Бұрынғы Бөкей Ордасы, қазіргі Құрманғазы ауданына сырткөз пікір.
Суретте Ішкі Орданың 19 ғасырдағы билеушілері. Кейін аты Бөкей Ордасы болып өзгертілген бұл елді мекеннің аумағы Еділ мен Жайық арасында болған. Турасында қазіргі Қазақстанның шекарасы Еділге дейін болу керек, бірақ бүгінгі шекара Еділдің бір сағасы Қиғаштың бойымен өтеді. Менің әкем сол Қиғаштың қазағы. Әжемнің үйі өзен жағасында, өзеннің арғы жағы Ресей. Астраханға барғанымда жолай жатқан молалардың бәрі қазақ бейіттері. Бұл деген не? Бұл деген сол жерде жатқандар өз жерлерінде жатыр, ал Ресей ол жерлерді өзіне өткізіп алды. Астраханда қазақтар өте көп. Әйгілі "Камызяк" әзілқойлар командысын құрушылар да сол жерде қалып қойған қазақтардың ұрпақтары. Бүгінде Астрахань қаласында қазақтардың саны орыс және татар халықтарынан кейін үшінші орында тұр. Саны 50 мыңға жуық. Мысалы үшін белгілі тіл жанашыры, экс-депутат Амангелді Айталы сол қаланың тумасы.
Бөкей Ордасы жайында айтсақ ең алдымен заманының алдыңғы қатарлы талантты ханы Бөкей Ханның орны бөлек. Мен Әбілхайыр ханның немересі Бөкейді қатты сыйлаймын. Ол болмағанда Еділ Жайық арасын орыстар иеленіп алатын еді. Тіпті ол жерлерден қалмақтардың да дәмесі болған. Бір таңқалатыным, мысал үшін оның атсы Әбілхайырдың өзі өте керемет қолбасшы, ұлы хан болған. Қазақтың үш жүзінің басын қосып, Аңырақайда жоңғарларды аңыратқан әскердің қолбасшысы сол еді. Ал оның баласы Нұралы ондай болмады. Соның кері болды. Нұралы хан әкесі Әбілхайыр, залым Барақтың қолынан қапыда өлген соң таққа отырған еді. Оны отырғызған әйел патша Елизавета оны қуыршақ қылып ұстады. Халықтың қаһары хан айбатынан асып Сырым Датов Нұралы ханды өлтіріп тастады. Ал Нұралының баласы Бөкей, керісінше өте мықты саясаткер болған. Айла-қулықпен Еділ-Жайық арасын Петербордың мақұлдауымен ел етіп заңдастырып, қарттардың айтуынша "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заман жасаған. Ал оның баласы....Оооой, ол жайлы айту да тұрмайды. Оның баласы нағыз жылан болған. Қазақты құртқысы келген сұр жыланның нақ өзі болған. "Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың, хан емессің ылаңсың, қарашұбар жылансың" - деген Махамбеттің сөздері Бөкейдің ұлы Жәңгірге арналған. Ерекше көріпкел қасиетіне ие болған Исатайдың 13 жасында Бөкейге қарап "ұлыңың алды хан болар, арты шаң болар" деп меңзегендегісі осы Жәңгір еді. Жәңгір Махамбет пен Исатайды өлтірткізген, Ресейдің мұндағы қолшоқпары еді. Елін, халқын көк ала қойдай сабап, қырды. Елі жер жоқ, су жоқ, қиналып жүргенде Нарын құмы ортасынан зәулім сарайлы үйге толы Орда қаласын салып салтанатпен өмір сүрді. Кейін тарих оған өз бағасын берді. Ал тарих оған 0 деген баға берді. Осы Бөкей Ордасының мемлекеттік жүйесі өте керемет болған. Мысал үшін мұндағы білімді адамдардың саны жылдан-жылға артып, басымыз Алашорда партиясы астында біріккенде, осы Ішкі Орданың өкілдері партияда көп болған. Ең мықты өкілдері әрине Қазақстанның қазіргі шекарасын Ленин мен Сталинге дәлелдеп қол қойдырткан Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар. Шекара жақта орналасқан қазіргі Ганюшкино селосында Мақаш мектебі болған. Сол жерде оқыған түлектер қазақтан шыққан Думадағы алғашқы депутаттар болған. Қазақ ССР-ның тұңғыш президенті болып саналған Центр-Избиркомның алғашқы төрағасы Меңдешев осы Мақаш мектебінің түлегі. Бөкей Ордасы кезінде осы жерде күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина дүниеге келген. Өз заманының белгілі саясаткер ғалымдары Мақаш Бекмұхамбетов, Мұхаммед-Салық Бабажанов та сол дәуірде өмір сүрген. Десек те мұңайттыратын бір кілтипан бар. Осы құлан жазық даланың бүгінгі жағдайы көңілге кірбің ұялатады. Халқының дені жұпыны, ауылдар дамудан кенде қалып барады. Бұл жердің біліми сапасы да төмен. Неліктен бір кезде бағы өрлеп тұрған бұрынғы Бөкей Ордасының, бүгінгі Құрманғазы ауданының жағдайы төмен? Неге аудан халқы осы жағдайды түземейді? Қазіргі облыс әкімі сол аудандағы Қошалақ деген жерде туған. Қазіргі гимннің авторы Жұмекен Нәжмеденовтың туған ауылы. Әкімнен осы ауданды түзейді деп үміттенеміз. Ең құрығанда туған ауылы ғой. Осыдан біраз уақыт бұрын Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қабылдауында болғанда, Қазақ елі мен Ресей шекарасында орналасқан Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкиноға Бөкей Ханның есімін беруді де ұсынғанбыз. Бірақ Мәжілісте бұған қатысты заңмама толықтай реттелмегеніне байланысты күте тұруға тура келеді.Мен мына нәрсені анық білемін: егер "Еділ үшін егестік, Қиғаш үшін кырылдык, теңдікті, малды бермедік" - деп су кешіп жүріп бүкіл өмірін "қара қазан, сары бала үшін" соғысуға арнап, ит-өліммен өлген Махамбет тіріліп келсе, елдігінде кілтипан, тірлігі мен дамуында олқылық жетіп жатқан осынау ауданға қарап көңілі қара қазандай болар еді... Дәйектің қажеті не керек, аудан жағдайын көріңіздер...19 ғасырға сапар шегіп қайтыныз...
Ержан Алаш
Айқап.kz
Лебіз қалдыру

