Ерболат ТОҒЫЗАҚОВ, актер: Биылғы жыл мен үшiн құтты болды
Бала кезінде ғарышкер болуды армандады. Бірақ экономист мамандығын таңдады. Ал алпыстан асқанда атақты актерге айналды. Ермек Тұрсыновтың көпшіліктің қошеметіне бөленген «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов ұлу жылы өз өміріне айрықша құт, береке әкелгендігін айтады.
- Режиссерден Шал сияқты күрделі рөлге неліктен кәсіби емес актерді таңдап алғандығын сұрағанымда басқа уәждермен қатар, сіздің тағдырыңыздың күрделі екендігін айтқан...
- Басқалардың тағдыры сияқты. Ол неге күрделі? Айы оңынан туғандар мен жолы бір болмайтын қырсықтар бар. Мен бақыттымын. Себебі белгілі қайраткер, ақын, аудармашы Қасым Тоғызақовтың отбасында дүниеге келдім. Тағдырдың жазуы солай болды. Алдымен әке-шешем өмірден озды. Біз өсе бастадық. Содан кейін сәтсіздіктер белесі басталды. Бәрі бірдей адам өзі ойлағандай бола бермейді.
- Сәттілік деген не?
- Адал, біреудің ала жібін аттамайтын, әрі сау адамдарды кездестіру. Өмір бойы сондай адамдар алдымнан шыға берді. Бұл - нағыз сәттілік! Менің қазіргі жағдайым сол сәттіліктің жемісі емес пе?! Маған айрықша ғажап адамдар кез болды. Айналамда мықты актерлер бар. Асанәлі аға, Нұржұман аға, Досхан аға, Құман аға...Құман аға тіпті риза болып, бетімнен сүйген.
- Ең үлкен сәттілік...
- Біреудің жолы болып ғарышқа ұшады, екіншісі керемет кітап жазады, ал мен киноға түстім.
- Әсіресе, «Шал» сияқты фильмде басты рөлді ойнап, бағыңыз жанды...
- Бұл рөлге кастинг жарияланған кезде көп адамдар сыннан өткен. Бірақ Ермек мені шақырып алып: «Осы рөлді саған беремін» дегенде таңғалдым. Мен актер емеспін ғой. Ол: «Мен саған сенемін» деді. Қазақша ойымды жақсы жеткізе алмайтынымды айттым. Режиссер орысша сөйлеуге рұқсат етті. Бірақ менің сөздерімді қазақшаға Қадірбек Демесінов аударып, үлкен жұмыс жасады. Соның арқасында көпшілік фильмдегі менің дауысым еместігін аңғармай да қалды. Бұл туындыны шығаруға режиссер, суретшілер және тағы басқа көп адам тер төкті. Олар тіпті маған ақша жинап, жақында пәтер сатып әперді. Сондай мейірімді жандар! Ізгілік бар жерде кез келген мәселені шешу оңай.
- Бұған дейін баспанаңыз мүлдем болмады ма?
- Алланың алдында ант етемін, ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Біреулер: «Неге жағдайыңды айтып, хат жазбайсың?» деген. Бірақ киностудия да, әкімшілік те, мемлекет те менің алдымда міндетті емес. Мен де - басқалар сияқты қарапайым, қатардағы азаматпын. Ал Тұрсынов келіпті, Аяз ата секілді сыйлық маған беріпті! (күледі) Бұл өзі бір тамаша адам! Ал фильмде басты рөлдің маған бұйыруы - тағдырдың сыйы, бақытты лотерея билеті.
- Өзіңіз Хемингуэйді оқыдыңыз ба?
- Әрине. Бірақ өте ерте кезде оқыдым. Жартысы ғана есімде қалған. Сантьяго шалдың хикаясы немен аяқталатынын ұмытып қалыппын.
- Сіз Шалға ұқсайсыз ба?
- Кейбір сәттерде өзімді көремін. Бірақ мен ауылда туған жоқпын. Алматы қаласы тұрғынымын. Әйтсе де ауылда тұрған атам есіме түседі.
- Осы фильмнен кейін сіздің өміріңіз қаншалықты өзгерді?
- Өмірім тіпті жақсарды. Көшеде адамдар тани бастады. Фотоға түсіп, қолтаңба алады. Олар шынайы әңгімелескілері келеді. Бүкіл Қазақстанды араладық. Фильмді өңірлерде көрсеткен кезімізде елдің ризашылығын сезіндім. Барлығы жылы қарсы алды.
- Киноға түсіру кезінде ең қиын сәттер қандай болды?
- Кино ақпан айында түсірілді. Дала суық. Сосын, шынымды айтсам, қасқырлардан қорқамын. Мен кинодағыдай емеспін. Шынайы өмірде олардың маңына жолай алмаймын.
- Сонда қасқырлармен кім алысты? Каскадерлер ме?
- Каскадерлер қалай істеу керектігін көрсетті. Бірақ барлығын өзім жасауыма тура келді. Таудан секіру, қасқырлармен төбелесу... Режиссер: «Сенің түрің көрінеді ғой. Өзің істе!» деп, соған мәжбүр етті.
- Қауіп болды ма?
- Бізде қауіпсіздік техникасы бойынша инженер өміріме қауіп төнетіндей жағдайды болдырған жоқ.
- Осы фильм арқылы өзіңіз бір жаңалық ашып, қандай да бір қорытындыға келдіңіз бе?
- Мен киноны жақсы көремін. Енді оны одан сайын жақсы көре түстім. Актерлердің жұмысы маған ұнайды. Қазір пьесаларды қазақша оқуға тырысамын. Қазақ тілін оқуға мықтап кірістім. Кинода қазақша сөйлеу керек болғанда, қазақ тілін білмей жүрмейін деп ойлаймын. Енді мен қанша уақыт фильмге түсе аламын? Әрі кеткенде бес жыл шығар. Әрі кеткенде! Адамның жасы шектеулі ғой. Оған қоса қаншама тамаша актерлеріміз бар?! Мен - зейнеткермін. Шынайы мамандығым - экономист, кинокартиналар әкімгерімін. Актерлік білімім де жоқ. Бірақ керемет актерлердің арасында жүрсең, өзің де бір нәрсе үйренесің. Киноөндіріс саласында 38 жылдай жұмыс істеймін. Бұл үлкен мерзім емес пе?! Сондықтан осы салада жүргеніме ризамын. Бірақ өмірімнің соңына қарай киноға түсе бастаппын...
- Сіз актер болуды армандадыңыз ба?
- Ешқашан армандаған емеспін. Актерлік - бір қол жетпестей биіктік көрінетін. Тым асқақ, түсінесің бе?! Сөйтіп жүргенде Рүстем Әбдірашевтің «Сталинге сыйлығына», Ермек Тұрсыновтың «Келініне», Фархад Шәріповтің «Қызғылт қоян туралы хикаясына» түстім...
- Бірақ олардың ешқайсысы басты рөлдер емес...
- Ия. Бірақ бәрібір олар рөлдер ғой! Сіз «Шалды» көрдіңіз бе?
- Әрине. Бірінші рет - Астанадағы алғашқы жабық көрсетілімде, екіншісі - кинотеатрда. Қасымда отырған қыздар жылап жіберген.
- Рас па?! Мені аяғаннан ба?!
- Ия. Айтпақшы, қоныс тойын тойладыңыз ба?
- Жөндеу жұмыстары бар. Бұрын пайдаланылған пәтер. Бұл - сыйлық. Оның қандай екендігі бәрібір ғой. «Сыйға тартылған арғымақтың тісін санамайды» деген орыс мәтелі бар. Бұл - соңғы уақытта мен алған ең үлкен сыйлық. Биыл мен үшін құтты жыл болды. Жыл киноактері атандым. Бір! «Құлагер» сыйлығын иелендім. Екі! Пәтер сыйлады. Үш! Киноны мойындады. Төрт! Кинематографистер одағының мүшесі болдым. Бес!
- Сізді жаңа рөлдерге шақырушылар бар ма?
- Бар. Бірақ ол үшін алдымен кастингтен өту керек.
- Бала кезіңізде осы кім болғыңыз келді?
- Кәдімгі қарапайым ғұмыр кешіп, зейнеткер болып, өмірімнің соңына тырбаңдап жету. Айтпақшы, ғарышкер болғым келген. Бірақ оған жасым келмейді енді.
- Жаңа жыл қарсаңында қандай тілегіңіз бар?
- Келер жылы газет оқырмандарының тасы биылғы менікіндей тек өрге домаласын!
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА
“Айқын”
Мұрат ӘУЕЗОВ, қоғам қайраткері: Қазақ ұлтжанды болуы керек
Қазаққа Әуезовтер әулетінің бергені көп. Ұлы Мұхтар Әуезовтен басталған бұл сара жолды ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Ал олардың ішінде жазушының төл баласы Мұрат Әуезовтің орны айрықша.
Меркі - менің мекенім
- Менің туған жерім - Жамбыл облысының Меркі ауданы. Бұл - қасиетті мекен, - деп бастады әңгімесін Мұрат Мұхтарұлы. - Есейген кезде өз туған жерімнің қазақ елі, Орта Азияның тарихында орны ерекше екендігіне көзім жетті. Меркі деген сөздің өзі марказий, яғни орталық деген мағынаны береді. Кезінде ол Ұлы Жібек жолының бойындағы кәдімгідей беделді қала болған. Бұл жайлы орта ғасырдағы көптеген араб саяхатшыларының карталарында көрсетілген. Орта ғасыр, көне түрік заманы не болмаса сақ дәуірі кезіндегі небір ғажаптар осы өңірдің қойнауында өз сырын ішіне бүгіп жатқанына күмәнім жоқ.
Мұрат аға 1942 жылы желтоқсанның 31-інде түнгі 11-де дүниеге келіпті. Дегенмен құжат бойынша 1943 жылы қаңтардың 1-і деп жазылған. Ол Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Әсілі, осылай жазсақ, әскерге кешірек алады деген болуы керек.
Ақылына көркі сай
Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитова сұлу әрі өте білімді кісі болған. Ол ХХ ғасырдың басында, 1903 жылы дүниеге келген. Оның туып-өскен жері - Қапал. Бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түс-кен неміс тұтқындарын сол жерге айдап алып барады. Соның бірі Ида Карловна Кайзер жергілікті балаларды оқытады. Кішкентай Фатима да сол кісіден немісше жақсы үйреніп шығады. «Мен өзім де мектепте неміс тілін оқыдым. Сол кездері анамның неміс тілін менен әлдеқайда артықтау білетініне қайран қалатынмын. Мұсылманша өте жақсы білім алған. Анам өмір жолында көп айдауға ұшыраған, бірақ ешкімге намысын таптатпаған, ірі азаматтық дүниетанымы болған жан. Ахмет Байтұрсыновтың арнаған өлеңі анамыздың өз кітабына енгізілген. Қазақ халқының асыл буыны - Алаш азаматтарының бел ортасында жүріп, соларға сай бола білген және тар жол, тайғақ кешу заманда оларды рухтандырып отырған. Ол халқымыздың мемлекет және қоғам қайраткері, публицист-жазушы Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады, бірақ ол репрессияға ұшырады. Сосын халқымыздың құлагер ақыны атанған Ілияс Жансүгіровпен отау құрды. Көп ұзамай, Ілияс аға да тұтқындалып, атылады. Олардан балалар қалды. Әкем Мұхтар сол балаларға қамқорлық танытты. Әке орнына әке болды. Бұл сыйластықтың соңы олардың көңілі жарасып, нәтижесінде мен дүниеге келіппін. Мен Ілияс Жансүгіровтің отбасында туып-өстім. Әкелеріміз бөлек болса да біздің арамызда ешқашан түсініспеушілік болған емес. Ата-анамыз бәрімізді бөле-жармай, жақсы көрді, туыс ретінде өмірлік көзқарасымыздың дұрыс қалыптасып, білім алуымызға бағыт-бағдар берді. Ол «халық жауы» деп жалған айып тағылғандарға қол ұшын созбақ түгілі, олармен жақын араласудың өзі қиын заман еді. Бірақ менің әкем Біләл аға мен Ілияс ағаның артында қалған балаларға өз әкелеріндей қамқор болып, қанатының астына ала білді. «Халық жауының» әйелі ретінде айдауға да түскен анама үлкен қалаларда тұруға рұқсат етпеді. Сол бір жылдары ол өзінің қайраттылығын көрсетті. Меркіде жетіжылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып, мектепті 10 жылдыққа айналдыруға атсалысқан. Меркідегі шәкірттері осы күнге дейін асқан ілтипатпен ұстаздарын еске алады. Олардың анамызды өте құрмет тұтатынын көріп қуанамын.
