, өзiме де осында толыққанды бiлiм алсам қайтедi деген ой келдi. Қарлығаш бұл идеяны қолдап қана қоймай, өзi де ары қарай бiлiм алу үшiн ағылшын тiлiн оқуға құштарлана кiрiстi. Ележанға MIT‑тiң бiрiншi курсына шақырту келгеннен кейiн бiрнеше күннен соң менiң де MBA бағдарламасына қабылданғаным белгiлi болды. Ележан екеумiз институтқа бiрге барғанда мұндағылар қатты таңғалды. Әке мен баланың бiрге оқуы бұл жақтағылар үшiн таңсық нәрсе. Бiрақ Америкада алпыс жаста да оқуға түсе бередi”.
Осылайша студент атанған Жақиянов ағылшын тiлiн жетiк меңгергенiмен, әлi де жетiлдiре түсудi қажет етедi деп түйiндейдi. “Кiлең бестiк баға аламын деп мақтана алмаймын. Бұл жерде тек қана ағылшын тiлiнде еркiн сөйлеу аздық етедi, оқып жатқан пәнiң туралы еркiн ой қозғап, пiкiрталасқа араласа алатындай деңгейде сөйлеу керек. Тобымыздағы студенттердiң 95 пайызының ана тiлдерi – ағылшын тiлi. Сондықтан көп ретте пiкiрталасқа емiн-еркiн қатысу қиынға соғады: ойыңды тез жинақтап, тез әрекет етуiң керек”.
Ғ.Жақияновтың айтуынша, бұған дейiн әлемнiң әр түкпiрiнде тарыдай шашылып жүрген отбасы мүшелерi ендi АҚШ-та бас қосқан. Луизиана штатында Chevron компаниясында жұмыс iстеп жүрген үлкен ұлы Берiк жақында Гарвард бизнес мектебiне оқуға түсiптi. “Сөйтiп, отбасымыз қазiр түгел студенттер”, – дейдi ол.
Бұдан бөлек Жақиянов бизнеспен айналысатынын тiлге тиек етiптi. “Қазақстаннан 2008 жылы кеткен соң Төлен Тоқтасынов және өзге де серiктерiмiзбен бiрге Моңғолияның тау-кен саласында бизнеспен айналыса бастадық. Содан кейiн Қытайда көмiр өндiру бизнесiн қолға алдық. Бұл маған Семейдегi 90-жылдардан берi таныс iс”, – дей келе мемлекеттiк қызметке барғанға дейiн “Семей” көмiр өндiру компаниясын бизнес көзiне айналдырғанын еске салады. “Ал қазiр Қазақстаннан бизнес ашып көрмедiңiз бе?” – деген Вадим Борейконың сұрағына Ғ.Жақиянов: “Бәрiнен бiр күнде айырылып қалу үшiн ашам ба? Бұл жайлы әңгiме қозғаудың өзi артық”, – деп жауап берген.
Ғ.Жақияновтың айтуынша, ол ара-тұра елге келiп кетiп тұрады. “Елге келген сайын өзiме ерекше назар ауатынын байқаймын. Белгiлi бiр қызмет органдарының бiзге қатты назар салатынын мен ғана емес, отбасымның мүшелерi де сезедi”.
Жақиянов саясаттан бiржолата кеттi ме, әлде қайтып оралатын ойы бар ма? Жақиянов жайлы әңгiме бола қалса, ең алдымен осы сұрақ ауызға алынатыны анық. Бұл сұраққа Ғ.Жақияновтың өзi: “Саясатқа қайтып оралуым мүмкiн екенiн жоққа шығармаймын. Қазiр экономика және саясатпен байланысты салаларда оқып, бiлiм алып жатырмын. Саясатқа қызығушылығым осылайша жалғасып жатыр. Тек саясатқа қызығушылық пен саяси iс-әрекетке қызығушылық түсiнiктерiн бөле-жара қараймын”, – деп жауап бердi .
Әрмен қарай посткеңестiк кеңiстiктегi интеграциялық процестер жайлы сөз қозғаған ол Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiрген соң Кедендiк одақтың пайдасы қалмайды деген пiкiр бiлдiрген. “Кедендiк одақ нормаларын жою қажет болады. Себебi Бүкiләлемдiк сауда ұйымының қағидалары мүлде бөлек. Халықаралық ережелерге бағынамыз ба, әлде iшкi пайдалануға арналған тар қағидалардан шыға алмай қаламыз ба? Екi ереже бойынша өмiр сүру мүмкiн емес. Олай болса, халықаралық ережелерге бағынуға тура келедi. Сөйтiп, Кедендiк одаққа қатысудың мәнi қалмайды”.
Ал 2050 жылға дейiнгi Қазақстанның даму стратегиясына тоқталған саясаткер мұндай ұзақмерзiмдi бағдарламалар жеке мемлекеттен гөрi корпорацияларға тән екенiн кесiп айтқан. “АҚШ-та елдiң дамуына арналған стратегия түгiл, жекелей штаттың мұнша ұзақмерзiмге арналған даму стратегиясы жоқ. Стратегия тәрiздi түсiнiк елден гөрi корпорацияға тән. Демократиялық ел алға жылжиды, елдiң көңiл күйiне қарай оның билiгi де ауысып тұрады. Билiкке келген жаңа күштер жаңа саяи мақсат-мiндеттi белгiлейдi. Сондықтан демократиялық елде билiкке келген әлдебiр партия алдағы он жылға даму стратегиясын ұсынса, бұл күлкiлi көрiнер едi. Өйткенi бiрнеше жылдан кейiн сайлаушылардың көңiл-күйi өзгерiп, әлгi партия жеңiлiп қалуы мүмкiн”.
“Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта жүрсең, елдiң проблемалары мен болашағына басқаша көзбен қарай бастайды екенсiң. Бiздiң ел жақсы өмiр сүруге лайықты. Бұл сөзсiз iске асатынына сенемiн”, – деп қайырады Ғ.Жақиянов.
Е.Елемес
Жас Алаш
Лебіз қалдыру