Анамыз жайлы айтар естелік көп. Біләл Сүлеевтен туған Азат ағамыз Күләш Байсейітованың қызы Құралайға үйленді. Сол кезде біз әкеміз арнайы сатып алған шағын үйде тұратынбыз. Күләш апа қызы мен күйеу баласына өз үйінде тұра беруіне рұқсат береді. Бұл ұсынысқа анамыз қатты қарсы болып, Азат ағама «Сен күшік күйеу болмақсың ба? Намысың қайда? Өз отбасыңның мәселесін өзің шеш» деп талап қойды.
Мен Мәскеуде достарыммен «Жас тұлпар» ұйымын ұйымдастырған кезімде біздің негізгі бағытымызды, құпия сырымызды анам бірден түсініп, жанкүйер болып, бізді қолдады. Біздің ұйымымыз қуғынға ұшырағанда «Құлады жардан «Жас тұлпар» деген өлең жазған. Шешем қазақтың бай фольклорынан 100 мақал-мәтел таңдап алып, бастырып, маған Мәскеуге жіберген. Ол маған үлкен рухани азық болды. Бұл мақал-мәтелдерде азаматтық сезім де, отансүйгіштік қасиет те, адамға үлкен демеу болатындай құдірет те бар. Шешеміздің ұлты - татар. Жазушы Герольд Бельгердің «Қазақтың ХХ ғасырдағы барлық трагедиялық тағдыры
сол кісінің өміріне сыйған» деуі тегін емес. Оның үлкен арманы Қазан қаласына бару болатын. Тіпті менің дәстүрі, тарихы бай Қазан университетінен білім алуымды қалады. Бірақ мен Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алдым. Қазіргі мендегі ең үлкен өкініш «Құдай-ау, сол кездері анамды Қазан қаласына апарып келетіндей мүмкіндік болды ғой. Неге анамның арманының орындалуына мұрындық болмадым екен?» деген ой. Ол 1968 жылы қайтыс болды. Мен ол кезде 25 жас шамасында болатынмын... Бірақ бір міндетімді орындадым. Қайтыс боларының алдында «Қапалымды бір көріп қайтсам» деген өтінішін орындадым. Талдықорған, Қапал, ар жағындағы Ақсуға барып, Ілияс Жансүгіровтің туған жерін аралап қайттық. Сол кезде «Мұрат баламның аяғын Ақсу жаққа байлап кеткелі келіп отырмын» деген сөзі жадымда мәңгі сақталып қалды. Сол да болса көңілге демеу...» деп қорытты анасы жайлы естелігін Мұрат аға.
Үлкен Әуезов әлемі
- Әкем Мұхтар Әуезовтің орны мен үшін әрине, бөлек. Ілияс Жансүгіровті де қатты сыйлаймын. Суреткер ақын ретінде өте жоғары бағалаймын. Ол екеуі - қазақ халқының алдында өз азаматтық борышын абыроймен атқара білген азаматтар. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» небір зұлмат жылдарды басынан өткізген көшпенді қазақ халқының рухын көтеру үшін бірі проза, екіншісі поэзия тілінде жазылған мәңгілік құнды дүниелер, - дейді кіші Әуезов.
Уақыт алға жылжыған сайын адам өткеніне көз жүгіртіп, қорытынды жасағандай болады. «Мен кім болдым? Не бітірдім?» деген сияқты. Мұрат Мұхтарұлы өзінің мақтан ететін сапалық қасиеттерін әкесінің тікелей әсерімен байланыстырады. Ол жаратылысынан жолаушы, жол жүргенді жақсы көреді. Қазақстанда ол бармаған жер аз. Түрлі экспедицияларға шықты. Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың өмірімен танысты. Оны жол, кеңістік өзіне тартып тұрады, ол жол жүргенді аңсайды. Оған бала кезінен әкесімен Алматының төңірегінде, одан Қордай асып Ыстықкөлге жиі баратынының да ықпалы болған шығар. Әкесінің жел туралы толғанып сөйлегені есінде. «Мағжан Жұмабаев өз өлеңдерінде желді әдемі суреттейді. Бұл өзгерісті аңсаған жанның бейнесі. Олардың армандары - самал жел емес, қалыптасқан жағдайды мүлдем өзгертетін дауыл. Әкеміз үлкен тәрбиеші бола білді. Балаларына ерекше көңіл бөлді. Қандай киім киеміз, қай мектепке барамыз, бәрін бақылап отыратын. Шешеме жазған хаттарынан да осыны аңғаруға болады. 1949 жылы әкем бізді Алматыға көшіріп алды және өз достары мен ортасына менің өзінің баласы екендігімді алғаш рет айтып, таныстырды. Ол кездері астанамызда екі-ақ қазақ мектебі болған. Бірінде ұлдар, екіншісінде қыздар оқитын. Әкем қолымнан жетектеп №18 мектепке апарып, директорына тапсырып, менің ана тілімде білім алуыма мән берген. Мен үш жыл сол мектепте оқыдым» дейді Мұрат аға.
Бозбала Мұрат орта мектепті бітіріп, «Кім боламын?» деген мәселе туындағанда, әкесі оған көңіл бөліп, бағыт-бағдар берді. Арманшыл жеткіншек алдымен химик, сосын астрофизик болсам деді. Дегенмен ішкі түйсігі арқылы мән беріп қарап, өзіне гуманитарлық білім жақын екенін түсінді. Сонда әкей оған жымиып қарап отырды да: «Гуманитарлық білімнің өзі екі түрі болады. Бірі - судың жағасында сая жерде жүріп, өзін гуманитармын дейді, ал нағыз гуманитарлар теңіздің тұңғиық тереңіне, дауылына төтеп беретіндей болады. Жеңіл-желпі алған біліміңмен өз-өзіңді алдап алысқа бара алмайсың» деп кеңес берді. Бұл арманшыл жасқа үлкен сабақ болды. Тарихты, әдебиетті, философияны нағыз ірі ғалымдардан үйрену керектігін түсінді.
- Әкемнің 50 томдық шығармалар жинағын әзірлеу барысында бұрын еш жерде жарық көрмеген көптеген жаңа дүниелер тауып алдық, - дейді Мұрат Мұхтарұлы. - Ол - мұхиттай шексіз, барлық уақытын, өмірін қазақтың рухани өмірін көтеруге арнаған жан.
«Банды» болған жылдар-ай...
- Меркіде тұрғанда есімде қалғаны - бір сиырымыз бар болатын. Тауық, басқа да құстар ұстадық. Аға-апаларымыз не істесе мен де солармен бірдей оларға болысып, үй шаруасына көмектесіп өстік. Қабырғада шырақ ілулі тұратын. Соның жарығымен қолдарымызды неше түрлі қимылдатып қоян, түлкі, қасқырдың бейнесіне ұқсатып өзімізше мәз болып жататынбыз. Құдайға шүкір, Біләл ағаның баласы Азат та, Ілияс ағаның балалары да өте дарынды болды. Өмірдің өзі олардың шыққан тегінің тегін еместігін дәлелдеген. Әсіресе, Азат ағамыз көп оқитын, біз үшін оның білмейтіні жоқ сияқты көрінетін. Бәрін содан сұрайтынбыз. Біздің көзімізді ашып, санамызды оятқан - Азат ағам. Меркіде жер айдалып келген көптеген ұлттар болды. Солармен танысып, достасып, кітаптар тауып алып, оны үйге алып келетін. Сол кітапты дауыстап оқиды немесе мазмұнын айтып береді. Меркіде әлеуметтік ахуалымыз қанша қиын болса да рухымыз мықты болды. Оған шешеміз де өзінің әсерін тигізді.
Біз Алматыға келгенде анамыз Фатима Ілияс Жансүгіровтің заңды әйелі ретінде ортаға таныс, ал Ілияс ағамыз ақталмаған. Қазір қарап отырсам, әкем Мұхтар отпен ойнағандай күй кешкен екен ғой. Бұл өз алдына үлкен романның тақырыбы деп ойлаймын. Ол Біләлдің Азаты, Ілиястың Үміт, Ильфа, Болаты, менімен бес балаға бірдей әкелік мейірімін төге білді. Әкем Алматыда шағын үй сатып алып, бәріміз оның астын қазып, екі қабатты үй жасадық. Анамыз бізді еңбекке ерте араластырды. Сондықтан ерке бала болып шолжаңдауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені заманның өзі сондай еді. Анам менің 8-9-сыныпта оқып жүрген кезімде жазған күнделігінде «Мұрат мақтағанды жақсы көреді» деп жазыпты. Мақтанғандық емес, мен қай жерде жүрсем де көшбасшылыққа жақын болдым. Пионер болдық, отряд төрағасы, староста болып, балаларды ұйымдастырып жүретінмін. 8-9 сыныптарда көшеде жиналып, өзімізше «банды» болатынбыз. Басқа мектептің, ауданның балаларымен төбелесіп, қалада қайсымыз күшті екенін дәлелдемек болып шекісіп жататын кездер де болды. Нева даңғылының өз атамандары бар болатын. Бірақ біз келгенде олар ығысып, тайқып кететін. Бұл жасөспірім шақтың құбылып тұратын бір көріністері ғой...
Менің оқуым жақсы болды. Мектептегі көшбасшылық қасиетім институтта да жалғасын тапты. Бұл бәріне мәлім «Жас тұлпар» ұйымын құруымызға дейін алып келді. Мәскеуге барғанда алдымен вьетнам, корей тілін үйренуді бастағанмын. Сосын әкем «араб тілін оқуың керек» деді. Араб тілін оқу үшін мектепте ағылшын тілінен сабақ алу керек екен, ал мен неміс тілін оқығанмын. Осылайша қытай тілін меңгеруіме тура келді. Әкем тіпті осылай болғанының өзіне қуанды. «Қытайда қазақтың тарихына байланысты көптеген қолжазба бар, сондықтан сенің бұл тілді меңгергенің халқың үшін пайдалы» деп оң көзқарасын, қолдайтынын білдірді, - дейді ол өткенге шолу жасап.
«Жас тұлпарға» демеу болған Димекең
Мәскеуде оқып жүргенде Мұрат Әуезовтің «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны көпке мәлім. Ол Дінмұхамед Қонаевтың Үкіметті басқарып тұрған кезі болатын. Бұл ұсыныс жасап, Мәскеуде оқып жүрген 6 студент кездесуге сұранды. «Қайдағы студенттер екен ғой» деген жоқ, ол кісі бұлардың көңілін жықпай қабылдады және жастардың мақсатын түсініп, сезді.
- Димаш Ахметұлы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа білген кісі екенін сосын білдім. Біздің жағдайымызды жақсы түсініп, «Жас тұлпардың» аяғынан тұруына демеу көрсетті. Михайл Иванович Есенәлиев аты-жөні орысша болғанмен, нағыз қазақ болатын. Ол - өте ірі тұлға. Михайл ағамыз Мәскеуде қоғамдық ғылым академиясында оқып жүргенде біз кездесіп, түні бойы әңгімелескенбіз. Ол кезде мен жаспын. Соның өзінде менің ой-пікірлерімді мұқият тыңдап, азаматтық пайымдарымызға көңіл бөліп, өзінің бізбен ниеттес екенін білдірді. Көп жағдайларда бізді сақтап, қамқорлық танытып жүрді. Димекең одан «Қамқорлығыңдағылардың қалі қалай?» деп бізді сұрап тұрады екен. Жұмыссыз жүрген кездеріміз болды. Мен туған апайым Ләйләға ерекше алғысымды білдіремін. Біздің шешеміз бөлек, әкеміз бір. Мен Фатимадан, ол кісі Валентина Николаевнадан туған. Мұхтар Әуезов мұражайын ұйымдастырған сол кісі. Ол - ғажап жан. Сын сәттерде ара түсіп, мені қиындықтан алып шықты, - дейді ол. - Жасыратыны жоқ, біздің оқып, білім алған ортамыз өте мықты болды. Мәскеу мемлекеттік университетінде филосо-фия, тарих, экономика саласында өте ірі мамандар жұмыс жасады. Сол жылдары Лев Николаевич Гумилевтің еңбектері шыға бастады. Ол - көп жылдар бойы айдауда болған өте дарынды ғалым. Оның көне түріктің тарихы туралы шығармалары біздің ортаға үлкен әсерін тигізді.
Аспирантурада оқып жүргенде семинардың жетекшісі Георгий Гачев деген кісі болды. Орыстың мықты философтарының бірі. Досым Болатхан Тайжан екеуімізге оның еңбектерінің үлкен ықпалы болғанын айтқым келеді. Жалпы, біздің ұстаздарымыз мықты болды деп айта аламын.
Ғұмыры қысқа кітап
Өкінішке қарай, өмір болған соң қиындығы болмай тұрмайды. 1965 жылы «Жас тұлпар» ұйымы қанатын кеңге жайып үлгерді. Ұйымның атауын көпшілік білгенмен, оның мағынасына шындап мән беретіндер аз. Бұл тәуелсіздікке ашық ұмтылған жастардың жалғыз ұйымы болды. Олар өте қауіпті және құпия жағдайда жұмыс жасады. Мәскеу, Ленинград, Киев, Көкшетау, басқа да жерлерде оларды қолдаушылар табылды. 1965 жылы солардың бәрінің басын қосып, Алматыда үлкен жиын жасалды. Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісовтер оларды ашық қолдады. Нұрғиса Тілендиев ұйымның әнұранын жазып берді. Шәмші Қалдаяқов та қастарынан табылды. Жазушылар одағында өткен жиында әдебиет ақсақалының бірі дәл сол жолы «жастұлпарлықтарға» ашық қарсылық көрсетті. Мұрат Мұхтарұлы ол кісінің атын атағысы келмеді, өйткені әдеби ортаға бұл әңгіме мәлім. Ашық қарсылықтың салқыны «Жас тұлпарға» тимей қалған жоқ. Жер-жердегі оның бөлімшелерін жаба бастады, қысым жасалды. 1970 жылы Мәскеуден келгенде ол пікірлес әріптестерімен бірге көшпенділердің мәдениеті туралы зерттеу еңбек жазды, оның 3000 данасы басылды. Ол еңбекті Мәскеу Философия институтының ғалымдары жоғары бағалаған. Бірақ оны оқуға қатаң тыйым салынды, ақыры өртеп тынды. Бұл жағдай оның жанына қатты батты. Қуғын сол кезден басталды. Кітап әрқайсысының қолында бір-бір данадан ғана қалды. 10 жыл өткен соң Ғылым академиясының Философия институты кешірім сұрағандай болып, кітапты қайтадан шығарды. Бірақ «Заман өзгерді, кітапқа да өзгерістер енгізу керек» деген талап қойды. Мұрат аға «Кітапты басып шығаратын болсаңыздар бір сөзін де өзгертпеймін» деп үзілді-кесілді бас тартты. Кітаптың екінші басылымында оның мақаласы өзгеріссіз шықты.
Қазақ ұлтжанды болуы керек
- Ұлтжандылық біздің әрқайсымыздың жүрегімізден орын алуға тиіс, - дейді қоғам қайраткері әңгімесін одан әрі сабақтап. - Тағы «жастұлпарлықтарды» еске алғым келіп отыр. Мен оларға сондай сүйсініп қайран қалатынмын. Көбі ауылдан келген балалар. Мәскеуде жоғары оқу орындарында оқып жүр. Кейбіреуі қазақша түсінбейтін. Бірақ жүрегіміз қазақ деп соғып тұратын. Орманға барып, ақсүйек ойнаймыз. Қазақтың мақал-мәтелдерін айтып жарысамыз. Кім орысша сөйлесе, соған 5 тиын айып салынатын. Ғажап бір кез болатын. Қыздар қандай әдемі, жігіттердің бәрі дерлік спортпен айналысады. Ұлтжандылық деген бұл - Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры - осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман - қатал. Мен геосаяси жағдайдан хабарым бар адаммын. Қытайдың, Ресейдің қаупі бар. Жаһанданудан қорқудың қажеті жоқ. Жаһандануды бастаған көшпенділер. Өзіміз мықты болып, өзіміздің барымызға ие бола білсек, жаһандануды қайта оң жағынан пайдалануымыз керек. «Жібек жолындағы сұхбаттар» деген семинар ұйымдастырып, қазақ-қырғыз болып кездестік. Биыл өзбек, тәжік, түрікмендер келіп, келелі әңгіме жүргіздік. Мұндай басқосулар арамызды жақындастырып, араздықты болдырмайды. Сыртқы істер министрлігі, үкіметтегілер бұған онша мән бермейді. Әйтпесе қауіптің үлкені - сол. Қазақтың үлкен кеңістікті билейтін сапасы болуы керек. Ол тек қана білектің күші мен найзаның ұшымен бітетін нәрсе емес, оған ақыл, білім, саясат, дипломатия керек. Біріншіден, біздің зор мүмкіндіктеріміз бар екенін естен шығармауға тиіспіз. Оған ешқандай күмән келтіруге болмайды. Тарихымыз терең, жеріміз бай, кең. Геосаяси жағдайымыз өте жақсы. Мұның әрқайсысының қарама-қарсы жағы да бар. Мысалы, геосаяси жағдайымыздың екінші қырын алып қарасақ, халқымыз аз, жеріміз кең, соны ұстап тұрудың өзі оңай емес. Іргеміздегі Ресей осы күнге дейін империя болғысы келеді. Ішкі жағдайда қазақтың бір-біріне қамқорлығы керек. Балаларын тастап кету, туыстардың бірін-бірі мойындамауы көбейіп келеді. Қазақтар ашаршылық жылдары қиналған жанға қолындағысын бөліп беріп, оны қатарға қосып алған. Бұл - даланың Ұлы заңы. Біз бір-бірімізді сақтап қалуымыз керек.
Мұрат ағаның тұңғышы - Алуа-Зифа. Ол - қазір өзін мойындатқан халықаралық деңгейдегі шығыстанушы. Голландияда тұрады. Голланд жігіті Робертке тұрмысқа шыққан. Бір қуанарлығы - шетелдік күйеу бала да, 3 немересі де қазақшаға судай. Елге келген сайын Семейге, ата-бабаларының мекені Шыңғыстауға алып барады. Алуа-Зифаның үш баласының Абай, Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа оқып бергеніне ауыл ақсақалдары сүйсініп, баталарын беріп жатады.
Ұлы Мағжан - банкир. Өз саласының ірі маманы. «Қазкомда» қызмет жасайды. Америкада екі университет бітірген. Одан да Зәуре атты немере сүйіп отыр. Мағжан мамандығы басқа сала болса да, қазақ мәдениетіне, атасының мұрасына ерекше мән береді. Ұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жаңадан орыс тіліне аударылып шығу үшін қаншама қаражат қажет болды. Әуезов қоры жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары «Жібек жолындағы сұхбаттар» семинар-кеңесі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін, әрине, демеуші керек. Мағжан бұл жағынан үнемі қолдау білдіріп келеді. Ол гуманитарлық жағынан да құралақан емес. Ата-бабаларымыз, шыққан тегіміз жайлы зерттеу кітаптың шығуына да атсалысты. Таяу күндері 70 жасқа толатын Мұрат аға өз сөзінде «Мен балаларыма ризамын, олармен мақтанамын» деп қалды. Өмірдің мәнісінің өзі сол емес пе?!
Ойтамызық
- Мен жастарға көп мән беріп қараймын. Үнемі олардың іс-әрекеттерін бақылап отырамын. «Нұр Отанның» «Жас Отан» жастар қанаты бар, тағы басқа да ұйымдар «Жас тұлпардың» тәжірибесін пайдаланса, артық болмас еді. «Асыл - тастан, ақыл - жастан». Жастарға сырттан, билік, нұсқау болмауы керек. Олар еркін болуға тиіс. Қателессе де, сол тығырықтан өздері жол тауып шығуы керек. Олар шындықты таба біледі. Ал біреудің нұсқауымен жүрсе, онда олар жастық деген атын жояды, тек орындаушы болып қалады. Оларға бөгет жасамай, қолын қақпауға тиіспіз. Тек ақыл-кеңес беріп отыру керек. Өз өміріммен салыстырып қарағанда 70-тегі Мұрат пен 20-дағы Мұраттың ешқандай айырмашылығы жоқ, қайта 70-тегі Мұрат шаршаңқыраған, жалпы ой сапасы жағынан 20-дағы Мұраттың ешқандай кемістігі жоқ. Сондықтан біз жастардың жұмыс жасауына еркіндік беруге
тиіспіз.
Ойтамызық
- Мен биыл Швейцарияда жүрегіме күрделі ота жасаттым. Ота 8 сағатқа созылды және өте қауіпті еді. Ұзақ уақыт наркоздан айыға алмай жаттым. Сол кезде менің көз алдымда бір көріністер пайда болды. Жан-жағымда жануар деуге де келмейтін Алыптар пайда болды. Маған қарап қояды. Мен олардың қасында өте кішкентаймын және олардан қауіп жоқ екенін сезініп жатырмын. Олар сондай мейірімді. Құлағыма жағымды саз әуені естіліп тұр. Демек, өмірдің өзі мейірімнен тұрады. Ол жақсы көру үшін жаралған. Соған көзім жетті. Адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы - өмірдің негізгі заңдарының бірі.
Осындай көрініс менің көз алдымда екі рет пайда болды. Бірінші рет Мекке-Мединеге барғанда Пайғамбарымыздың жатқан жерінде осындай көріністер пайда болған...
Адамды қолдайтын күштер толып жатыр. Сондықтан сенімсіздік болмасын. «Үмітсіз - сайтан» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Қазақ еш уақытта ұтылмайтын халық. Менің кейбір достарым «Алдымен жүзге бөлінейік, сосын қайта қосылайық» деген жаңа теориямен шығып жатыр. Мен оған бірден қарсы болдым. Өйткені біз енді ұлт бола білейік. Ұлт болып ұйысуымыз, бірігуіміз керек. Ұлт - ол жаңа сапа. Біз қазір бөлінсек, алдағы уақытта тас-талқан болып
кетуіміз мүмкін.
Дайындаған
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
“Айқын”
Қазақ болу, мұсылман болу - бір ұғым.
Бізді, яғни қазақты мың тарамға бөлетін бірнеше ой бар екен... Бәрі сол ойдан шығады ой. Ойдан іс дегендей. Осы күні қазақтың сан түрі бар екен. Бірін кәпір қазақ дейді, бірін мұсылман қазақ дейді. Бірін нағыз қазақ дейді, бірін шала қазақ дейді. Бірін ұлтшыл қазақ дейді, бірін ұлтжанды қазақ дейді... Енді бірі атеист қазақ болса, енді бірі кришна қазақ екен. Бір қазақтар мырқымбай қазақ екен, енді бірі жаңа қазақ екен. Шетелде оқуда жүрген қазақтың да екі түрі бар екен: бірі "болашакер" қазақ екен, енді бірі "болашакер емес" қазақ екен... Әлбетте жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды ғой, көргендердің айтуынша Лондонда қазақтардың арасында бірнеше дүркін төбелестер болыпты. Сондағы қазақтардың бөлінгендегісі солтүстік Лондонның қазақтары мен оңтүстік Лондонның қазақтары екен... Енді бір төбелес "Болашақпен оқып жүрген қазақтар" мен "Болашақ бағдарламасынзыз оқып жүрген қазақтар" арасында болыпты... Пекин көшелерінің тарихында ең бір жойқын деген көше төбелесі болыпты. Жергілікті полицияның тергеу нәтижесінде екі жақтың баскесерін анықтағанда....екеуі де қазақ боп шығыпты... Күлетін жағдай емес, ой шығаратын жағдай. Десек те осының бәріне зерделей отырып көз салсаңыз бұның бәрі қазақтыққа қатысы жоқ жағдайлар. Кикілжің қай жерде болмайды? Төбелес қай жерде болмайды? Қазақтың қазаққа қол жұмсағанын бізде қазақтың бөлінуі деп қарайды, олай болса біріне-бірі қол жұмсамақ тұрмақ, зеңбірек оқтарын біріне-бірі атып жатқан ұлыстар мен халықтар дүниеде жетерлік. Соның ешқайсысы біріне-бірі "ата-жауымыз" деп қарамаған. Сонда деймін-ау, қазақты екіге немесе мыңға бөлудің артында не ой тұр? Cананың тайыздығы тұр!
Тақырыпқа оралайық. Осы күні қоғамда мынадай мұсылмандық ой-танымның тенденциясы өріс алып барады: Бір қазақ айтады: “Мен алдымен мұсылманмын, сосын барып қазақпын. Неге десеңіз Жаратқан Иеміз анау дүниеде "сен қазақ болдың ба, болған жоқсың ба?" - деген сұрақ қоймайды екен. Ол "мұсылман болдың ба, әлде жоқ па?" - деген сұрақ қояды екен. Осылай деп уәж айтатындардың дүниетанымы тар болғандықтан шығар, өйткені осындай ішкі толғауы кем діни ілімнің әсерінен қазақты осылай деп бөліп төмендетіп жатқандар жетеді. Сонан соң "осы қазақ мұсылман ба, әлде жоқ па?" деген тағы бір орынсыз сұрақ туындайды. Қазақ өзі енді-енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатқанда, осындай сұрақтардың қойылу мақсаты арамзалық ниеттен тумаса да, арамзалық істерге апарып жығатынын халық түсіне ме?
Егер "алдымен мұсылманмын, сонан соң ғана қазақпын" - деп өзеурейтін болсақ, неге осылай деп, ооооу, иманынан айналайын, неге Абайлар, неге Ахметтер, неге Міржақыптар айтпады? Неге Шәкерім “алдымен мұсылманмын, сонан соң барып қана қазақпын” - деп өзеуремеді??? Ішкі құрттың осылай екі жүзі албырып ойнақтауы ішкі дүниетаным мен діні білімділіктің кем екені тайға таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па!
Қазақ пен мұсылмандылықты екі дүние деп қарастыру иманы кәміл адамнан шықпайды. Себебі қазақ халқы әлқиссадан мұсылман. Мұсылман - қазақ болмауы мүмкін, бірақ өзін қазақпын деген адам қашанда мұсылман болған. Ал қазақтың мұсылмандықты қабылдамай елге қызмет еткендерін көргенім жоқ. Білетінімді айтып тұрмын, білмегенім Жаратушының иелігінде. Шоқан Уәлиханов бөлек әңгіме.
Иісі қазақ пен мұсылмандылық екеуі - бір ұғым. Бөле-жарып қарастыру үлкен қате. Қазақ болу мұсылмандылыққа жетелейді. Себебі нағыз қазақтың діни тұрғыда соңғы аялдамасы - Ислам. Қазақтың бабасы түркілердің ежелгі діні Тәңіршілдік бабаларымызға Исламнан бұрын келген. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Дейтұрғанмен түркі бабаларымыз Исламды Тәңіршілдіктің жаңа нұсқасы екенін "2+2=4" дегендей, хақ екенін еш уәжсіз қабылдаған жоқ па! Ендеше "алдымен мұсылманмын, сосын барып қана қазақпын" дейтіндей басымызға не күн туды? Немене Ислам қазақ болуды рұқсат етпейтін дін бе? Әлде алдымен қазақ болғанда, Исламнан құр қаламыз ба екен? Әлде алдымен қазақ мұсылман болуға намыстанамыз ба? Ислам - Қазақ бір ұғымды бөліп-жарып қарайтындардың бар айыбы біреу-ақ: ұлттық дүниетанымнан жұрдай болуы! Осы-ақ! Себебі өзін танымай жатып, өз ұлтының нақышын жеткілікті деңгейде түсінбей жатып, Исламды қабылдайтындар өз ұлтына шекесінен қарайды... Неткен сананың тайыздығы десеңші! Сонда деймін-ау:
“Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаһқа жазбасқа,
Екінші тілек тілеңіз,
Әзәзіл, пасық, залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
….Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақыт бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа….” - деген қазақтың біртуар ұлы Бұқар Жырау "алдымен мұсылманмын, сосын барып қазақпын" - деп өз ұлтын төмендете лепірген бе???
“Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Аллаһтан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы
Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы, Аллаһты ойыңа алсаң….” - деп өз толғауларында елді имандылық, адалдық, парасаттылыққа шақырып, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ізгілік пен надандық, адал мен харам мәселелерін көтеріп талқылаган Шал акын Тілеуке Құлекеұлы "алдымен мұсылманмын, сосын барып қана қазақпын" - деп өз ұлтын төмендете лепірген бе???
“Ханның ісі қатайды,
Азамат ерден мал тайды.
Қанды көбе киініп,
Бір Аллаһқа сиынып,
Ұрандап жауға тигенде,
Кім жеңері талай-ды,
Жолдастарым, мұңайма!” - деген нағыз қазақтың бір өрнегі, аузы дуалы Махамбет ақын "алдымен мұсылманмын, сосын барып қазақпын" - деп өз ұлтын төмендете лепірген бе???
“Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін….” - деген қазақтың мұзбалақ ақыны, айтыңдаршы, қайран Мұкағали Мақатаев "алдымен мұсылманмын, сосын барып қана қазақпын" - деп өз ұлтын төмендете лепірген бе???
ЖОҚ! Бұлардың ешқайсының санасына "өз ұлтын Исламнан бөлек тұрғыда қарастыру" деген кіріп шықпаған. Дарындылықты қайтесіз, ешбір ісі қазақ "алдымен мұсылманмын, сосын ғана барып қазақпын" - деп айтып көрмеген. Бүгінде өйтіп өзеурейтіндер Мұқағалидан 1000 шақырым, Абайдан 1 000 000 шақырымда жүргендер. Ендеше өстіп өз ұлтын төмендете отырып, мұсылманмын дейтіндер алдымен өз ұлтын танып алсын! Қазаққа Ислам сіңісіп кеткен. Исламды қазақта өлтіргісі келетіндер алдымен қазақылықты қазақта өлтірсін. Қазақ елінде қазақшылық болмай, мұсылманшылық болмайды. Түптің түбінде бұлардан да бір сұрау бар, өйткені Құранда Жаратушы Иеміз: «Әй, адам баласы! ….. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық…..» (Хұжрат сүресі 13-аят) деген. Бір ұлтты өз ішінде жоғалтып жіберу - қылмыс! Сонда өз ұлтын төмендете отырып, тіпті ұлт тарихына қылмыс жасап, Исламды қазақтықтан алып тастап қарастырып "мұсылманмын" - дейтіндер ертең Құдайдың алдына кім болып барады? Бұлардың космополиттерден айырмашылығы қандай? Пайғамбар (с.а.у.) аузынан "алдымен мұсылманмын, кейін барып арабпын" - деген сөз шықанын оқығандарың бар ма? Немесе "Палестина" деп өкситіндер, ондай "сақалын сипап, сазда отырған" халықтың өз елінде де бар екенін түсінбей ме? Немене әлде көзді шел қаптады ма? Өз ұлтына қызмет ете білмеген, Палестина тұрмақ өзгеге де қызмет ете алмайды. Өз ұлтын төмендетіп барып, мұсылман болып жүргендердің Исламға да қажеті шамалы. Ондайларды көріп жүрміз. Ондайлар білімінің аса төмендігіне (катастрофиялы төмен) қарамастан, бір-екі сүрені білетіндігіне қарап өздерін құдды сноб санайды. Бір-екі сүрені шала-жансар түсінген "тәпсірсымақтарымен" өз ұлтының ежелден келе жатқан дүниетанымына, біліміне, тарихына, тіліне, ұлттық дәстүріне сыни көзбен немесе тәкаппарлана қарайды. Содан соң осы ұлттық құндылықтардың басына заманауи қауіп төніп тұрғандығына олар мән бермек түгіл, назар аударуды бос іс деп қарастырады. Неткен сананын тайыздығы десеңші... ("Мен қараймын аспандағы ақша бұлтқа, жердегі адамдардан жиіркенгенде" Хамит Ерғалиев) Халыққа қызмет ету - алдымен өз халқына қызмет етуден басталады. Өз халқына Исламнан бөле-жарып менсінбей қарайды екен, ондай халық бізден емес. Ондай халықтың бізге қажеті шамалы. Керек десе Палестинаға барып тұрсын! Мүмкін Израильден тәуелсіздік алып берер оларға... Ондайлар бізге тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін түсінсе ғой шіркін....
Ержан Алаш
Айқап.kz
М.Әуезов зерттеулеріндегі Құнанбай мен Абайдың діндарлығы жайында
Әлемді жаратқан жалғыз жаратушы Алла тағаланы терең ойланған ақыл мен парасат иелері тани алады. Құран Каримде Алла тағала былай дейді: «Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан», — дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. /1. 50/ Сондықтан, кез-келген саналы адам қандай заманда, қандай қоғамда өмір сүрсе де ол: «Қайдан келдім? Не үшін өмір сүремін? Қайда барамын?» — деген сұрақтар төңірегінде ой толғайды.Көрнекті жазушы, ғалым М.Әуезов өз ғұмырында ұрпағына парасаттылық пен ізгіліктің ізін қалдырған еді. Сол еңбектерінің ішінде Абайдың өмірі мен өскен ортасын зерттеген еңбектерінің құндылығы ерекше. Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың ғұмырын зерттеу Ахмет Байтұрсыновтан бастау алады. М.Әуезов 1927-1933 жыл жылдар аралығында жазған «Абайдың өмірбаяны» еңбегінде Абайдың ата-тегі, өскен ортасы және өмірбаянын жан-жақты зерттейді. М.Әуезовтің Абайды әлемге танытуында әсіресе, «Абай жолы» роман-эпопеясының алатын орны ерекше. Әйтсе де, жан-жақтан аңдыған заман талапкерлеріне «қаламыма жармаспаңдаршы» деп жүріп, халқына ұсынған бұл зор туындының ашылмай қалған шындықтары бар еді. Бұл туралы белгілі ғалым З.Бисенғали былай дейді:
«Абайдың өмірбаяны мен өскен ортасын, дүниетанымы мен саяси әлеуметтік, азаматтық эстетикалық көзқарасын, шығармашылығы мен шағармаларын жете білетін М.Әуезов оның діни исламиятқа көзқарасы мен қатысын «Абай жолы» эпопеясында ашық айта алмады. Халқы айтқанын ұқпай, жақын жорасы мен дос, құрбылары күйбең өмірдің күйкі тірлігі кезінде ұсақ түйекпен жаралаған сәтте қасіретке батқан Абайдың дінге көңіл қойғанын, қайғы бұлты көңілін торлаған кезде қалтыраған жанына жұбанышты содан іздегенін ол кезде М.Әуезов жаза алмайтын еді. Бұл социолистік реализм мен совет үкіметі идеологиясының қасаң қағидаларына мүлде керағар келетін. Автордың өзіне тиер «қырсығын» былай қойғанда, шығармашылығы туралы қилы қилы сөз айтылып жүрген ұлы Абайға да кесірін тигізетін. Мұны М.Әуезов жақсы білді» /2. 22/.
Ал, М.Әуезовтың алғаш 1927-1933 жылдар аралығындағы зерттеулеріне үңілетін болсақ Абай өмірінен айтылмаған кейбір шындықтарды таба аламыз. Әсіресе дінге қатысы бар, үстем тап өкілдері деп сыналған адамдардың өмірлері М.Әуезовтің «Абайдың өмірбаяны» атты зерттеу еңбегінде жан-жақты сөз етіледі. Бұл зерттеу еңбекте М.Әуезов Абайдың арғы аталары туралы айта келіп, әкесі Құнанбайдың діндарлығы, елге сіңірген ізгі істерін баса айтады. «Абай жолыдан» біз білетін Құнанбай – қатал, қатігез, әділетсіз қоғам өкілі еді. Бірақ, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы жазылған бұл еңбегінде оның тұлғасы — жастайында ер жүрек батыр, есейе келе «бір қалыпты, суық, қоя берсіні жоқ тартымды, қатты мінезді кісі болған» /3. 51/ — деп суреттеледі. Оның ел басқарудағы діндарлығымен ерекшеленгендігін М.Әуезов былай баяндайды: «Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып,молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге пайдалы бір жаңалығы — бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты.» /3.54/
М.Әуезовтің бұл сөздерінен байқайтынымыздай, Құнанбай — әрбір ісінде шариғат үкіміне сүйенетін әділ басшы, халқын иманға шақырған насихатшы, ілім-білімді жайған ағартушы ретінде танылады. М.Әуезов «Абай жолында» Құнанбайды Қодар мен Қамқаны жазықсыз жазалаған жауыз ретінде көрсеткенімен, зерттеу еңбегінде бұл оқиға туралы: «Құнанбай — аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған. Мысалы, насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты. Одан соң Сыбан ішінде Барақ деген Төреге бір жиында насыбайды тастасайшы дегенде, ол: «Менің насыбайымды көргенше, еліңдегі келінімен жүрген Қодарды көрсейші», — депті. Сонымен, Құнанбай еліне қайтқандаТобықтының басты кісілерін жиып алып, Борсақ ішіндегі Қодарды келінімен алғызып «шариғат жолымен хүкім қыламын» деп мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтіріпті» /3.54/, - деп қана айтылады. «Абай жолы» эпопеясындағы Қодар мен Қамқаның кінәсіздігі, оларға жасалған озбырлық, қиянат туралы мүлдем сөз қозғаламайды. Бұл ел ішінде жасалған бір бүлікке шариғат жолымен жасалған жаза ретінде ғана баяндалады.
Құнанбайдың ел ішінде қылған тағы бір тағылымды ісі туралы М.Әуезов былай дейді: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки Балқаштың Камал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйреуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан.
Қуған қол Кенесарының көшіне келіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болыпжиналып бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде: Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті дейді». Бұл үзіндіден өткен ғасырда өткен Құнанбай, Кенесары аталарымыздың дінді қастерлей білген, бес уақыт намазын қаза қылмаған, сатқындыққа бармаған берік тұлғаларын көре аламыз. Мұхтар Әуезовтің келтірген бұл дерегі тарихи еңбектердің ешқайсысында баяндалмайды.
Жетпіс екі жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, қалған өмірін тек дінге арнағандығы туралы айта келіп: «Қай мінез, қай істе болса да орта қалыпты қазақтан кесек болғандығы жоғарыдағы істерден бір көрінсе, дін жолына деп өз пұлына Қарқаралыда мешіт салғызу, Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін «Тәкия» деген үй салғызу сияқты істерінде де көрінеді», /3. 59/ — деп баға береді. Әрбір зерттеушінің зерттеу нысанасы, ой қорытындылары оның ішкі дүниесімен, рухани болмысымен ұштасып жатады. М.Әуезов Құнанбай істерінің ішінде дінге істеген қызметтерін ерекше атап айтып, оны орта қазақтың ішіндегі «кесегіне» теңейді.
«Абай жолы» эпопеясында қара бастың қамын ойлайтын, құлқынның құлы болған, қатыгез адам бейнесінде суреттелген Құнанбай қажы ақиқатында өзінің шындық бейнесінде саяси идеология ықпалынан бұрын жазылған М.Әуезовтің бұл зерттеуінде былайша баяндалады: «Ақыл мен сөзге, келелі кеңеске, көп елді тоқтататын билік, байлауға келгенде, өз тұсындағы орта жүздің басты билерінің алдыңғы қатарындағы кісі болып саналған болу керек. Мұның белгісі Ақмола, Семей, Жетісу сияқты губернияларда, ел аузында қалған билер жайындағы естелікте Құнанбай атының көп аталатынынан байқалады». /3.59./
Сонымен қатар, М.Әуезов Құнанбайды ел арасында таралған даналық сөздерін жинақтап осы еңбегінде берген екен. Аталы сөз - ұрпақ қазынасы болса, сол қазынанаға парасат пен ізгіліктің ізін Құнанбай бабамыз да қалдырған екен:
«Тобықты ішіндегі Құнанбай айтты деген сөздердің ішінде, «философ» айтарлық ақиқат сөздердің мына сияқтысы бар:
1.Құл мен қожа майданда теңеледі, жас пен кәрі білімде теңеледі, бай мен кедей жомарттықта теңеледі.
2.Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы болады.
3. Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ.
4. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.
5. Жарлы кісі жамандар, жамандар да қуанар; жаман кісі жаланар, жаланар да жұбанар.
6. Арымнан жаным садақа, жанымнан малым садақа – деген сияқты. Біздің мақсат – осы қарастырылатын адамдардың барлығының өмірін бізден алыс заманда, біздің бүгінгі өміріміздің бөлек күй, бөлек шарт, бөлек тарихи дәуірде бүгінгіден бөлек болғандығын анық көрсету. Сондықтан біздің міндет бірін даттап қаралау емес, бүгінде анығын білгісі келген елге дәл пішінін көрсету» /3. 59/.
М.Әуезовтің соңғы сөздерінен Құнанбайдың «дәл пішіні» даттап, қаралаудан» таза бейнесінде осы зерттеуде айтылғандығын байқаймыз. Елімізге ел теңдігімен қатар ұлттық құндылықтарымыз, рухани байлықтарымыз оралған шақта Құнанбай тұлғасы «жағымсыз кейіпкер, қоғамның қатал бейнесі» жалаларынан ажыратылып, зерттеліп жатыр. Ал Мұхтар Омарханұлының бұл зерттеу еңбегі оның жазушылық тұлғасын сол жаладан арашалап тұрғандығына дәлел.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік шыңы – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. М.Әуезов – ұстаз, жазушы әрі ғалым . Ал осы үш түрлі қасиетінің де сарқып құяр сағасы біреу, ол — әдебиет. Әдебиет – ардың ісі. Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі — Әуезов. Ол — әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. М.Әуезов тар жол тайғақ кеше жүріп, Абай сынды дананың даралығын дәлелдеп, Құнанбайдың ұлағатты өмірін ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен екен. Ендеше, оның ұрпағы біздің алдымызда М.Әуезов сынды адамгершілік пен имандылықты қатар ұстанған кемеңгер жазушыны «заманының саяси бұғауының шырмауынан» арашалап алу міндеті тұр. Бұл біздің бабамыздың артынан бағыштаған дұғамыздай болар деп сенеміз.
Айнұр САРБАЛА
www.makala.kz
_____________
1. Құран Кәрім. Қазақша аудармасы. Халифа Алтай
2. Бисенғали З. М.Әуезов эпопеясындағы Абай қарасөздері.// М.Әуезов және әлем әдебиеті. Халықаралық ғылыми теориялық конференциялар материалдары. 2000-2001
3. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 8-том
Мәлік-Асқар Хантемірұлы. Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастарының эволюциясы хақында
Биыл Алашорда ұлттық үкіметіне 95 жыл. Осы айтулы датаға байланысты Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік.» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Айтулы шараға алаштанушы ғалымдар қатысып, өзекті мәселе көтерілген болатын. Аталған конференцияда баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік-Асқар Хантемірұлының баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.
«АЛАШ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЛИДЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ ХАҚЫНДА
1. Біздің заманауи түсінігімізде, қазақ ұлттық интелегенциясының қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде болды. Бұл процесс бірқатар әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси факторлардың кері ықпалынан әлсіз жүрді. Олардың ішінде ең елеулісі Қазақстанның экономикалық артта қалуы, яғни көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық, артта қалған егін шаруашылығы, өндіріс, көлік, сауда салаларының кем дамуы, халқы 50 мыңан асатын тұрғыны бар қалалардың жоқтығы және т.б. Дегенмен, темір жолдар салынды, тау-кен өнеркәсібі, қалаларда кішігірім тамақ және жеңіл кәсіп орындар пайда болды.
Бұл жағдай өз кезегінде Қазақстанның мәдени арта қалушылығына да әсерін тигізді. 1897 ж. санақ мәліметтеріне жүгінсек, Орта Азия мен Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі тек 6%-ды (еркектерде - 10%, әйелдерде - 3%) ал мұсылман халқында - 6,7%. Қазақтар арасында бұл көрсеткіш одан да төмен - 2,7%-ды болды, оның ішінде Орал облысында - 4,9%, Ақмола - 3,4%, Торғай - 3,2%, Семей - 2,9%, Жетісу - 1,8%, Сырдария - 1,3%-ды құрады [1].
Қазақстандағы әлеуметтік қатынастарда қазақ шаруалары, қоныс аударған шаруалар мен казактар басым болды. Қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығының артта қалған түрлерімен айналысты олар бай, орта және кедей жарлы - батрактарға жіктелген-ді. 1917 ж. Қазан революциясына дейін қалыптасып үлгермеген ұлттық буржуазия әлжуаз және жалтақ әлеуметтік күш болды, оның өкілдері негізінен отаршылдық әкімшілікте қызметтегі шенеуніктер, мұғалімдер және т.б. болды. Капиталистік қатынастардың ене бастауы нәтижесінде жұмысшы кадрлар қалыптаса бастады, олардың саны 100 мыңға жуық болды, бірақ ұлттық жұмысшы кадрлары аз болды, олар негізінен тау-кен кәсіпорындары мен темір жолда істеді.
Белгілі ғалым П.Г. Галузоның пайымдауынша, Ресейдің отары - Қазақстан капитализмнің өзінен емес, оның аймақтарда әлсіз, нашар дамымауынан зардап шекті, ол патшалық Ресейдің тауар өткізу рыногі және метрополияның өнеркәсібі дамыған орталықтарының шикізат көздеріне айналды. Осыдан ұлттық, саяси және әлеуметтік езгіге қарсы азат ету күресінің әлсіздігі туындады. Мұнын бәрі қазақ халқының саяси артта қалуына, өз құқықтары мен ұлттық - азаттық күресте, әлеуметтік-экономикалық және саяси прогресс үшін күресте еңжарлық танытуына алып келді. Ал қазақ таптары, әлеуметтік топтары мен қабаттары 1905 ж. дейін саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіподақтар және т.б.құра алмады.
2. Қазақстандағы ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы осындай жағдайда жүрді, оның әлеуметтік құрамы мен саяси көзқарастары біркелкі болмады. Бұл проблема бүгінгі «Алаш» қозғалысының 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға байланысты өзекті болып тұр, сол себептен біз осы «Алаш» қозғалысы басшыларының, ең бастысы Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастарына байланысты өз пікірлерімізді білдіргіміз келіп отыр. Өйткені, «Алаш» тарихының көптеген басты мәселелері Мәскеудегі Д.А. Аманжолова, біздің жерлестеріміз марқұм академик, т.ғ.д., профессор К.Н. Нүрпейіс, т.ғ.д., профессор Қойгелдиев және олардың шәкіртері мен ізбасарларының арқасында кең түрде баяндалып жүр [2]. «Алаш» басшыларының саяси көзқарастары бұрындары да қарастырылғанымен, менің ойымша, әлі де толық, жеке зерттеуді талап етеді. Ал біздің бүгінгі баяндамамыз - ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан ұлттық интеллигенциясының тарихын қарастыруға өз үлесімізді қосуға деген талпыныс қана болып табылады.
Осыған байланысты «Алаш» қозғалысының көрнекті зерттеушісі Мәмбет Қойгелдиев ХХ ғ. басындағы ұлттық демократиялық интеллегенцияның тарихи көзқарасының қалыптасуына ерекше назар аударғанын айтқан жөн. Мысалы: «олар өткен тарихты қызықтаудан, оны әсірелеуден алыс, керісінше оған шындық тұрғыдан дәл баға беруге тырысты», - деп жазды. Қисыны келгенде айта кетейік: біздің жас тарихшыларға осы жетпейді, көбінесе олар бір жақты, әсірелеп, не «әшкерелеп», объекті көзқарастан алыс кетіп қалады. Сондықтан М. Қойгелдиев: «Қазақ тарихын терең білген, оған байланысты өз пікірі, бағасы болған Бөкейхан ұлттық мешеуліктің түп тамырын халықты билеушілердің надандығы мен ел бірлігінің жоқтығынан көрді», - деді. Ә. Бөкейхан: «Бұрынғы хан болсын, би болсын, әділдіктен жырақ болған, дәл осы күнгі атқа мінген өздеріңдей», - деп, қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктелістің барын да, әлеуметтік әділеттіліктің жоғын да басып көрсеткен [3].
3. Қазақстан ұлттық интеллигенциясы топтары өкілдерінің саяси көзқарастары мен қызметтерін зерттегенде, тарих пен мәдениеттің жалпы адамзаттық үдерістеріне талдау жасауда, тиімді қолданылуы мүмкін өркениеттік методологиялық принциптерге ғана емес, сондай-ақ, әлем сияқты көне, бірақ әркезде жаңа, таптық, партиялық принципке де сүйену қажет, деп ойлаймыз. Өйткені белгілі бір саяси партияның немесе қоғамдық, ұлттық және басқа да қозғалыстардың, белгілі бір саяси, мемлекеттік, болмаса қоғамдық қайраткердің кімдердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және ұлттық мүдделерін білдіріп, қорғағанын анықтау өте маңызды. Бірақ, бұл жерде объективтілікті сақтап, тұлға ретінде оларды бір-біріне қарсы қоймай, керісінше олардың ортақ тарихи даму жолындағы еңбегін, ал біздің проблемамызға талдау жасауда, әрқайсысының қазақ халқының әлеуметтік, саяси және мәдени-экономикалық прогресіне қосқан үлестерін ашу қажет.
4. Жоғарыда атап өткендей, ХХ ғасырдың басында Қазақстанның ұлттық интеллигенциясы біртекті болмады, біздің пікірімізше, ол өзінің саяси бағыттары мен әлеуметтік негіздері бойынша үш топқа бөлінді: демократиялық - Алаш қозғалысының белгілі зерттеушісі - т.ғ.д., профессор Д.А. Аманжолова бұл топты либералдық-демократиялық деп анықтайды [4]. Бұл пікірге де қосылуға болады - оның өкілдері Санкт-Петербург, Мәскеу және Ресейдің басқа да орталықтарында жоғары білім алған, көпшілігінде отаршылық әкімшілікте қызмет еткен және дәрігер, мұғалім, адвокат және т.б. ретінде жұмыс істеген, сұлтан, би, бай және ауқатты қазақ шаруалары отбасыларынан шыққандар болды. Ресей демократиялық идеалдары және Батыс еуропалық прогрессивті ойларының ықпалымен тәрбиеленген, басқа топтарға қарағанда, саны жағынан көп және жақсы ұйымдасқан бұл топ «Алаш» партиясының негізін құрады. Бұл топты Ә. Бөкейхан «Батысшылдар» деп атайды.
Ұлттық интеллигенцияның демократиялық тобының танылған көсемі сөзсіз ірі ғалым (экономист, орман маманы), қазақ өмірі, тұрмысының, мәдениеті мен тарихының білгірі, төре-Шыңғыс нәсілінен тарайтын Бөкей ханның ұрпағы болып табылады, ол Санкт-Петербургте білім алған - сол жерде Императорлық Орман институтын 1894 ж. бітірген [5]. Одан бөлек ұлттық-демократиялық зиялылар қауымы ақын, жазушы А. Байтұрсынов, жол қатынастары инженері М. Тынышпаев, заңгерлер - М. Шоқай мен Ж. Ақпаев, ақын М. Дулатов, дәрігер Х. Досмұхамедов және басқаларынан тұрды.
Ұлттық интеллигенцияның екінші тобы Түркияны бағыт еткен мұсылмандық қозғалыс өкілдерінен тұрды, осы үшін оларды Ә. Бөкейханов түркіфилдер деп атады [6]. Бұл топқа тек молдалар, имам, қожалар ғана емес, демократиялық бостандық үшін, бірінші кезекте ар бостандығы және патшалық Ресейдің отарлық езгісіне, оның қазақтарды орыстандыру мен күштеп шоқындыру саясатына қарсы күрескен ұлттық интеллигенция өкілдері де кірді. 1897 ж. халық санағы мәліметі бойынша, христиандықты (православие) қабылдаған қазақтардың саны барлығы 660, ал 1911 ж. - 2659 адамды құраған [7].
Аталған екі топ та Ресей империясының отарлық саясатына қарсы күресте, демократиялық бостандық, қазақтарды ұлттық езгіден азат ету үшін күресте тығыз байланыста болды. Бұл топтар 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң ерекше белсенділік танытты.
ХХ ғ. басында ұлттық интеллигенция арасында осы екі топтың (үшіншісі туралы төменде айтамыз) болғандығы Алаш лидері Әлихан Бөкейханның да, сонымен қатар белгілі тарихшылар мен сол жылдардағы саяси оқиғалардың белсенді қатысушыларының, большевиктер С. Асфендияров пен Т. Рысқұловтың сөздерімен де расталады.
Осы кезеңде (ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. басы) қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, соның ішінде қазақ ұлттық интеллигенциясының қызметі өзінше үлкен саяси бағытқа айнала бастады. Мұның үстіне, Ә. Бөкейханның пікірінше, қазақ зиялы қауымының ортасында саяси көзқарастар біртекті болмаған. Бір жағынан, бұл «еуропалық мәдениетке сенетін, бақытқа жетуді Батыс мәдениетінің жемістерін жүзеге асырудан көретін және діни мәселелерді басты емес дей санайтын интеллигенция болып табылды... Екінші жағынан, шығыстық ортодоксия мен ұлттық-діни ерекшелік рухында айқындықта тәрбиеленген интеллигенция да жарыққа шықты». Орыс зиялы қауымымен салыстыра отырып, Ә. Бөкейхан бірінші бағытты «Батыстықтар» деп, екіншісін «Түркіфилдер мен панисламизмді жақтаушылар» деп атады. Қазақ қоғамындағы түркіфилдік көңіл-күйлердің басым ықпалын ол қазақтардың патша өкіметі отарлық саясатына теріс қарауының салдары, соның нәтижесінде Батыс білімі мен мәдениетіне деген күдігі мен бұқарасының саяси мәселелерге деген енжарлығынан, - деп түсінді.
Әлихан Бөкейханның пікірінше, жақын уақытта қазақ интеллигенциясында екі негізгі саяси бағытты ұстанған саяси партиялар пайда болады. Оның бірі, мұсылман-татар партиясы, екіншісі - оппозициялық орыс партиялары, оның ішінде халық бостандығы (кадеттер) партиясы [8].
Қазақ интелленгенциясының ұлт-азаттық қозғалыстардағы рөлін, оның қалыптасуы мен Қазан революциясына дейінгі және онан кейінгі іс-әрекетін анықтаудың бүгінгі таңда өзектілігі артып отырғаны сөзсіз. Қазақстан тарих ғылымында көпке дейін мына төмендегі пікір үстем болды: Қазан революциясына дейін ұлттық интелегенцияның саны жағынан аз болды, ол «орыс патшалығы мен жергілікті жартылай-феодалдардың қазақ еңбекшілерін езуіне көмектесті... басым көпшілігінде халықтың қалың бұқарасына жат және жау еді», ұлттық интеллегенцияның қалыптасуының басталуы мен даму процесі ХХ ғ. басындағы революциялық оқиғалар кезінде болған-ды [9].
Алайда, бұл көзқарас жалғыз емес еді, әсіресе Қазақстан тарих ғылымының алғашқы қалыптасу кезеңдерінде әртүрлі көзқарастар пайда бола бастады. Мәселен, әйгілі мемлекет қайраткері және ғалым Т. Рысқұлов: ұлттық интеллигенцияның өкілдері «Қазақстанды патша өкіметі басқарған кезде пайда болып, орыс және мұсылман мәдениеттері оң ықпалымен қалыптасты», - деп баса айтты. Ол Ш. Уәлиханов пен Ы. Алтынсаринді ерекше атап көрсетті. Көрнекті қазақ тарихшы-ғалымы С. Асфендияровтың еңбектерінде ұлттық интеллигенцияның қалыптасуының басталуы ХІХ ғ. деп көрсеттіледі [10]. С. Асфендияров өзінің еңбегінде саяси көзқарасы бойынша қазақ интеллигенциясы бір лагерге жатпады. Оның бір бөлігі, негізінен мұғалімдер, көпшілікпен байланысты болған жәдидтік және пантүрік қозғалысына қосылды. Келесі бөлігі, зиялылардың беткі қаймағы, орыс мектебін бітіргендер, орыс буржуазиясы мен орыс буржуазиясының интеллигенциясына бет бұрды [11].
С. Асфендияров Қазақ интелегенциясының ХІХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында прогрессивті рөлін мойындаған еді. Дегенмен, бұл интелегенцияның бойына тән ерекшелігі ретінде, оның саяси әлсіздігін, қалың бұқарадан алыстығын, байланысы жоқтығын атап көрсетті, бұл интеллегенцияның ұстанымын ұлттық-реформашыл, - деп бағалады.
Үшінші, әлсіз, әрі аз ұлттық зиялылар тобын, көбінесе қазақ кедей шаруаларынан шыққандар құрады және олар социалистік бағыттағы көзқараста болды. Бұл топтың өкілдеріне: Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Көлбай Төгісов, Сәкен Сейфуллин және тағы басқалар жатты, 1917 ж. ақпаннан кейін өздерінің ұйымдарын, баспа органдарын және т.б. құра бастады. Бұл топ 1917 ж. Қазаннан кейін Орталықтан, Кеңес үкіметінің, оның әскерлерінің қолдауымен «Алаш» қозғалысына қарсы күресті күшейтті, сонымен қатар, бұл топты Ташкент, Орынбор, Омбы және Қазақстанға жақын орналасқан басқа ірі қалаларда орнаған жергілікті кеңестері мен әскери күштері де батыл қолдады [12].
5. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы демократиялық зиялыларының көсемі, «Алаш» партиясы шиеленіскен саяси жағдайда жетекшісі - Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастары осындай орта мен шиеленіскен жағдайда қалыптасып, өзгеріп, дамып отырды. Біз Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары ішінен анағұрлым ірі мәселелерге қысқаша талдау жасаумен шектелеміз, атап айтқанда: қазақ халқының өзін-өзі билеуі, яғни саяси билік туралы (қазақ халқын басқару); аграрлық мәселе туралы; шіркеудің мемлекеттен бөлінуі және т.б. Біз бұл жерде Ә. Бөкейханның массондық қозғалысқа мүше болуы туралы мәселені әдейі аттап өтеміз, бірақ осы мәселемен арнайы айналысқан ғалымдардың оның бұл қозғалысқа қатысқаны жөнінде біраз дәйекті мәліметтері бар екенін де жоққа шығармаймыз [13].
6. Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары қазақ халқының ұлттық мүдделеріне, Ресей мен оның отары - Қазақстандағы саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, ресейлік саяси өлшемдермен қарағанда, біршама эволюцияға ұшырағанын айрықша атап өту қажет, оның өз сеніміне берік марксшіл - социал-демократтан (1905 ж. дейін) конституциялық-демократиялық партия арқылы (1905 ж. бастап 1917 ж. дейін) социал-революциялық (эсерлік) ұстанымдарға дейін жүріп өтуін айқын көреміз. Осы орайда В.И. Лениннің «24 сағат ішінде кез келген арнайы мәселе бойынша үгіт тәсілін өзгертуге болады..., ал 24 сағатта ғана емес, 24 айда болса да өз көзқарастарын... тек ешқандай да тірегі жоқ адамдар ғана өзгерте алады», - деген сөздерін еске түсіру орынды [14]. Санкт-Петербургте оқыған жылдары (1894-1898) жас Ә. Бөкейхан студенттік қозғалысқа белсенді қатысып, «Казахи о русских до 1917 года» кітапта жазылғандай, «радикалды революционер және социалист», - болып табылды [15]. Кадеттік «Наша жизнь» газеті 1906 ж. Ә. Бөкейханның Мемлекеттік Дума мүшелігіне өтуінен соң, ол туралы: «Орман институтының студенті кезінде ол әрқашанда әсіре солшылдарға қосылатын» және «марксизм туралы таластардың қызған шақтарында экономикалық материализм тезистерін өте табанды түрде қорғайтын», - деп жазды [16]. Астаналық орталарда ол марксизм теориясының тамаша білгірі ретінде танылды. Бұл жөнінде Ә. Бөкейханның Омбы қаласында халықшылдардың, эсерлердің және марксистердің қатысуымен шыққан «Степной край» газетінің редакциясында жұмыс істеуі де куәлік етеді. Ә. Бөкейхан газетте «марксистік бағытты ұстанды және сөзсіз оның жарқын, тіпті бірден-бір, жарқын дем берушісі болды», - деп жазды С.П. Швецов [17].
1905-1907 жж. революция қарсаңында Ә. Бөкейхан бұрынғы көзқарастарын қайта сараптап, жаңа бағытқа көшті. Табанды марксист, Ресейдің байтақ далаларында социализм құру ойына шын берілгенімен, бұл саяси бағыттың қазақтар үшін утопия-қиял екеніне көзі жетті. Өз халқының өткен тарихын, мәдениетін, тұрмысын, саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылысын зерделей келіп, ол «социализмді жеке бір алынған елде құру» жалпы мүмкін, бірақ тек қазақ даласында емес», - деген шешімге келеді. «Киргизы» еңбегінде ол: «қазақтардың шаруашылық өмірі қазіргі тұрақ орнын үнемі ауыстырып, өз малдарымен тебіндік пен суат іздеу үшін өзгертіп отыратын жартылай жабайы көшпелінің жұпыны экономикасының қарапайым түріне сыймайды. Бұрынғы таза бақташылық шаруашылық бірте-бірте аралас егіншілік-бақташылық түріне орын беруде», - деп жазды. Ә. Бөкейхан қазақ халқы біртіндеп аралас малшылық-егіншілік шаруашылық түріне өтетінін болжады. Бұл жағдайда, отырықшылыққа өту, оның пікірінше, «егіншіліктің дамуы үшін қолайлы табиғи-тарихи жағдайлары мен экономикалық конъюнктурасы» бар жерлерде анағұрлым тез орын алады, және, сәйкесінше, «топырағы нашар, жауын-шашын тапшы және рынок орталықтарынан алыс, егіншіліктің едәуір дәрежеде дамуы мүмкін емес» жерлерде, отырықшылыққа өту орын ала алмайды, - деп санады. Осы және басқа да маңызды факторларды (дәстүрлі өмір салты, мәдениет деңгейі және т.б.) ескере отырып, ол қазақтар капитализмнің осы кезеңін интенсивсіз, сырттан күштеп араласусыз, табиғи, эволюция жолымен өтуі керек, олай болмаса, бұл қазақтар үшін қасіретті болуы мүмкін, - деген шешімге келеді. Ағылшын ғалымдарының пікірінше, осы себепті ол «қызу және сөзсіз ұлтшыл» болып қала отырып, «оңшыл опортунистерге келді және тіпті орыс конституциялық демократтарға қосылды» [18]. Ә. Бөкейханның оңшыл опортунистерге өтуі туралы қосымша мәліметтер жоқ. Оның орыс кадеттеріне өтуіне байланысты айтсақ, ол өздері пайда болған алғашқы күндерден бастап, Ресейдің ықпалды саяси ұйымына айналған орыс конституциялық демократтарына тек қосылып қана қойған жоқ, оның аз санды қоғамдық қайраткерлерінің бірі болды, ресейлік түкпірде осы партияның негізін жасап, оның Орталық комитетінің мүшелігіне дейін көтеріле алды.
Ресейдің кадет партиясы жетекшілерінің бірі бола отырып, өзінің саяси қызметінде, әлеуметтік әділеттік, еңбекші халықтың мүдделерін қорғау идеалдарына адалдығын сақтады, отарлық езгінің жойылуы, демократиялық бостандық салтанаты үшін күресті. Оның марксизмге, социал-демократияға деген іш тартуы әлі де сақталды, бұл жөнінде Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетінде жариялаған (1913, № 26) герман социал-демократиялық партиясының жетекшісі Август Бебельге арнаған некрологы айқын көрсетеді. Онда ол А. Бебельдің жұмысшы табының мүдделерін қорғаудағы қызметіне ерекше сүйсінеді, оның Германияның социал-демократтық партиясының көсемі ретінде істеген еңбегін күмәнсіз жоғары бағалап келіп, өз сөзін былай аяқтайды: «Егер дүниеге келсең, Бебель сияқты бол, Бебель сияқты өмір сүр!». Бұның бәрі Ә. Бөкейханның оның ой-өрісінің және саяси ұстанымының кеңдігін көрсетеді, сондықтан оған, тіпті констициялық деократ болса да, қатаң шектеу қоюға болмайды. Ол үшін ең маңызды мақсат - демократиялық бостандық қана емес, ең бастысы -қазақ халқын отарлау саясатынан азат ету болды. Бұл оның ізгілікті ұстанымы, ол мұндай қасиетті Омск техникалық училищесінде оқып жүргенде (1886-1890 жж.) бойына сіңірді, болыстық биліктің жалқаулығы мен сараңдығын және халықтың мүддесіне немқұрайлылығын, молданың - білімсіздігін өмір бойы қатаң сынап өтті, бұл оның - саяси қызметін өзгелерден ерекшеледі [19]. Міне сондықтан, Ә. Бөкейхан кадет партиясында шамамен 12 жыл болғанымен, көптеген мәселелерде оның көзқарастары бұл партияның ұстанымымен сәйкес келмей, тіпті қайшы болды. Кадеттер жерге жеке меншік болуын қолдады, езілген халықтарға автономия берілуіне, діннің мемлекеттен бөлек болуына қарсы болды. Міне сондықтан Ә. Бөкейхан 1917 ж. шілдеде кадет партиясынан шықты, ұлттық-демократиялық - «Алаш» партиясын құруға кірісті. Партия бағдарламасының негізіне 1917 ж. 21-28 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезд қарарлары алынды [20]. «Қазақ» газеті «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды, оған Ә. Бөкейхан бастаған жеті партия басшылары қол қойды [21]. Партия бағдарламасының жобасын кадеттерден ерекше болып, көп ұстанымы эсерлерге, біраз жері социал-демократтарға, оның ішінде меньшевиктерге жақын болды. Түптеп келгенде, «Алаштың» бағдарламалық бағыттары жалпыдемократиялық шеңберден әлдеқайда әрі шығып, қазақ халқының қалың бұқарасы мүдделеріне сай, ұлтты өзін-өзі билеуі, әлеуметтік және саяси прогрес мақсаттарын көздеген-ді.
7. Ә. Бөкейхан бүкіл ұлт-азаттық қозғалыстың басты міндеттерінің бірі - Ресей Федеративтик демократиялық Республикасының құрамындағы Ұлттық-территориялық автономия құрып, қазақтардың өзін-өзі басқару құқығын қамтамасыз ету, - деп санады. Ол бұл автономияны құруда жергілікті жерлердегі үлкен қиыншылықтарды бастан кешірді. Атап айтқанда, Қазан революциясы, кеңес үкіметінің орнауы, көп ұзамай азаматтық соғысының басталуы, сонымен қатар қазақ халқының кең және бір-бірінен алшақ жатқан территорияда шашыраңқы орналасуы кедергі келтірді. Отырықшы жерлерде казактар және қоныс аударған шаруалар, олардың поселкелері, село-деревнялары, станицалары және қалалары болды. Бұл жағдай көптеген территориялық-әкімшілік бөлініске алып келді. Қазақстан территориясы үш генерал губернатырлыққа бөлінген-ді (Дала, Түркістан және Орынбор), ал Бөкей Ордасы (немесе Ішкі орда) Астрахань губернаторлығына, ал Маңғысшы уезі - Каспий бойы облысына бағынды. Ұлттық - территориялық автономияны құру қажеттілігін дәлелдей келіп, Ә. Бөкейхан мұндай жер жағдайына қарап, жеке-жеке автономиялар құрылуы мүмкін, - деп ойлады. 1) Ішкі Ордада; 2) Түркістан өлкесіндегі қазақтар үшін; 3) Далалық өлкедегі қазақтар үшін. Түркістан өлкесіндегі қазақтардың Далалық өлкедегі қазақтармен бірігуі қиынға түсетіндігін өзінше, алдын-ала болжап білген жөн, - деп санады, себебі: түркістандықтар діншіл, мәдениеті артта қалған және кадрлары аз, тіпті жоқтың қасы, Түркістан өлкесінің Далалық облыстармен салыстырғанда, ұлттық мамандардың жетіспеуі автономияны басқаруда көптеген қиындықтар туғызатындығын атап көрсетті. «Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?» - деп еді ол [22].
Ә. Бөкейханның Алаш-Орда үкіметінің басшысы ретінде мәжбүрсізден, Сібір автономияшыларынан, Самарадағы Комуч, Уфадағы Директория, «біріңғай және бөлінбейтін Ресей үшін» күрескен Колчактан да демеу іздеді, оның негізгі себебі: әсіресе саяси және әлеуметтік жағынан жіктеліп кеткен қазақтардың басы бірікпей, бытыраңқы болуы; соның нәтижесінде ұлт-азаттық қозғалыстың әлсіздігі; Кеңес үкіметінің күшті әскерінің қарама-қарсы тұруы болды [23]. Қазақтардың ұлттық-территориялық автономиясы құрылуына большевиктер қарсы болған жоқ, бірақ олар ұлттық автономия тек Кеңес өкіметі негізінде болуы керек, - деп санады. «Алаш» қозғалысына қатысушы Ә. Бөкейхан өзі: «Кеңес үкіметін мойындаймын, бірақ сүймеймін», - деді.
Маркс ілімін жақсы игерген Ә. Бөкейхан қазақ қоғамындағы әлеуметік жіктелуді, соның нәтижесінде жүретін таптар тартысын түсіне де, көре де білген. Мысалы, ол «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы арасында отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты жүрген пікір таласқа қарай былай деген: «Баймын, мықтымын деп атқа мінген жақсылар шөп шабатын жерге, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге зорлық қылады, кемшілікте жүрген бейшара сорлы жұрт бұл жақсылардың тепкісінде қор болғанша, орыс беретін он бес десятина болса да алайық деп, мұжық болатындай сұрап отыр», - деп жазған еді. Міне сондықтан ол: «Байлықты... жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзаларды» «қысты күні үңгірде жатып аз аяғын сорған аюға» теңегені де рас. Дегенмен Ә. Бөкейхан Ақпан төңкерісінен кейін болшевиктерше таптық күресті күн тәртібіне қойған жоқ, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы алдына бүкіл ұлтты біріктіретін жалпы демогратиялық мақсаттарға сай нақтылы міндеттерді алға тартты [24]. Бірақ ол қазақ қоғамының, оның ұлт-азаттық қозғалысының әлсіздігін көргендіктен, оның себептерін де алдын ала болжап, біліп отырды, бұл жағдайдың бастысы деп, ол: «Жұрттың берекесі кетуге түптен себеп болған нәрсе - қазақта бірліктің жоқтығы», - деп басып корсетті [25].
8. Ә. Бөкейханның саяси көзқарасы да аграр мәселесіне шын мәнінде ерекше көңіл бөлінді, ол жерге жеке меншікті жойып, қауымдық пайдалануға беруді, мемлекет меншігі деп жариялауды ұсынды. Қазақстандағы Ресейдің ішкі аймақтарынан шаруалардың көші-қоны өрістегеніне, әсіресе Оңтүстік Орал мен Қиыр Шығысты байланыстырған Ұлы Сібір магистралі салынған соң, бұл қоныс аудару күшейе түсуіне байланысты, Ә. Бөкейхан былай деп жазды: «Жерді ата-бабасының қанымен келген өз жеке меншігі санайтын қазақтар, орыс билігіне өткенде, мемлекет олардың жеке меншігіндегі жерлерді тартып алдады, - деп ойламаған да еді. Бірақ орыс үкіметі ешбір себепсіз, күштінің құқығына сай, барлық қазақ жерлерін патша мемлекетінің меншігі деп жариялай салған заңдар қабылдады. Осының нәтижесінде Қазақ даласына қоныс аудару күшейді, Құнарлы жер телімдері сол келгендерге берілді, ал жарамсыз жерлер қазақтарға қалды. Бюрократиялық жолмен енгізілген Дала ережесі халықтың шынайы мүдделерін ескерген де жоқ, билік өзінің заңды құрметтемейтінін көрсетті, заңның орнына өзім білетіндікті, жеке тұлғаның құқығын менсінбеуді, әкімгершілік зорлықты пайдаланды... Қазақтардың рухани және экономикалық мүдделерін кемсітіп қарады, бұқараның надандығын әдейі, жасанды түрде қолдап, сақтай түсті - осының бәрі халықты кедейленуге..., оның мәдениетін тоқырауға ұшыратты», - деп жазды [26].
Ә. Бөкейхан мынаған ерекше ден қойды, қазаққа жерді жеке меншікке бөліп берсе, башқұр шаруалары секілді орыс мұжықтарына жерді сатып, жерсіз қалып, кедей-жарлы-батрак болады. Ә. Бөкейхан қазақтың жеріне қоныс аударушыларды орналастыруды тоқтату керектігін және сондай-ақ қазақтардың әлі келмеген қоныс аударушылардың жеріне орналасуын ұсынды [27]. Сондай-ақ, Ә. Бөкейхан аграрлық мәселеде кадеттерден алыс тұрды және де эсерлермен бірге, ерекше социал-демократтарға жақын болды.
9. Ә. Бөкейханның саяси көзқарасы жалпы демократиялық бостандықтың қамтамасыз етілуді, әсіресе жиналыс, митингілер өткізуді, қоғамдастықтар ұйымдастыру, сөз, баспасөз бостандығы, жариялылық, жеке тұлғалар дербестігіне қол сұғушылықтың болмауы, олардың құқықтарының тапталмауы, жергілікті өзін-өзі басқарушылықты (земство) енгізу, сот реформаларын жүргізу, шіркеудің мемлекеттен бөлек болуы, әйел теңдігі және т.б. сынды ұстанымдарды қамтыды. Ә. Бөкейхан білім және ғылымды дамытуға, жұмысшылар мәселесіне ерекше назар аударды. Ол, «Алаш» партиясы жұмысшылар мәселесі бойынша социал-демократ-меншевиктердің ұстанымдарын құптайды, - деді және әділ заңдардың негізінде жұмысшылар мүддесін қорғайтындығын ерекше атап көрсетті. Ә. Бөкейхан тегін білім беру, ана тілінде оқыту, қазақ тілінде мектептер және университеттер ашу, оқу орындарының өзін-өзі билеп, автономиялы болуын қолдады және биліктің араласуына қарсы болды, ал оқытушы-профессорларды сайлау және т.б. ұсыныстар жасады.
Сонымен, Ә. Бөкейханның саяси көзқарастардың жасалған қысқаша талдау көрсетіп отырғандай, Алаш партиясының жетекшісі, «Алаш-Орда» үкіметінің басшысы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Ә. Бөкейхан кең дүниетанымдық көзқарасқа ие болғанын көреміз, оның саяси көзқарастары социал-демократтардың да, әсерлердің де, тіпті кадеттердің де шектеулі ұстанымдарынан партиялық көзқарастарының тар шеңберінен асып түсіп, өзіне тән ерекшеліктеріне ие екенін көреміз. Оның саяси көзқарасы мен бағдарламасы қазақ халқының ұлттық мүдделерін терең көрсетті, шын мәнінде халықтың қалың топтарының көсемі, шынайы демократ бола білді. Туған халқының Ұлы перзенті, оның арман еткен кокейкесті мәселелері үшін жан аямай күрескен көшбасшы еді.
«Abai.kz»
1. Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М. Население Казахстана в конце ХІХ - начале ХХ вв. (1897-1917 гг.). Алматы, 2001, 26 б.
2. Аманжолова Д.А. Движение Алаш в 1917 году. М., 1992; Бұл да сонікі. Партия Алаш: история и историография. Семипалатинск, 1993; Бұл да сонікі. Казахский автономизм и Россия. М., 1994; және т.б. Нурпеис К. Алаш һәм Алаш Орда. Алматы, 1994; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1994. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994. (автор және құрастырушы) және т.б.
3. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. 2004, 151 б.
4. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. 4 б.
5. Асылбеков М.Х., Сейтов Э.Т. Алихан Букейхан - общественно-политический деятель и ученый. Алматы, 2003, 33 б.
6. Казахи о русских до 1917 года. Общество исследования Средней Азии. Оксфорд, 1985, 53-54 бб.
7. Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М. Көрсетілген еңбек. 23 б.
8. Казахи о русских до 1917 года... 58 б.
9. Карагусов Ж. Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем. Алма-Ата, 1960, 7 б.; Тастанов Ш.Ю. Казахская советская интеллигенция (проблемы становления и развития). Алма-Ата, 1982.
10. Рыскулов Т. Избранные труды. Алма-Ата, 1984, 189 б.
11. Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). 2-ое изд. Алматы, 1993, 240 б.
12. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.3, 618-620, 665-667 және т.б. бб.
13. Аккулулы. Алихан Букейхан и русское масонство. Казахстанская правда. 1993, 28 октября; Простор, 1994, №3, 130-142 бб.
14. Ленин В.И. Полное собрание сочинений, т.5, 6 б.
15. Казахи о русских до 1917 года... 15 б.
16. Наша жизнь, 1906, 24 июнь, № 477.
17 Северная Азия. М.1930, №1, 112 б.
18. Беннигсон А.Ш., Лемарсье - Келькежей. Пресса и национальное движение среди мусульман России до 1920 года. Париж. Сабонна. 1964.
19. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 285-286 бб.
20. Асылбеков М.Х., Сеитов Э.Т. Көрсетілген еңбек, 28 б.
21. Алаш Орда. Сборник документов. Составитель Н. Мартыненко. Алма-Ата, 1992, 46-53 бб.
22. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 259-262 бб.
23. Бұл да сонда, 263-264 бб.
24. Асылбеков М.Х., Сеитов Э.Т. Көрсетілген еңбек, 100 б.
24. 1. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Алматы, «Жалын баспасы», 2004, 150-151 бб.
25. Бұл да сонда
26. Казахи о русских до 1917 года... 55-56 бб.
27. Алаш Орда. Сборник документов. 46-53 бб.; Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 259-262 бб.
Еще статьи...
Страница 1 из 2
- В начало
- Назад
- 1
- 2
- Вперёд
- В конец

